Дүйсенбі, 22 Ақпан 2021 22:34

Түркістан қаласына «SOS» батырмалары орнатылуда

Түркістан қаласында «Қауіпсіз қала» жобасы аясында туристік орындар мен саябақтарға «SOS» батырмасы орнатылуда.

Бұл туралы Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Жоба мақсаты — қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Яғни, «SOS» батырмасында кез-келген азамат Полиция департаментінің Жедел басқару орталығымен (ЦОУ, ДВД) аудио байланысқа шыға алады. Нақты айтсақ, батырма орнатылған аумақта төбелес, ұрлық іс және басқа да жайттар орын алса, «SOS» батырмасы арқылы байланыс жасап, арыз не өтінім тастай алады. Ал, полиция қызметкерлері қоңырау шалып тұрған азаматпен аудио-видео арқылы байланысып, қызмет көрсетеді. 

Қазіргі уақытта аталған батырманың екі данасы Қ.А.Ясауи кесенесі аумағына қойылған. Алда Байбұрт көшесіндегі субұрқақта, Түркістан қаласы әкімдігі ғимаратының алдында, Әкімшілік-іскерлік орталығында, «Гүлдер», «Жібек жолы», «Парасат», «Жеңіс» саябақтарында, Кіші арбатта 9 данасы орнатылатын болады. Батырмалар жоспарланған жерлерге көктемге дейін орнатылып, қала аумағындағы саны көбейеді деп күтілуде.

 

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 362 рет