Дүйсенбі, 23 Тамыз 2021 17:19

Биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша Түркістан облысына 6039 квота бөлінген

2021 жылдың 7 айында Түркістан облысынан Солтүстік өңірлерге 302 отбасы қоныс аударды.

Яғни, отбасылар құрамында 1341 тұрғын Теріскейге көшіп, жаңа өмір бастады. Ал жалпы биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша Түркістан облысына 6039 квота бөлінген. Жыл соңына дейін бұл квоталар өз иелерін тауып, қоныс аударушылар саны артады деген сенім бар.

Түркістандықтардың басым бөлігі Павлодар облысын таңдаған. Бұл өңірге 205 отбасы (972 адам) немесе көшушілердің 67,9 пайызы қазық қаққан. Солтүстік Қазақстан облысына 69 отбасы (272 адам), Қостанай облысына 16 отбасы (74 адам), ал, Шығыс Қазақстан облысына 12 отбасы (23 адам) көшкен. Жалпы республикада көлемінде қоныс аударушылар саны бойынша Түркістан облысының үлесі 30 пайызды құрап отыр. Солтүстікке қоныс аудару бойынша Сайрам (150 адам), Сарыағаш (142 адам), Жетісай (118 адам), Мақтаарал (115 адам), Шардара (104 адам) мен Арыс (108 адам) қаласы көш бастап тұр.

Бүгінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша көші-қонды жандандыру бағытында жұмыс жандана түскен. Бұл стратегиялық маңызы бар жұмыс Түркістан облысы әкімдігінің, «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы мен Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыс жоспарына енгізілген. Әрбір аудан мен қалада көші-қонға жауапты маман бекітіліп, жұмыспен қамту орталықтарында азаматтарға тиісті ақпарат пен көмек беріліп жатыр. Көшуге ниет білдірген азаматтар жұмыспен қамту орталықтарынан мәлімет ала алады.

Қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлікті дамытуына жәрдемдесу, қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жіберу көзделген. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қоныс аударған әрбір қатысушыға және олардың отбасы мүшелеріне 70 АЕК мөлшерінде (204190 теңге) материалдық көмек беріледі.

Сондай-ақ қоныс аударушыға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша материалдық көмек қаралған. Мысалы қалалық жерлерге қоныс аударған бір адамға 20 АЕК (58340 теңге) мөлшерінде қаржы беріледі. Егер отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса, 25 АЕК (72925 теңге) мөлшерінде төленеді. Ал ауылдық аумақтарға қоныс аударған бір адам үшін 15 АЕК (43755 теңге) мөлшерінде төленеді. Егер отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК (52506 теңге) мөлшерінде қаржылай көмек көрсетіледі.

«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасының маңызы өте зор.

«Біз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен және белсенді азаматтармен, депутаттармен бірлесіп, көші-қон бағдарламасының насихатын күшейттік. Ұйымдастыру, ақпараттық іс-шараларын жүйеледік. Бұл бағытта жұмыс жалғаса береді. Еңбек күші аз өңірлерге қоныс аудару арқылы отбасылар жаңа мүмкіндіктерге ие болады әрі тәуелсіздікті нығайтуға үлес қосады», – дейді Б.Тәжібаев.

Жалпы «Еңбек» бағдарламасы қолға алынған 2016-2021 жылдар аралығында Түркістан облысынан Солтүстік өңірлерге 2024 отбасы құрамында 7381 адам қоныс аударды. Оларға тиісті жәрдемақылары беріліп, жұмыспен, баспанамен қамту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 333 рет