Бейсенбі, 20 Қазан 2022 22:45

ТҮРКІСТАН: "ІЗЕТ ІНІДЕН- ӘДІЛДІК АҒАДАН" КЕЗДЕСУ ШАРАСЫ ӨТТІ

 Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Үкіметтік емес ұйымы өкілдерімен бірлесе атқаратын іс-шара жоспарына сәйкес, қаладағы Төле би атындағы жалпы орта мектебінде қалалық мәслихат депуттары Ғ.Худияров және О.Сабырқызының қатысуымен кездесу шарасы болып өтті.

Кездесу барысында оқушыларға үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, әділептілік тәрбиесінде сөз қозғап, алда келе жатқан Республика күніне орай, қаламызда болатын іс-шараларға бірге атсалысуға шақырды.

«Биыл Қазақстан 13 жылдан кейін алғаш рет Республика күнін тойлайды. Бұл күн мереке қатарынан алынып тасталғанымен, биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітті»,-деп бастады әңгімесін қалалық мәслихаттың депутаттары.

«Алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланды. Бұл жарлыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған. 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің No307-XII жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ал 2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, ұлттық мереке болып жария етілді. Ал Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды».

2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. "Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні яғни 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні яғни 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды.

Осылайша 23, 24 және 25 қазан  демалыс күні болып саналады. Осы күндері үйымдастырылған барлық шараға жастар атсалысып қатысуы қажет,-деген депутаттар жастарға үміт артатындарыд да жасырмады.
Кездесудің соңы оқушылардың сұрақтарына жауап беріліп, еркін форматқа ұласты.

Оқылды 264 рет