Сәрсенбі, 19 Қазан 2022 11:21

АҚШ ЕЛШІЛІГІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ТҮРКІСТАНДА

Қазақстандағы АҚШ елшілігінің делегациясы Түркістанға атбасын бұрды. Арнайы сапармен келген елшілер Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетіне табан тіреді. Делегация құрамында АҚШ елшілігінің Бас консулы Кэролайн Сэвидж, қоғаммен байланыс жөніндегі көмекшісі Чад Киннер, білім беру жөніндегі үйлестірушісі Жанна Тоқтарова, ақпараттық көмекшісі Камшат Төлеулиева бар.

Ең алдымен, делегация оқу орны басшылығымен кездесті. Құрметті қонақтарды университеттің ректоры Жанар Темірбекова, ректор өкілі Женгиз Томар, қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Пусат Пилтен, ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаева, сондай-ақ халықаралық байланыстар департаментінің мамандары қарсы алды.

Жүздесуде қонақтарға университеттің тыныс-тіршілігі таныстырылды. Сондай-ақ, ректор Жанар Темірбекова оқу орнымызға арнайы келген АҚШ елшілігінің Бас консулына алғысын айтты.

Өз кезегінде, Бас консул Кэролайн Сэвидж жылы қарсы алғаны үшін университет ұжымына ризашылығын білдірді.

Кэролайн Сэвидж оқу орнымызда EL fellow бағдарламасы бойынша АҚШ-тан келген оқытушы Кейси Торнтонпен сөйлесіп, университет пен студенттер туралы пікірін естігенін айтты. Өзара диалогтан кейін білім ордасын өз көзімен көруге қызығушылық танытқанын да тілге тиек етті. Сондай-ақ, елші бұдан кейін де студенттерімізге сабақ беруі үшін АҚШ-тан оқытушыларды шақырту жұмысы жалғасатынын атап өттә.

Кездесуде өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері де талқыланды. Басқосу соңында қос тарап бір-біріне естелік сыйлық тарту етіп, қол алысты.

Бұдан әрі АҚШ елшілігінің Бас консулы Кэролайн Сэвидж университетіміздің студенттерімен кездесіп, «Жергілікті серіктестіктегі көшбасшылық» тақырыбында лекция оқыды. Жиында Бас консул студенттердің сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты.

 

Оқылды 230 рет