«Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты Түркілер форумының ашылу рәсімі Халықаралық қазақ-түрік университетінде өтті. Шара университеттің 30 жылдық мерейтойына орай өтті. Аталған шараға бүгінгі таңға дейін университет қабырғасында білім алған түлектер мен ардагер ұстаздар, студент жастар келіп қатысты.
Форум, түлектер Аллеясының ашылуымен және көшет отырғызумен басталды.
Сонымен қатар, БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг өтті. Онда оқу орда ректоры Жанар Аманкелдіқызы, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ брифингте университетіміздің негізін қалаушы тұңғыш ректор, ҚР ҰҒА-ның президенті, академик Мұрат Жұрынұлы, оқу орданың құрылған күннен бастап тарихынан ұмытылмас естеліктермен бөлісті.
Жиын түлектер форумының салтанатты шарасына жалғасты. Алдымен университет жайында танытым видеоролигі көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, өткенге шегініс жасалып, университетімізде талай от жалын шәкірттің санасына білім сәулесін ұялатқан, бүгінде қатарымызда жоқ марқұм болған ұстаздарға арнау қойылды.
Осылайша әсерлі жалғасқан шарада университет ректоры Жанар Темірбекова мен Ректор Өкілі Женгиз Томар, құттықтау сөз сөйлеп, қара шаңырақ саналатын білім ордасына келген түлектерге өз ризашылықтарын білдірді.
Шараның ашылу салтанатында ҚР ҰҒА-ның президенті, академик Мұрат Жұрынұлы, университет тарихынан құнды мәліметтерді айта отырып, форумға келген түлектерге, шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Форум барысында Академик Мұрат Жұрынұлына «университеттің құрметті профессоры» атағын беру рәсімі өтті.
Аталған форумда, университетіміздің 30 жылдығына орай Медиа және PR орталығының фото-маманы Нахып Шынтеміровтың фото көрмесі көпшілік көрерменге ұсынылды. Онда оқу ордамыздың әр жылдардағы сәтті кадрлары мен ірі іс-шаралардың суреттері ілінді.
Айта кетейтін жайт, алғаш рет ұйымдастырылып отырған түлектер форумы екі күнге жалғасады. Онда түрлі сессиялық отырыстар, дөңгелек үстелдер, семинарлар мен майталман мамандардың шеберлік сыныптары өтетін болады. Сонымен қатар, университеттің даму болашағы туралы баяндамалар және түлектердің ұсыныстары мен пікірлері талқыланбақ. Форум соңы түлектердің университет кітапханасына «Кітап сыйлау» акциясымен жалғасып, арнайы мерекелік концертпен қорытындыланатын болады.