Одан бөлек қажетті техникалар да жұмылдырылды. Нәтижесінде жол жиектері және арық жүйелері қатты қалдықтардан, арам шөп, жыңғылдардан тазартылып, арнайы техникалардың көмегімен 2 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сенбілік жұмыстары аудан орталығынан бөлек, барлық ауылдық округтерде де өтті.
«Ауылына қарап, азаматын таны» демекші азаматтары белсенді ауылдың көркі ажарлы болатыны белгілі. Бүгінгі сенбілікте жұдырықтай жұмылып, іске бел шешпей кіріскен азаматтарымыздың арқасында ауылдарымыз жаңарып, жасарып көз тартар кейіпке енді. Тазалық денсаулық кепілі деп айтылса, қоршаған ортаны таза ұстау баршамыздың парызымыз. Ендігі кезекте мұндай жалпыаудандық сенбіліктер тұрақты жүргізілетін болады.
Қай кезде де болмасын ең бірінші өз ортаңа тазалықпен қарау адамдықтың басты қасиеті екендігі белгілі. Аталмыш шараның аудан тазалығын сақтауда ғана емес, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуда да алар үлесі зор. Тазалық әркімнің өз ауласынан басталатынын ескерте отырып, аудан тұрғындарын аталған тазалық шарасына өз үлестерін қосуға шақырамыз. Себебі, Отан – баршамыздың ортақ мекеніміз!
Айта кетейік, 2022 жылғы 5 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев "Табиғатта қоқысқа жол жоқ!" атты акциясының басталуы туралы жариялады. Акция табиғатқа тиімсіз, тұтынушылық көзқарасқа қарсы шыққандардың күш-жігерін біріктіруге бағытталды. Акцияның бірінші кезеңі ағымдағы жылдың 8 қазанында республиканың барлық өңірлерінде басталады. Бұл күні экологиялық акцияға мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың қызметкерлері, эковолонтерлер мен қоғамдық ұйымдар қатысады. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі еріктілерге арналған жалпыұлттық экологиялық акция аясында ең ластанған табиғи орындарды анықтады. Тізімге азаматтар жиі баратын табиғи демалыс орындары, саябақтар мен алаңдар, өзендер мен көлдердің айналасы кірді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»