ШЫМКЕНТ: ДӘСТҮРЛІ ДІН ӨКІЛДЕРІ ОРТАЛЫҚ МЕШІТТІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласының Орталық мешітінде 18 қазан – Рухани келісім күніне орай дәстүрлі дін өкілдері бас қосты. Шымкент қаласы имамының бірінші орынбасары Мұсабек Ақтамберді дін өкілдеріне Орталық мешіт жұмысымен таныстырды.

–Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз ислам дінін ұстанып, құлшылық ғибадатын орындаған. Бұл адамзатты екі дүниенің бақытына жетелейді. Шымкенттегі Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына ресми тіркелген 88 мешітте 250-ге жуық дін қызметкері жұмыс істейді. Олар қоғамдық жұмыстарды белсене атқарып, қайырымдылық шараларын өткізіп, халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге атсалысып жүр. Мұның бәрі ауызбіршілік пен ынтымағымыздың арқасында,-деді Мұсабек Ақтамберді.

Кездесуге келген христиан дінінің өкілі Александр Могилевский ғимаратты аралап, таңданысын жасыра алмады.

–Мешітке алғаш рет аяқ басуым. Бұл мешіттің әдемілігін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бізге экскурсия жасап жатқан ұйымдастырушыларға алғысым шексіз,- деді ол.

— «Ақмешіт» орталық мешітінің құрылысы 2008 жылы бастау алып, 2010 жылы халық игілігіне берілген. Мешіт жалпы аумағы 6 гектар жерді алып жатыр. Бір мезетте 5 мыңнан аса адам намаз оқи алады. Мешіт сыртқы сәулеті қазақтың киіз үйіне ұқсас. Биіктігі 37 метрлік ақ күмбез бен әрқайсысының биіктігі 33 метрді құрайтын 4 мұнара алыстан менмұндалап тұр. Ғимараттың бірінші қабатында кіші намазхана, конференция залы, кітапхана, медресе неке бөлмесі, әйелдер бөлмесі мен шаруашылық бөлмесі орналасқан. Ал, екінші қабатында имам бөлмесі, кітапхана және 4 қызметтік бөлме орналасқан. Мешіттің айналасы көп жылдық және мерзімдік жасыл желекпен абаттандырылған. Сонымен қатар, автотұрақ сыйымдылығы мың көлікке арналған,- деп таныстырды орталық мешіттің іс басқарушысы Азамат Абдукерімұлы.

Айта кетейік, «Ақмешіт» орталық мешіті 2008 жылы сол кездегі ОҚО әкімдігі мен Біріккен Араб Әмірлігіндегі «Шейх Халифа бин Зәид Әл Нахайян» қайырымдылық қоры арасындағы екіжақты келісімі негізінде бой көтерген.

ШЫМКЕНТТЕГІ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСТА СЕНАТОРЛАР ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ ЗАҢНАМАСЫН ЖЕТІЛДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

ҚР Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Шымкент қаласында көшпелі отырыс өткізді. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында сенаторлар еліміздің қылмыстық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылады.

Жиынға Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Ішкі істер министрлігі өкілдері және басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысты.

Көшпелі отырыста қылмыстық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіру, азаматтардың құқығын қорғау, проблемалық мәселелер талқыға түсіп және оларды шешу жолдары айтылды. Комитет төрағасы Владимир Волков заңнаманы жетілдіру мәселелері еліміздің азаматтарының конституциялық құқықтарына тікелей қатысты екенін атап өтті.

– Қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру аясында жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту туралы, жеке адам мен меншікке қарсы қылмыстар және басқа да ауыр қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған заңдар қабылданды. Ендігі ретте жергілікті мәслихаттар Сенатпен бірлесе тығыз байланыста жұмыс істеуі керек, – деді В.Волков.

В.Волков Сенаттың сот жүйесін жетілдіру бағытында атқарылған жұмыстарды баяндап, оның қорытындысы бойынша тиісті заң жобалары әзірленетінін мәлімдеді.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан көпшелі отырысты үшінші мегаполисте өткізудің маңыздылығына тоқталып, талқылау мәжілісі нәтижелі болатынына сенім білдірді. Шыңғыс Жұмабекұлы Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау бойынша шаһарда кешенді жоспар әзірленгенін, қала әкімдігі құқық қорғау органдарымен бірлесе азаматтардың лайықты өмір сүруі үшін тиісті жұмыстар қолға алынғанын жеткізді.

Іс-шара барысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев Бас прокруратураның қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жөнінде жұмысының қорытындысы және әзірленген заң жобасы туралы айтып берді.

Сондай-ақ, сенаторлар қалалық мәслихат депутаттарымен кездесіп, Жолдауды іске асыру мәселелерін талқылады. Комитет төрағасы 25 қазан – Республика күніне орай мәслихат депутаттарын Алғыс хатпен марапаттады.

Түркістан: Дін: Кең болсаң, кем болмайсың

 Қайырымдылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Адамдар айналасындағы жандарға мейрімділік, қайырымдылық танытса, өзінің адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қазақ атамыз. Ата-бабамыз қайырымдылықты сауапты іс деп қабылдап, ұрпағын әрдайым жақсылыққа, адалдыққа, қайырымдылық пен мейірімділікке баулыған. Қайырымдылық – адам бойындағы ізгі іске бағыттайтын алтын қақпа іспеттес, ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген  сүйіспеншілігі мен көмегі.  

          Қайырымдылық жасауды тек қаржылай көмек көрсету деп ойламау керек. Кез келген мейрімге, көмекке мұқтаж адамға қол ұшын беріп, оған жылулық танытып, сөзбен де, іспен де, басқа жолдармен де қайырымдылық жасап, көмектесе аламыз. Қайырымдылық жасау әр адамның қолынан келетін игі іс.  Әрбір жасалған істе ізгіліктің бар екенін есте сақтаған абзал. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Жақсылық жасау әрбіріміздің қолымыздан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігіміз  жетіп тұрса неге қол ұшын созбасқа?!                                                                                              
           Қайыр-садақа жасаған адам осы дүниенің өзінде айналасындағы адамдардың шапағатына, құрмет-қошеметіне бөленіп әрі ризық-несібесі арта түседі. Қазақта: «Қайырымды адамдар суармалы жер іспеттес, алғанын сан есе арттырып қайырып береді» деген қанатты сөз бар. Ойлап қарасақ, дұрыс тауып айтылған сөз. Біреуге жасаған жақсылығымыз ізгілікті ісіміз, көмегіміз ерте ме, кеш пе қайтып оралады. Жасаған қайырлы істің түбінде жақсылық жасаған адамның өзі толығымен пайдасын көреді. Қайырымдылық көрсетіп, жәрдемдесудегі ең басты мақсат – Алла разылығы үшін жасау. Сондықтан да әр адам қайырлы іс жасайтын кезде Алла ризалығын мақсат тұту қажет.
            Қайырымдылық. Бір ғана сөз болғанымен, астарында үлкен мән мен мағына, терең ой жатыр. Қазіргі кезде қоғамда талай қайырымдылық қорлары жұмыс жасап, біраз мұқтаж жандар өз көмектерін алып, сәл болсын бақытқа кенеліп жатқаны өте қуантарлық жайт. Қазіргі таңда біздің елімізде түрлі іс-шаралар, акциялар, қайырымдылық қорлары көп ұйымдастырылуда. Сол арқылы қол ұшын беріп, көмектесетін жандар қатары әсіресе еріктілер тобының саны көбейіп келеді. Жақсылық жасау үшін міндетті түрде бай, ақшасы көп адам болуымыз қажет емес. Бастысы, біздің шын ниетімізде деп ойлаймын. Қазақ халқының ең жақсы қасиеттерінің бірі – жомарттық, кеңпейілділік. Қазақ халқы жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Жалғызбасты жандарға, үлкен қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы отбасыларға көмек көрсету ешқашанда халқымыздың санасынан ұмытылған емес. Қазіргі кезде қайырымдылық жұмыстары көп ұйымдастырылуда. Мұндай игі істердің көп болуы өте қуантарлық жағдай деп ойлаймын.                                                                                     
           Құран Кәрімде: «…Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» деген. Әрбір жан осы сөздерді терең түсініп, қайырлы іс жасау жолында Алла разылығы үшін деген ойда болуы керек.                                                                                                      
         «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөзде үлкен мағына жатыр. Жомарттық, қайырымдылық, кеңпейілділік қасиеттерді меңзеп отыр. Адамның жасаған қайырымдылық істері ешқашан бос кетпейді. Сондықтан қайырымдылық жасау – қайтарымы мол ізгі амал. «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без»,- дегендей қайырымдылықты, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, мейірім-шапағатын төгу, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық қарым-қатынас танытып, қол ұшын беру әр жанның азаматтық парызы деп түсіну керек.

 

Ж.Байгерей   

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

дінтанушы маманы               

ШЫМКЕНТ: «БАҚЫТТЫ ЖАНҰЯ» ОРТАЛЫҒЫ АРҚЫЛЫ 550-ДЕН АСА АЗАМАТША КӘСІПТІҢ ҚЫР-СЫРЫН ҮЙРЕНДІ

Шымкент қаласындағы отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесімен тікелей айналысатын бірегей мекеме - «Бақытты жанұя» орталығы. Орталықтың мақсаты – қиын жағдайға тап болған әр-бір отбасыға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек, сонымен қатар, отбасы институтының дамуына жан-жақты қолдау көрсету.

 Мекеме жалпы 20 бағыт бойынша қызмет алушыларға көмек көрсетсе, биыл жыл басынан қысқа мерзімді тегін оқу курстарынан 550-ден аса ана өткен.

 Бүгінгі таңда, қала бойынша 31 382 адамға (ақпараттық қолдау, психологиялық, медиаторлық, құқықтық кеңес беру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, білім, денсаулық сақтау (Медициналық Әлеуметтік Сараптама Жүргізу (ВТЭК) тұрғын үй кезегіне тұру, Еqov.kz порталы арқылы құжаттарды тапсыру немесе алу қызметтері, aleumet.egov.kz сайты арқылы азық-түлік себеттеріне тіркелуіне және т.б.) қызмет көрсетілді. Оның ішінде: 501 азаматтарға психологтың жеке кеңесі, 358 азаматтарға заңгер кеңесі берілген.

 Табыс тауып, кәсібін игеруге қолдау көрсету үшін арнайы тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед курстары ұйымастырылған. Кәсіптік тегін оқу курсынан өткен азамтшалар арасында кәсіптің қыр-сырлары туралы ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

 Нәтижесінде, «Бизнес бастау» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 ана грант иегері атанды. Бүгінде кәсібін ашқан азаматшаларға құқықтық көмектер көрсетілуде.

 Орталық мұнан өзге, психологиялық, медиаторлық, құқықтық кеңес беру, aleumet.egov.kz сайты арқылы азық-түлік себеттеріне тіркелу, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру және тұрғын үй мәселесі бойынша kezekte.kz порталына тіркелу қызметтерін көрсетіп келеді.

 Сонымен қатар, «Бақытты жанұя» орталығы» КММ мен «Отбасы банк» АҚ-мен арасында түзілген әріптестік меморандум аясында орталықтың ғимаратында банктің мамандарының арнайы бөлмесі жасақталып, 1 119 аналарға тұрғын үй мәселесі бойынша ақпараттық қызмет көрсетілді. Соның нәтижесінде 4 ана «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болған.

 Қазіргі таңда, «Бақытты жанұя» орталығының тиімді жұмыс тәжірбиесін үйрену мақсатында, Республикамыздың өзге аймақтарынан басшылары мен жауапты қызметкерлері келіп (Астана, Қарағанды облысы, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Батыс Қазақстан облысы және т.б.) жұмыс барысымен танысып тәжрибе алмасты. Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық – демография саясаты ұлттық комиссиясының мүшелері, ҚХА жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы, ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басшысының орынбасары, Әлем қазақтары ұйымының мүшесі, Қазақ аналары «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің мүшелері орталықтың жұмысымен танысты.

 «Бақытты жанұя» орталығы» КММ-нің қызметіне жүгініп, тегін оқу курстарымен қамтылуды қалайтын қыз-келіншектер 8 (72-52) 78-12-21 байланыс номерлеріне хабарласып, толық ақпарат ала-алады.

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ 20 ҚАЗАНДА БАСТАЛАДЫ

Шымкент қаласы әкімінің өкіміне сәйкес, 2022-2023 жылғы жылыту маусымы 20 қазаннан басталады. Айта кетейік, әуелі аурухана, балабақша мен мектеп сияқты әлеуметтік маңызы бар ғимараттар жылумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, қаладағы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1987 көпқабатты тұрғын үйдің барлығы жылыту маусымына дайын. 15 жылу қазандықтар мен 17 сорғы стансалар да толық дайын. 19,4 шақырым жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Қаламызда көмір қоры жеткілікті. Естеріңізге сала кетейік, 2021-2022 жылғы жылыту маусымында 212 889 мың текше метр газ жұмсалған, оның ішінде жылу қажеттілігіне 81 130 мың текше метр газ тұтынылса, өткен маусымда 96 407 мың текше метр пайдаланылған болатын.Шымкент қаласында жылу беру маусымында 56 өрт оқиғасы тіркеліпті. 2020-2021 ж.ж. олардың саны 61 болып еді. Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментіндегілер өрттің шығуының негізгі себебі қондырғыларды орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау екенін айтады. Сонымен қатар, электр жабдықтарын, пештер мен мұржаларды пайдалану кезінде, өрт қауіпсіздігін бұзу. Өрт оқиғалары негізінен жеке тұрғын үй секторында тіркелген.

Айта кетейік, 2021-2022 жылғы жылыту маусымында көмірқышқыл газымен уланудың бірде-бір оқиғасы тіркелген жоқ. Дегенмен табиғи газбен уланудың бес жағдайы тіркелген. Салдарынан алты адам қаза тапты, оның екеуі бала. Бір адам зардап шекті. Өрт пен жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында қызметкерлер тұрғындармен үнемі кездесулер өткізіп, тұрғын үйлерді аралап, учаскелік полициямен, газ қызметі қызметкерлерімен бірлесе отырып, рейдтер, өрт қауіпсіздігі айлықтары мен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жылыту маусымы басталғалы 24 цифрлық телеарнада көмірқышқыл газымен уланудың алдын алу бойынша аудиороликтер күніне екі рет көрсетілген.  Шымкентте оқыс оқиғалардың санын азайту үшін 2192 үй газды автоматты реттеу жүйесімен қамтамасыз етілген. 2022 жылы тағы 2454 үйге орнату жоспарлануда. Ағымдағы жылыту маусымында әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың үйлері мен пәтерлеріне 1208 автономды газ детекторлары орнатылды.

Түркістан: Көңілді тапқырлар клубы ойындары өткізіледі

 

«Тұғырлы Тәуелсіздік жастар көзімен» қала жастары арасында Көңілді тапқырлар клубы ойындарының қағидасы бекітілді.

«Түркістан - қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында «Тұғырлы Тәуелсіздік жастар көзімен» қала жастары арасында Көңілді тапқырлар клубы ойындарының жарысы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізіледі.

Көңілді тапқырлар клубының мақсаты:

Жастардың жан-жақты шығармашылық қабілеттерін дамыту, жауапкершілік пен еңбексүйгіштікті қалыптастыру. Ұйымдастырушылық және топпен жұмыс жасауға, бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету. Талантты жастарға қолдау көрсету, ой-ұшқырлық қабілетін жандандыру, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлықтарын ояту.

Ережесі мен шарттары

Көңілді тапқырлар клубы ойындары 3 (үш) маусымнан тұрады. Әр маусым 15 күн аралығында өтеді.

- Командадағы адам саны 10-нан аспауы керек;

- Ойын алдында әр командамен ұйымдастырушы тарап жұмыс жүргізеді (командалардың шығуы, ойындары және т.б)

Жарыс 3 (үш) кезеңнен тұрады:

1. «Сәлемдесу» (уақыт 3-5 мин)

2. «5 жаңалық» (уақыт 5-7 мин)

3. «Үй тапсырмасы» ( уақыт 7-8 мин)

Жарысқа қатысушы үміткерлер 22.10.2022ж дейін төмендегі

құжаттар бойынша мәдениет үйіне тапсыруы тиіс:

- Өтініші;

- Өмірбаяндары (команданың)

- Түрлі-түсті суреті: 13 х 18 (командамен);

- Жеке куәлігі ( команда жетекшісінің)

Жарысқа өтініш білдірген командаларды арнайы белгіленген қазылар алқасы іріктеуден өткізеді. Іріктеуден өткен командалар финалға жолдама алады.

Жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталады.

Бас жүлде (біреу)

І орын (біреу)

ІІ орын (біреу)

ІІІ орын (біреу)

Арнайы номинациялар

Байқаудың өту мерзімі, өтетін орны қосымша хабарланады.

Анықтама алу үшін: Қалалық мәдениет үйі, Б.Саттарханов №49

Тел: 8 776-321-31-31 Ерасыл

8 778-959-09-50 Райымбек

8 771-882-43-43 Қожа

Ұйымдастыру алқасы

 

ТҮРКІСТАНДА «ЖАСТАР КАРНАВАЛЫ» ӨТТІ

25 қазан - Республика күні мен "Қала күні" мейрамдарын атап өту жөніндегі мерекелік шаралардың салтанатты ашылуына сәйкес қаладағы "Жібек жолы" саябағында "Жастар карнавалы" өтті. Шараға Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары мен Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінің студенттері қатысты.

Ынтымақ пен бірлікті дәріптеп, көне шаһар Түркістанның түлеуін насихаттау мақсатында өткен карнавалда жастар түрлі-түсті костьюмдер киіп, мерекенің басталғанын білдірді.

Түрлі-түсті жалау ұстаған жалындаған жастар әртүрлі киім үлгісінде ортаға еніп, Республика күнінің айшықты екендігін айқындап, Түркістан тақырыбында ұранды сөздерін жүрекпен жеткізді.

Түркістан мәңгі түлей берсін деген тілек білдіріп, мерекенің басталғанын ұғындырғандай-ақ.

ТҮРКІСТАНДА «КҮН СӘУЛЕЛІ – РЕСПУБЛИКАМ» МЕРЕКЕЛІК ШАРАСЫ ӨТТІ

 

25 қазан - Республика күні мен "Қала күні" мейрамдарын атап өту жөніндегі мерекелік шаралардың салтанатты ашылуына орай бүгін Түркістан қаласының шыға берісінде орналасқан "Жібек жолы" саябағында "Күн сәулелі - Республикам" тақырыбында мерекелік шара өтті.

Елдігіміз бен кең байтақ республикамыздың рухын асқақтатар шараға Түркістан жоғары көпсалы, қолөнер колледжінің студенттері жалаушаларын желбіретіп, көк байрағымызды көк аспанда қалықтатып атсалысты. Ал, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жезтаңдай әншілері патриоттық жанрда ән шырқап, халықтың ықыласына бөленді.

Республика күнімен тұспа-тұс келер Қала күнін мерекелеу осылайша патриоттық үрдіспен жалғасын тапты. Ел мен жерді, егемендік пен татулықты әнге арқау еткен өнерпаздар маңызы айрықша шараға әуезді әндері арқылы үлес қосты.

ТҮРКІСТАН: ЕКІ МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ 21 ШАҚЫРЫМДЫ БАҒЫНДЫРДЫ

Түркістан қаласында «Turkistan Marathon-2022» шарасы өтті. Эстафеталық сайысқа еліміздің түкпір-түкпірі мен алыс-жақын шетелден келген 2 мыңға жуық спорт жанкүйерлері қатысып, бақтарын сынады. Спортсүйгіш жандардың басын қосатын бұл ауқымды жоба шаһарымызда осымен 2-ші рет өткізілуде.

Еліміздің өзге аймақтары мен Өзбекстан, Тәжікстан және Турция сынды шет мемлекеттерден келген қатысушылар бақтарын сынап, жеңіс тұғырынан көрінуге ынталы.

Марафоншылар 3, 10, 21 шақырым қашықтықтарда жүгірді. Керуен Сарай кешені алдынан бастау алып Б.Саттарханов даңғылының бойымен Шымкент бағытына қарай Ж.Майкотов көшесіне дейінгі аралықты қамтыды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, эстафета қатысушылары бірнеше санат бойынша іріктелген. Атап айтқанда, 10 мен 15 жас аралығы, 16 мен 39, 40 пен 49 жас аралығы сонымен қатар 60 пен одан жоғары жастағылар болып бөлінген.

Сайыс қорытындысында мәреге бірінші жеткендерге қаржылай сыйлық табыс етілді. 22 шақырымды бағындырған 1 орынғы 300 мың, 2-орынға — 200 мың, сондай-ақ 3-ші орын иесіне 100 мың теңге көлемінде сый-сияпат берілді. Және дәл осылай өзге де санат жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, түрлі көлемде марапат табысталды.

ШАХМАТТАН ӘЛЕМНІҢ ТӨРТ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ ТҮРКІСТАНДА ШЕБЕРЛІК САҒАТЫН ӨТКІЗДІ

Түркістан қаласында “Фараб” әмбебап-ғылыми кітапханасында халық­аралық гроссмейстер, шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы Динара Сәдуақасова шеберлік сабақ ойынын өткізді.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және қала әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев қатысып, әлем чемпионына алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.

– Шахмат ежелгі спорт түрі. Бұл жай ғана сайыс емес. Біздің жас та талапты шахматшы балаларымыз гроссмейтердің шеберлік сабағынан өтіп, әлем чемпионымен шахмат ойнады. Бұл тәжірибенің берері мол. Қазақ елінің де бұл ойын түріне қосқан үлесі зор. Спортшыларымыз түрлі чемпионаттарға қатысып, әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғап жүр,– деді облыс әкімінің орынбасары.

Шарада 20-ға жуық әуесқой шахматшы даңқты спортшымен ойын өткізу мүмкіндігіне ие болды.

Бүгінде Динара балалар мен жасөспірімдер арасындағы шахмат ойынын танымал ету мақсатында республиканың көптеген қалаларында және облыс орталықтарында бір мезеттік ойындар, мастер-кластар және турнирлер өткізді.

Әлемдегі ең мықты 10 әйелдің қатарына енген Динара Сәдуақасова қоғамдық жұмыстарын жалғастыра беретінін жеткізді.

Айта кетейік, шахмат ханшайымы Астанада және Атырау қаласында өзінің шахмат академиясын ашқан болатын. Ол мектепте аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, ерекше қажеттіліктері бар жеткіншектер мен жетім балалар үшін тегін сабақ беріледі.