Бейсенбі, 15 Мамыр 2025 11:59

Созақ ауданында жүзеге асып жатқан ауқымды жобалар кеңінен баяндалды

Биылғы жылы Созақ ауданында құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларға басымдық беріліп, ауданның дамуына айтарлықтай ықпал етуде. Шолаққорған ауылындағы «Достар» стадионы күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, Шолаққорған ауылында 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы жақын уақытта аяқталса, осы жылы Созақ ауылынан да «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы басталды.

Сондай-ақ, таяудаС.Қожанов көшесінен жаңа кітапхана ғимаратының құрылысы басталады. Шолаққорған ауылында қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын жинау орны мен оқушылар сарайы және өрт сөндіру бекетінің құрылысы бойынша сметалық құжаттамалар әзірленуде. Аудан жастарының бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін бірқатар жобалар да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Сызған, Жартытөбе, Құмкент, Жуантөбе, Тасты және Шу ауылдарында жергілікті бюджет есебінен жабық үлгідегі кіші футбол алаңдары салынады.

Сонымен қатар, «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы» ғимараты жөндеуден өтіп, «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам орталығы» ауласына футбол, баскетбол және волейбол алаңдары салынады. Жібек жолы көшесіндегі №5 ғимаратта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Отбасын қолдау орталығы» ашылады.

Ауданның ішкі жолдар жүйесін жақсарту мақсатында аудандық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі екі есеге артты. Алдағы уақытта «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында 14,2 шақырымды құрайтын 12 көше асфальт жабындысымен жаңартылады. Бұдан бөлек, аудандық бюджеттен 1 миллиард 288 миллион 560 мың теңге бөлініп, 66,4 шақырым жолға асфальт жабындысы мен қиыршық тас төселетін болады. Бұл қаржы бұрын-соңды жол жөндеуге бөлінбеген.Мәселен, Шолаққорған ауылында С.Мұқанов, Ембергенов, П.Маханов және басқа да көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, ауданның өзге ауылдарында да жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асуда.

Аудан орталығындағы маңызды көшелердің бірі – С.Қожанов және Жібек жолы көшелерінде абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Тозығы жеткен бағаналар мен аяқжолдар жаңартылып, барлық ауылдар мен елді мекендердің ішкі көшелерін 100 пайызға көше жарықшамдарымен қамтылады. Шолаққорған-Түркістан бағытындағы жолдың екі бетінен құрылған «Жасыл белдеу» аумағы биыл 2 шақырымға ұлғайып, 5000-нан астам тал көшеттері егілуде. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар Шолаққорған-Балдысу бағытындағы автомобиль жолындағы су өткізгіш құбырға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Балдысу елді мекенінде ұсақ малдарды тоғытатын нысан салынады.

Бұл жұмыстар туралы аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков таяуда Шолаққорған ауылдық округінің тұрғындарымен өткен жиында хабардар етті. Жиында тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға қолдау білдіріп, алғыстарын жеткізді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласы бойынша ұсыныстар айтылды. Бірқатар азаматтар жеке мәселелері бойынша да сұрақтар қойып, аудан басшысы әрбір мәселеге назар аударып, тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және құқық қорғау органдары, аудан басшысының салалық орынбасарлары мен бірқатар мәслихат депуттары және бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Осы тұста айта кету керек, Созақ ауданында былтыр жыл басынан бері 179 миллиард 568 миллион 400 мың теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндірілген. Жалпы, өңірдегі негізгі көрсеткіштер жыл сайын жоғарылап, өсім байқалады. Алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша Созақ ауданы өнеркәсіп өнім көлемі мен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының көрсеткіштері бойынша облыста көш бастаған болатын.

Сонымен қатар, ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Аталған бағдарламаға алдыңғы жылы 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 миллиард 169 миллион 410 мың теңгеге несие алған. «Қазіргі таңда Созақ ауданына қарасты 33 елді мекеннің 29-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оның 21-і 24 сағат бойы тоқтаусыз ауыз суға қосылса, 5 елді мекенге кесте бойынша беріледі. Сондай-ақ, табиғи газға қосылу бойынша да біршама тындырымды істер қолға алынған. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылып, Шолаққорған ауылы мен Жеткіншек елді мекенінің тұрғындары табиғи газбен қамтылды. Ал «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 2022 жылы ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысы жобасына қаржы бөлініп, 2023 жылы пайдалануға берілген..

Ауданның дамуына толығырақ тоқталып өтсек. Бүгіндері Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірқатар тындырымды тірлік бар. Мәселен, өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Шолаққорған, Созақ, Құмкент, Жартытөбе ауылдық округтері қатысқан. Аталған ауылдық округтерден ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жеңілдетілген несиемен қамтылып 88 миллион 850 мың теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.«Ауыл аманаты» жобасына 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 миллиард 169 миллион 410 мың теңгеге несие алды. Ал 2024 жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қаратау, Қарақұр, Сызған және Шолаққорған ауылдық округтері ұсынылды. Осы тұста назар аударар жайт, былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

«Үкімет «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, «Бір ауыл – бір өнім», «Ауыл – Ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалық құжаттардың ережелері интеграцияланған Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдап, іске асыруда. Ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін кредит беру (8 мың АЕК-ке дейін) көзделген. Бұл ауыл шаруашылығы техникасын, қажетті жабдықтарды сатып алу, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі шағын цехтарды ашу бойынша ынталандыру болады», — дейді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің дерегінше, бағдарлама бойынша 2023 жылы 74,8 миллиард теңге сомасына 12,1 мың микрокредит берілді. Оның 5,8 миллиард теңге кредит қаражатын 287 ауыл шаруашылығы кооперативі алды. 2024 жылға 16,7 мың микрокредит беріліп,100 миллиард теңге бөлінген. Бұл ауылда 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, агро өнеркәсіптік кешен саласына, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге инвестициялар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

«Мәселен, 2023-2026 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешен инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі жол картасы аясында 2023 жылы 3 856 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 275,6 миллиард теңге сомасына 289 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Оның ішінде елдің шекаралас өңірлерінде 224,8 миллиард теңге сомасына 3 мың жұмыс орнын құра отырып, 222 инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл инвестициялық жобалар жеңілдетілген кредиттеу, субсидиялау, жер ресурстары және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар «Мен кәсіпкер» құралы аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба қолданыстағы қосылған құн өндірістік тізбектеріне экспорттау немесе өндіру үшін нарықтық әлеуеті бар өңірлердегі перспективалы тауарларды анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, тұжырымдаманы іске асыру аясында даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекен (тірек, спутниктік АЕМ) тізбелері өзектендіріліп, әрбір өңір бойынша Ауылдық аумақтарды дамыту жол карталары бекітілді», — дейді Олжас Бектенов.

Созақ ауданында өткен жылы негізгі капиталға 678,1 миллион теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 100% орындалды (жоспар: 677,8 миллион теңге). Тамақ өндірісіне 205,8 миллион теңге инвестиция тартылып, 101,2% орындалды (жоспар: 203,3 миллион). Егістік жер көлемі 14 390 гектарға игеріліп, 100,6% орындалды (жоспар: 14 300 гектар). Жерге тамшылатып суару әдісі 5,2 гектарға енгізіліп, 104%-ға орындалды (жоспар: 5 гектар). 30 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары алынып, жоспар 100% орындалды. Жаңбырлатып суару әдісі 164 гектар жерге ендіріліп, 100% орындалды (жоспар: 164 гектар). 4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, меже (100%) орындалды. 8 дана жоғары отбасылық құс фермасы 500 бастан ашылып, 33%-ға орындалды (жоспар: 24 ферма). Сондай-ақ, жыл қорытындысына сәйкес Созақ ауданында мүйізді ірі қара 36 129 бас, қой 245 338 бас, ешкі 23 540 бас, жылқы 30 115 бас, түйе 15 072 бас, құс 25 037 басты құрады.

Инфрақұрылымға келейік. Созақ ауданы көлеміндегі 33 елді мекеннің 29 елді мекеніндегі 62 910 адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Орталықтандырылған ауыз су құбыры бар 29 елді мекеннің 21 елді мекеніне ауыз су 24 сағат берілсе, қалған 5 елді мекенге  (Сызған, Созақ, Қарақұр, Қаратау, Қозмалдық) кестемен берілуде. «Шолаққорған ауылының Ақшам және Наурыз мөлтек аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы» нысаны 2022 жылы басталып, нысан 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді.

Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз және Сызған елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, аудандық бюджеттен 9 миллион теңге, облыстық бюджеттен Қарабұлақ, Балдысу елді мекендеріне 34 миллион 400 мың теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін және Сызған елді мекенін тәулік бойы ауыз сумен қамту үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылдың қазан айынан басталып, нысандар былтырғы жылдың соңында пайдалануға берілді.

«Ауыл — Ел бесігі» жобасы шеңберінде атқарылған шаруаларға тоқталсақ. Жолдарды жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысы төселді. Алдыңғы жылы Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде елді мекеннің жолдары 100% асфальт жолмен қамтылды. 2024 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 16,4 шақырымды құрайтын 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 19,7 шақырымдық 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.

Табиғи газбен қамту бойынша да ілгерілеу байқалады. Айталық, «Созақ ауданында АГТС бар магистральды газ құбыры-тармағын салу» нысаны бойынша 2019-2022 жылдар аралығында Жаңатас қаласы бұрылысынан Шолаққорған ауылына дейінгі 43,8 шақырым магистральды газ құбыры траншеяға 100% көмілген. Газды қабылдау құрылғысы (УПОУ) орнатылды. АГТС қондырғыларының орындары дайындалып, қоршалған. Электр бағаналары орнатылып, электр желілері жүргізілді. Найзағайдан қорғау прожектор діңгегі (ПМЖ) 5 дана және КТП-10/04кВ дизельдік электростанциясы орнатылды. ВОЛЬС кабельдері жүргізілді. 2024 жылға қосымша шарт түзіліп, ағымдағы жылдың наурыз айында АГТС қондырғыларының 2 данасы жеткізілді.

Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекенін табиғи газбен қамту мәселесін нақтырақ ашықтай кетсек. Аудан орталығы Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекенін табиғи газбен қамту үшін «Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу» жұмыс жобасы бойынша 2021-2022 жылдар аралығында 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізілді. Шкафты газ реттеу пункітінің орындары дайындалып, 5 дана ШРП орнатылды. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылып,Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекені тұрғындары табиғи газбен қамтылды.

Көшелерді жарықтандыру бойынша да көзге көрінетін тірлік байқалады. 2023 жылы аудандық бюджет есебінен 10 елді мекеннің (Шолаққорған, Жартытөбе, Созақ, Сызған, Қаратау, Қарақұр, Жуантөбе, Құмкент, Қыземшек, Таукент) көшелері жарықтандырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. 2024 жылы жыл басында аудандық бюджет есебінен елді мекендерді жарықтандыруға 10 ауылдық округке (27 көшеге) (Шолаққорған, Жартытөбе, Құмкент, Сызған, Созақ, Қарағұр, Қаратау, Жуантөбе, Шу, Таукент) көше жарықшамдары орнатылды.

Енді құрылыс саласы бойынша не істеліп жатқандығын айта өтейік. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы (2022 жылдан өтпелі) құрылысы басталып, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары (сыртқы инженерлік желілері)  аяқталып, қабылданды. Қаратау ауылындағы жабық кіші футбол алаңының 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. 2023 жылы Шолаққорған ауылынан заманауи спорттық сауықтыру кешені құрылысы басталып, 2024 жылы пайдалануға берілді.  Тасты ауылындағы 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы 2023 жылы 4 желтоқсанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылданды.

Былтыр құрылыс жұмыстарын бастауға бірнеше жобаларға қаржы қарастырылды. Атап айтар болсақ: «Түркістан облысы Созақ ауданының Құмкент ауыл округі Жылыбұлақ каналын салу» жобасы. «Қаратау елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» басталды. «Қарақұр елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» жобаның құны – 303,2 миллион теңге. 2023 жылға 1,0 миллион теңге қаралып, игерілді. Нысан 2025 жылға өтпелі. Жуантөбе елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы жүруде. Нысан 2025 жылға өтпелі.

Шолаққорған ауылындағы «Астана» мөлтекауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізуге оң сарапта қорытындысы алынды. Нәтижесінде жер кезегінде тұрған 435 адам тұрғын үйге жер телімдерін беруге мүмкіндік болады. Шолаққорған ауылындағы заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп, 2024 жылдың аяғында аяқталды. «Қарақұр ауылдық округі аппараты әкімшілік ғимаратының құрылысы нысаны 2023 жылы басталып, былтыр пайдалануға берілді. Қарақұр ауылында кіші жабық футбол алаңының құрылысы жүргізілді. Бұл нысан да былтыр аяқталады.

Енді білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталайық. Аудан бойынша 35 мектеп, 37 балабақша (17 мемлекеттік, 20 жекеменшік)  жұмыс атқаруда. Аудандағы 37 балабақшада (17 мемлекеттік, 20 жекеменшік) 4 106-ға жуық бала тәрбиеленуде (мемлекеттік балабақшаларда — 2491 бала, жекеменшік балабақшаларда – 1615 бала). «Білімді ұлт» ұлттық жобасында 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізу міндеті тұр. Қазіргі таңда қамту көрсеткіші – 99,6%, 3-6 жас 100%-ды құрады.

Президенттің тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Шолаққорған ауылынан 900 орындық Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс жұмыстары жүруде. Ыбырай ауылынан 200 орындық Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебі пайдалануға берілді. Қазіргі таңда жалпы 6 951 бала ыстық тамақпен қамтылған, оның ішінде 1-4-ші сынып оқушылары — 5 920 бала. Балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық мектептердің бейнебақылау жүйелері ауыстырылды. Аталған бейнебақылау жүйелері полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды.«Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде облыс мектептеріне лизинг тәсілімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 3 заманауи автобус алынып, аудан бойынша 3 елді мекенде 103 бала мектепке тасымалдануда. Аудандағы 38 балабақшада (17 — мемлекеттік, 21 — жекеменшік) 4141 бала тәрбиеленуде (мемлекеттік балабақшаларда — 2 492 бала, жекеменшік балабақшаларда – 1 649 бала).

Жұмыспен қамту саласындағы деректер мен дәйектер де көңіл көншітеді. Мәселен, Ұлттық жобалар шеңберінде 4 713 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, жылдық жоспар 130 пайызға орындалды. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасына сәйкес, 714 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, 12 айдың қорытындысына сәйкес 861 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. 2023 жылы 3 рет жәрмеңке өткізіліп, барлығы 260 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды.

«Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 21-35 жас аралығындағы жастарға Түркістан облысы «Агронесие корпорациясы» АҚ арқылы 2,5 % шағын несиемен алдыңғы жылы 32 азаматты 160 миллион теңге қаржымен қамту жоспарланып, жыл қорытындысына сәйкес 26 азамат тарапынан 122 миллион 600 мың теңге алуға тиісті  құжаттары жинақталып, комиссия отырысына қарауға ұсынылған. Оның ішінде 20 азамат 95 миллион 698 мың теңге несиеге қол жеткізу үшін комиссия шешімінің оң қорытындысын алып, шағын несие алуға Түркістан облысы «Агронесие корпорациясы» АҚ-мен 19 азамат 92 миллион 600 мың теңге алу мақсатында келісімшартқа қол қойып, қаржысын алды.

Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы» КММ-де «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорны» демеушілігімен мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсетуге арналған әлеуметтік такси пайдалануға берілді. 2024 жылдың қорытындысына сәйкес пробация қызметінің есебінде тұрғандар мен бас бостандығынан айырылу мекемелерінен босаған азаматтарға арнап 1 рет жәрмеңке өткізіліп, 2 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп, 54 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды. 2024 жылдың 3 айында 218 отбасы (1 261 адам) атаулы әлеуметтік көмек алды.                         

Мәдениет саласына ойысайық. Созақ ауданында қазіргі таңда 40 мәдени мекеме аудан халқына мәдени қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде 17 мәдениет үйі мен клубтар болса, 23-і — кітапхана. Алдыңғы жылы жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін 3 мәдениет мекемесіне аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олар: Созақ ауылдық мәдениет үйі (ағымдағы жөндеу), Жартытөбе ауылдық клубы (жылу жүйесіне жөндеу), Жуантөбе ауылдық клубы (жылу жүйесіне жөндеу). Сондай-ақ, Ақсүмбе ауылдық клубын ағымдағы жөндеуден өткізуге сметалық құжаттар әзірленді. Тасты ауылынан 75 орындық ауылдық мәдениет үйін салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

2024 жылдың алғашқы 3 айында, яғни ағымдағы жылдың 25 сәуірінде «КАТКО» Қазақ-Француз біріккен кәсіпорны демеушілігімен күрделі жөндеуден өткен Шу ауылдық кітапханасының жаңа ғимараты ашылып, ел игілігіне ұсынылды. Ал 2024 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін Ақсүмбе ауылдық клубына бюджеттен қажетті қаржысы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Спорт саласында ауыз толтырып айтатын жетістіктер жоқ емес. Аудан тұрғындарының спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 198 спорттық нысан жұмыс істеп тұр. 2023 жылы 5 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Қаратау ауылынан жабық кіші футбол алаңы, Созақ ауылынан 1000 орындық жаңа стадион, демеушілер есебінен Шолаққорған ауылының С.Әбуов және А.Спатаев көшелерінен балалар ойын алаңшалары мен кіші футбол алаңы және Шу ауылынан баскетбол, волейбол алаңшасы мен «Street workout», балалар ойын алаңшасы, Қаратау ауылдық округіндегі Саржаз елді мекенінен кіші футбол алаңшасы пайдалануға беріліп, Шолаққорған ауылының Түркістан бағытына қарай тас жол бойынан республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2024 жыл соңына қарай құрылысы аяқталды.

Денсаулық саласы туралы. Аудан халқына 28 емдеу мекемесі қызмет көрсетеді. Нақтырақ айтсақ, 1 аудандық аурухана, 1 аудандық емхана, 1 МСАК орталығы, 9 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік тірек, 13 медициналық тірек. Алдыңғы жылы диспансерлік есепте тұратын науқастар 258 миллион теңгеге тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Басты бағыт ана мен бала денсаулығын қорғау болып табылады. Осы мақсатта жүйелі түрде ана мен нәрестелер өлімін болдырмау көрсеткішін барынша төмендетуге арналған іс-шаралар атқарылуда. Ал, туберкулезден болған өлім көрсеткіші өткен жылы да, биыл да тіркелмеді. Денсаулық сақтау саласының әрбір көрсеткішін төмендету бойынша алдын алу шаралары атқарыла беретін болады.

Алдыңғы жылы Түркістан облысының әкімі облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарына 75 дана жедел жәрдем санитарлық автокөлік табыстаған болатын. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған «Hyundai i30» маркалы жедел жәрдем автокөлігінің екеуі Созақ ауданына жеткізілді. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның демеушілігімен 2 жедел жәрдем автокөлігі алынды. Бұл көліктердің ерекшелігі, жол талғамай, құмды жерлер мен шалғай ауылдарға еш қиындықсыз қатынай алады. Науқастарды тасымалдауға арналған көліктің ішінде жататын орын және алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бойынша атқарылған жұмыстар барысы туралы айтсақ. Елімізде тазалыққа қатысты мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» акциясы тұрақты дағдыға айналатын бастама екенін айтты. Акция аясында ауданда түрлі шаралар іске асырылуда.

Аудан орталығының аумағы 5 секторға, яғни ондағы 144 көшеге жауапты ретінде бекітілген әр мекеме қызметкерлері аялдамаларды қалпына келтіру, күл-қоқыс шығару, тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізіп, су өткелдерін, көпірлерді, өзен, канал, бұлақ, арық бойларын тазалап, қураған ағаштарды жою мен көшелердің бойындағы жол белгілері мен электр бағаналарын реттеу, сырлау сынды жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ аудан аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында жалпы саны 27 500 тал көшеті отырғызылды. Шолаққорған-Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағы жолдың екі шетін қоса есептегенде 5 шақырымға артты. Бұл аумақ қазіргі уақытта толықтай қоршалды. 10 мың метрге жуық шарбақ тартылып, егілген тал көшеттерін суару жүйесі орнатылды. Осылайша барша мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары, жастар қауымы тазалық жұмыстарына көмек қолын созуда әрдайым ниетті екендіктерін білдіріп келеді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 20 рет