Super User

Super User

Түркістандық полицейлерге 250-ден астам жаңа қызметтік көлік берілді

Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында Түркістан облысы Полиция департаменті жаңа көліктермен толықты. Түркістан қаласындағы тікұшақ алаңында өткен салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов пен жеке құрам қызметкерлері қатысты. Бұл шарада полиция қызметкерлеріне жаңа қызметтік көліктердің кілті табысталды.

Атап айтсақ, ҚР ІІМ мен жергілікті әкімдіктің қолдауымен өңірдің патрульдік полиция қызметкерлері - 94 бірлік, учаскелік полиция инспекторлары - 64 бірлік, уақытша ұстау изоляторы - 12 бірлік, аудандардың тергеу бөлімі - 17 бірлік, кезекші бөлімдер - 20 бірлік қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ қала, аудандарға автобустар мен автозактар үлестірілді. Жалпы жыл басынан бастап бүгінгі күнге дейін сақшылар үшін берілген жаңа көліктердің саны – 252. Тәртіп сақшыларына берілген темір тұлпарлар тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған.

Дыбыс күшейткіш қондырғысы мен рациясы бар. JPS жүйесі арқылы көліктердің қай бағытта жүргені орталықтан бақыланады. Салтанатты шарада облыс әкімі Полиция департаменті бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында тиімді шаралар қабылданғанын атап өтіп, құттықтау сөзін сөйледі.

Аймақ басшысы Д.Сатыбалды: «ҚР Президенті Қ.Тоқаев тарапынан бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің халыққа сапалы қызмет көрсетуіне қолдау жасалуда. Департамент жаңа ғимараты салынып, осы жылдың желтоқсанында пайдалануға берілуде. Ал бүгін тапсырылатын автокөліктер полиция қызметкерлеріне қылмыспен күресті қарқынды жалғастыруға септігін тигізіп, жұмыс сапасын одан әрі арттыра түседі деп сенемін!»,–деп атап өтті.

Шараны қорытындылаған облыстың бас полицейі М.Қабденов: «Полиция қызметкерлерін материалдық-техникалық жабдықтау – қылмыстың санын азайтуға септігін тигізуде. Осы ретте алдағы уақытта Президент пен Ішкі істер министрінің тапсырмалары мен нұсқауларын орындауға сенім білдіремін. Сервистік полицияны жүзеге асырып, жұртқа жақын болу мақсатындағы жұмыстар одан әрі жанданатын болады»,–деп түйіндеді. Салтанатты рәсім жаңа техниканың шеруі және жеке құрамның саптық байқауымен аяқталды.

 

Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Сауран бекетінің жұмысын тексерді

Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев, Шымкент-Самара тас жолы бойында орналасқан "Сауран" стационарлық бекетіне барды. Онда полиция полковнигі Б.Айтпаев, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Полиция қызметкерлерінің қалай қызмет атқаратынын тексеріп, стационарлық бекеттің материалдық-техникалық жабдықталуын тексерді.

Атап өтсек, бүгінгі таңда бұл бекет жол қауіпсіздігін бақылау үшін қажетті заманауи техника, байланыс құралдары және бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Мұнда тәртіп сақшылары тәулік бойы көрші аудандардан келетін және кері қайтатын көлік ағынын тексеруге мүмкіндік беретін планшеттермен жабдықталған.

Сондықтан бірінші орынбасар Б.Айтпаев, тәртіп сақшыларының қызмет атқаруға және тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қозғалысы ережесін бұзушылардың жолын кесу бойынша қойылған міндеттерді орындауға дайындығын бағалады. Соңында полицейлердің назарын көлік тәртібін нығайтуға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, стационарлық бекет арқылы өтетін автокөліктердің қауіпсіздік шараларын ұстанып, ережені сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге аударды.

Түркістан облысында есірткі сақтаған зейнеткер сотталды

Түркістан облысында есірткі заттарын сақтауға қатысы бар қарт зейнеткерге қатысты үкім шықты. Ер адам ҚР ҚК-нің 296-бабында көзделген «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Естеріңізге сала кетейік, "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын сақтаған күдіктіні ұстаған болатын. Жедел уәкілдер шұғыл іздестіру шаралары барысында Келес ауданы ауылдарының бірінде "Приора"автокөлігін тоқтатты.

Полиция қызметкерлері тінту кезінде өсімдік тектес зат салынған пакетті тапты. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес, тәркіленген есірткі жалпы салмағы 1 келіден асатын "көкнәр" болып шықты. Күдікті Мақтаарал ауданының тұрғыны болып шықты. Егде жастағы ер адам бұл әрекетін мойындап, есірткіні өзі тұтынуы үшін сақтағанын жеткізді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жинақталған іс құжаттары айыптау актісімен заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Нәтижесінде сот үкімімен сотталушыға 3 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарын заңсыз сақтағаны және тасымалдағаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қаралғанын еске салады.

ҚР Қылмыстық Кодексi 296-бабында «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бұл туралы былай жазылған:

Ескерту. 296-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен. 

1. Қоғамдық орындарда есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес тұтыну – 

сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 

2. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – 

бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 

3. Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – 

екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 

4. Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – 

үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Ескертулер. 

1. Есірткі және психотроптық заттардың мөлшері Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестеде айқындалады. Есірткі мен психотроптық зат тектестердің шағын, ірі және аса ірі мөлшерлері өздері тектестері болып табылатын есірткі және психотроптық заттардың шағын, ірі және аса ірі мөлшеріне сәйкес келеді. 

2. Жеке тұтыну үшін сатып алған есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды өз еркiмен тапсырған не есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес мақсаттарда тұтынуына байланысты медициналық көмек көрсетiлуi үшiн медициналық мекемеге өз еркiмен барған не есiрткi, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды ашуға немесе олардың жолын кесуге, оларды жасаған адамдарды әшкерелеуге, қылмыстық жолмен табылған мүлiктi табуға белсендi түрде ықпал еткен адам осы бап бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылады. 

Ескерту. 296-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2018 № 205-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

 

Жетісайда жасөспірімдерге «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында арнайы дәріс өтті

Жетісай аудандық полиция бөлімінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция майоры Жанна Шалбекованың ұйымдастыруымен, аудан жөсөспірімдеріне әйелдерге және балаларға жасалынатын зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында арнайы сабақтар өткізілуде. Шараның негізгі мақсаты - отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар аясында жасалынатын зорлық-зомбылықтың тәсілін және әдісін, сондай-ақ, оның себептері мен жағдайларын анықтау және ерте жүктіліктің алдын алу.

Іс-шараға аймақ мектептерінің 7-11 сынып оқушылары қатыстырылуда. «Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық – қазіргі таңдағы ең жойқын адам құқығы бұзылуының бірі. Зорлыққа жол бермеуіміз керек. Бұл денсаулық пен өмірге қауіпті мәселе гендерлік теңсіздік, билікті теріс мақсатта пайдалану және жағымсыз нормалардан бастау алады. Зорлық-зомбылық әйелдердің қоғамдық өмірге араласуына кедергі келтіреді. Гендерлік зорлық-зомбылық отбасылар мен қоғамдастық арасындағы байланысты әлсіретіп, елдердің әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамуға қол жеткізуіне жол бермейді. Гендерлік  зорлық-зомбылық жайттары экономикалық дағдарыс, конфликт немесе эпидемия сияқты кез келген төтенше жағдай кезінде өседі. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш COVID-19 пандемиясы кезінде үйдегі зорлық-зомбылық туралы хабарламалар санының күрт өскенін атап өтті. Гутерриш мырза әлем елдерін әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты қатаң шараларды қолға алуға шақырды. 25 қарашада біз Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою бойынша халықаралық күрес күнін атап өтеміз. Және бұл күні гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-әрекеттің 16 күндік науқаны басталады. Бұл науқан маңызды мәселелерді көтеру және гендерлік зорлық-зомбылық туралы күрделі пікірталастарды қолдау үшін таптырмас құрал болып табылады. Біз БҰҰ Бас хатшысының «2030 жылға қарай әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты бірлесіп тоқтатамыз» науқанына қосыламыз. Біз гендерлік зорлық-зомбылықты Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастық, Орталық Азия елдерімен аймақтық ынтымақтастық және халықаралық ұйымдармен бірлесіп, көпжақты қолдау арқылы тоқтатуға тырысамыз. Біз Қазақстанмен серіктестікті жалғастыруға және тәжірибе алмасуға ниеттіміз, өйткені біз COVID-19-ға жауап беру және экономиканы қалпына келтіру бойынша жоспарлар мен стратегиялар әзірлеудеміз. Гендерлік зорлық-зомбылыққа және гендерлік теңдікке қарсы күрес кез-келген стратегияның ажырамас бөлігі болуы керек. Біз әйелдер мен қыздардың өз әлеуетін толықтай жүзеге асыруға, зорлық-зомбылықсыз өмір сүруге және, әрине, өз армандарын орындауға ресурстар мен мүмкіндіктерге ие болатын әлемге бірлесіп қол жеткізе аламыз»,-деген Жанна Шалбекова, кәмілетке толмаған қыздардың арасында тағы бір өршіп тұрған мәселе ерте жүктілік екенін айтты.  «Елімізде 15-19 жастағы қыздар арасында ерте жүктілік Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдеріндегі жасөспірім қыздарға қарағанда 6 есе жиі кездеседіерте жүктіліктің көп жағдайда бойжеткен сенгіштігінен екені белгілі болды. Яғни, сценарий барлығына белгілі. Қыздар басқа қалаға оқуға келеді. Жаңа қала, жаңа ортада оларға қой дейтін қожа, әй дейтін әже жоқ. Бұған дейін үлкендер тарапынан қойылған шектеуді аттап өткісі келеді. Келе сала танысқан жаңа құрбыларымен таңға дейін түнгі клубтарда уақытын өткізеді. Жігіттер де оларға қырындайды. Бойжеткен болса, кәмелеттік жасқа толғанмын деп алдайды. Сезім еркіне берілген жігіт те, қыз да жағдайдың байыбына бармайды. Көп жағдайдың соңында жігіт түрмеге түсіп, қыз құрсақтағы баламен қалады». Мамандарға салсақ, бұл дерттің дауасын жыныстық сауаттылыққа әкеп тірейді. Қыз да, ұл да бұл істе ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін мектепте үйренуі керек дегенді көлденең тартады. Өтпелі кезең деп аталатын уақытта жеткіншекте психологиялық тұрақсыздық болады. Кәмелеттік жасқа толмаған қыздар жағдайды қабылдай алмай, соңында өзіне қол жұмсауға шешім қабылдайды. Осы жаста жасөспірімдер психологиялық жағына қоса жүктілік қосылады. Ештеңені түсінбейтін қыз бұл проблемамен кімге және қайда барарын білмейді. Мамандардың пікірі бұл. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сенсек, жыл сайын әлемде балиғатқа толмаған 16 миллион қыз жүкті болады. Дүниежүзінде не шаруамыз бар деуіңіз мүмкін, алайда, бұл біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Әлгі ДДСҰ жариялаған статистиканың көш бастаушылар қатарында Қазақстан да бар.Дәрігерлердің деректері бойынша жылына елімізде 130 мыңға жуық жасанды түсік жасалады. Соның 30 мыңға жуығы Алматы қаласында екен. Түсік жасатқандардың ең жасы – 13-14 жастағы жасөспірім қыздар. Бүгінде 14 жастағы жасөспірімдердің 10 проценті, 15-17 жастағы қыздардың 21 пайызы жыныстық қатынас тәжірибесіне ие.Айта кетері, Қазақстанда жасөспірім қыздар арасындағы жасанды түсік Еуропамен салыстырғанда 3-4 есе көп.Сондай-ақ, елімізде 21 мың ВИЧ дертін жұқтырған адам болса, соның 40 проценті – 15-29 жас аралығындағы жастар. Осындай түрлі себептерден елімізде 17 мың отбасы бала сүйе алмай отыр.Сондықтан, мамандар мұндай келеңсіз жайттардың алдын алу үшін балаларға жыныстық тәрбиені 12 жастан бастап жүйелі, сауатты түрде жүргізу керек дейді мамандар. Дәріс барысында инспектор Ж.Шалбекова, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды ақпарат беріп, қыз балалардың тәлім-тәрбиесі, өз құқығын қорғай білуі керектігін жеткізді. Сондай-ақ қандай да бір құқық бұзушылық жайты орын алған жағдайда, арнайы сенім телефондары мен полицияға хабарласулары қажеттігі ескертілді. Өз кезегінде жасөспірімдер полицейлер ұйымдастырған сабақ, ондағы айтылған құнды ақпараттар, мен ақыл-кеңестер үшін алғыстарын білдірді.

 

 

Осы RSS каналға жазылу