Сенбі, 25 Қараша 2023 19:45

Төлеби ауданындағы кәсіпорын инновациялық технологияларды қолдана отырып, жаңа сүт өнімдерін шығаруда

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданына жұмыс сапарымен барды. Көксәйек елді мекенінде орналасқан «ФудМастер-Шымкент» ЖШС-де болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Аталмыш цех тәулігіне 70-80 тонна сүт өңдеуге қабілетті. 2014 жылы Франциядан арнайы құрал-жабдықтар әкелініп, заманауи техникалармен толықты. Нәтижесінде мұнда инновациялық технологияларды қолдана отырып, жаңа сүт өнімдерін шығаруда. Олар: сүт, айран, қаймақ, биоайран, йогурт және басқа да өнімдер.

Облыс әкімі кәсіпорын басшысымен әңгімелесу барысында оның ұсыныс-пікіріне құлақ түрді. Аудан әкіміне өз кәсібін кеңейтемін немесе жаңа жобаны бастаймын деген кәсіпкерлер үшін қолдау көрсетілетінін айтып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды жан-жақты насихаттауды тапсырды. Кәсіпорын технология мүмкіндігін пайдалана отырып, өнім сапасын арттыруды көздеп отыр. Зауыт сиыр сауатын орын, сүттің мөлшері мен сапасын бақылап отыратын жоғары технологиялық құрылғымен жабдықталған.

Аталған кәсіпорын басшысы Сұлтан Әбдіғалидің айтуынша, аудан аумағындағы тұрғындардан жинап келген сүтті міндетті түрде тексеріп, май құрамын, сапасын зерттейді. Компанияның барлық өнімі сертификатталған.Нарықта өз орнын тауып отырған аудандағы ірі кәсіпорында 128 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде аталған кәсіпорынның республика көлемінде бірнеше зауыты бар. Өткен жылы кәсіпорын 5760,0 млн. теңгеге 14 400 тонна өнім өндірсе, жыл басынан бері 4930,0 млн. теңгеге 12 500 тонна өнім өндірген.

Сондай-ақ, Төлеби ауданындағы Қасқасу ауылдық округ тұрғындарына табиғи газ нысаны пайдалануға берілді. Тұрғындардың қуанышты сәтін бөлісуге арнайы барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындармен пікірлесіп, ауданды дамыту бағытында белсенді болуға шақырды.

– Тұрғындармен кездесулерде көтерілген мәселелердің басым көпшілігі инфрақұрылымға қатысты. Жергілікті халықтың сұранысын ескере отырып, ең қажет дүниелерді, мүмкіндігінше, бірініші кезекте орындауға жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ауыл тұрғындары да өзінің туған жерін гүлдендіруге үлес қосса, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Ортақ мақсат – өңір экономикасын көтеру, кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыру, – деді облыс басшысы.

Аталған нысанның құрылыс жұмыстары мердігер мекеме «Аzia RC» ЖШС тарапынан 2021 жылы басталды. Конурстық құны – 723 594,5 мың теңге. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 66,1 шақырым. Абонент саны – 1021.

Қазіргі уақытта 3 дана газ реттеу пункті, 687 газ реттеуші шкаф бекеті орнатылды. Бұдан бөлек, жобада қаралмаған 105 үйге қосымша газ құбыры тартылды. Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас елді мекендерінің газ құбырлары сығымдаудан өтіп, іске қосылды. Нәтижесінде 1021 абонент немесе 5200 тұрғын газбен қамтылады. Ауданды газбен қамту деңгейі 100 пайызды құрайды. Жауапты мамандар тарапынан құжаттандыру бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінде елді мекендердегі 574 үй газға қосылып үлгерді. Оның ішінде, 15 отбасына демеушілер есебінен газ құбырын үйге дейін тарту жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, бүгінгі таңға дейін Төлеби ауданында табиғи газға 55 елді мекеннің 51-і қосылған. 21 149 абонент немесе 115 366 адам газға қосылып, қамтылу деңгейі 93 пайызды құрады. 2022 жылы Ленгір қаласының Күмістөбе, Кенші көшелері, Достық елді мекенінің Астана көшесі, Киелітас елді мекені Қарауылтөбе, Қорған көшелеріне газ құбырын тарту толық аяқталды. Сонымен қатар Көксәйек елді мекеніндегі Төлеби, Айтеке би, Тұрсынбай көшелерін және Бірінші Мамыр ауылдық округіндегі «Социал» массивін табиғи газбен қамтамасыз етуге 54,1 млн. теңге қаржы қарастырылып, 4,4 шақырым газ құбыры тартылды. Ленгір қаласының Таскешу және Сәулембаев көшелеріне 28,6 млн. теңге, «Солтүстік» мөлтек ауданына 36,5 млн. теңге бөлініп, кварталішілік газ құбыры тартылды. Аталған елді мекендер биыл толық газға қосылды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 1072 рет