Жұма, 19 Шілде 2024 20:22

Түркістан облысының агротуризм және экотуризм бағытындағы мүмкіндіктері таныстырылды

Ақмола облысында Түркістан өңірінің агротуризм және экотуризм бағыты бойынша мүмкіндіктері таныстырылды.  «Jana dala/Green day 2024» атты мамандандырылған көрме-демонстрациясы Ақкөл ауданында екі күн қатарынан өтті.

Оған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, АҚШ, Франция, Германия елшілері және Қазақстан мен шетелдің 200-ден астам компаниясының өкілдері қатысты. Бірінші күні ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды.

Іс-шараның екінші күнінде арнайы киіз үйлер тігіліп, әр аймақтың агросала және туризм саласындағы әлеуеттері таныстырылды. «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының Бас директоры Серік Сандыбаев ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевқа киіз үйде орналасқан агротуризм саласындағы өнімдерді таныстырды.

Түркістан облысынан консерві өнімдері, тосаптар, жеміс пюрелері, «Dala Fruit KZ» тарапынан жеміс шырындары қойылды. Сонымен қатар екі өңірдің туристік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, ішкі туризмді дамыту мақсатында ақпараттар беріліп, туристік орындары таныстырылды.

Ермек Боранбайұлы өз сөзінде Түркістан облысы туризм бағытын сөзбен емес, істеп дамытып жатқан өңір екенін айтып, Түркістанның туристік мүмкіндігін жоғары бағалады. Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, агротуризм – негізгі туристік бағыттардың бірі екені көрсетілген.

Айта кетейік, аталған көрме 2013 жылдан бері дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Көрме қазақстандық және шетелдік агробизнес өкілдері арасында танымал және саладағы озық әзірлемелерді көрсету, тәжірибе алмасу, отандық, шетелдік ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту үшін тиімді алаңға айналған. Сонымен қатар көрме қазақстандық өнімдерді әлемдік нарықтарға шығаруға, аграрлық нарыққа инвестицияларды тартуға ықпалын тигізеді.

Жалпы, Түркістан өңірінде туризм саласы қарқынды дамып келе жатқан салалардың қатарында. Аталған саланы дамыту облыс басшылығының күн тәртібіндегі мәселелердің қатарынан түскен емес. Бұл жөнінде облыс әкімі былтыр күзде өткен туризм саласын дамытуға арналған келелі жиында туризм саласында әлі де ізденіс, жұмыс, тың идеялар керектігін айтқан болатын. Дархан Сатыбалды осы бағыттағы кемшіліктерге тоқталып, жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Түркістан өңірі туризмін дамыту бойынша нақты жоспары болуы керек. Түрлі идеяларды қарастырыңыздар. Таулы аймақтарда, Сарыағашта туристік нысандар мен шипажайлар арнайы жоспарға сай салынуы тиіс. Кәсіпкерлер аудандарда туризмді дамытуға, бюджет түсімін арттыруға үлес қосса, қолдау көрсетіледі. Бірақ тәртіп болуы қажет. Жоспарсыз құрылысқа жол берілмейді. Жауапты басқарма туризм бойынша кеңес өткізсін. Осы саланы жақсы білетін туроператорларды, мамандарды, сарапшыларды шақырып, кеңесіңіздер. Меймандостық және туризм университетін де осы салаға жұмылдырған жөн. Түрлі туристік бағыттар әзірленсін, нақты ұсыныстар беріңіздер, – деген болатын Дархан Сатыбалды.

Басқарма тарапынан аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылды. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру керек.

Нысандардың инфрақұрылымын жетілдере отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарлануда.Ақмешіт үңгірін туристификациялау да маңызды мәселе. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылуда.

Бұдан әрі үңгір айналасында шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары жүргізіледі. Бәйдібек ауданындағы туристік орындарға келушілердің көптігіне қарамастан мемлекетке ешқандай түсім алып келмейді. Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана секілді кесенелерден түсетін табыс жоқ. Осыған орай, Бәйдібек ауданы әкімдігіне заңнама талаптарына сәйкес Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана кесенелеріне кіру бағасын белгілеу жөнінде ұсыныс беріліп отыр.

Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы — тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.

Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім.

2023-2024 жылдары Түркістан облысында жалпы сомасы 41,7 млрд теңгеге туристік инвестициялық 18 жоба жоспарланған. Атап айтқанда, «Medina Palace» қонақүйі, «Отау» ойын-сауық орталығы, фитнес-клубы, теннис орталығы және «Turkistan Mall» орталықтары сияқты жобалар іске асырылуда. 2022 жылы 15 туристік нысан пайдалануға берілген. Бүгінде облыс аумағында 1 754 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Бұл — Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары екенін көрсетеді. Тарихи туризмнің алтын ұясы десек те артық болмайды», — деді ҚР Мәдениет және спорт министрі. Министрдің пікірінше, бүгінде республикамыздағы аудан, ауыл жастары спортпен шұғылдану үшін мектеп интернат-колледждерде білім алуы керек. Қазіргі таңда еліміз бойынша 20 аймақтың 12-інде спорт мектеп интернат-колледжі бар болса, қалған 8 өңірде жаңадан ашылатын болады. Осылайша, кемелді келешек иелері кәсіби спортқа тарту жолында игілікті істер жалғаса береді.

Сонымен қатар, жыл сайын Түркістан облысының сауықтыру шипажайлары мен диспансерлеріне шамамен 50 мыңнан астам турист келеді.  Жалпы алғанда, аймақта демалушыларға диагностикалық медициналық қызметтердің кең спектрін, нәтижелі емделуді және толық тыныштық пен тепе-теңдік жағдайындағы жанға жайлы демалысты ұсынатын 60-тан астам мекеме бар. Олардың көпшілігі Сарыағаш өңірінде, тағы бірнеше шипажай Жетісай, Сайрам аудандарында және Арыс қаласында орналасқан.

«Өңірде сауықтыру туризмі өткен ғасырдың 50-жылдарында дами бастады. Бұған себеп — климаттың жылы болуы, таза ауа, қатты желдің болмауы, күн көзінің молшылығы, минералды су, қылқан жапырақты және жапырақты ағаштары бар саябақтардың болуы. Мәселен, температурасы 49-52 градус Цельсийге жететін және ем үшін қолданылатын минералды судың құрамында кремний қышқылы, радиоактивті элементтер, азот, бикарбонат, натрий, калий, кальций, магний, алюминий, мыс, марганец, молибден мен микроэлементтер бар», — дейді «Turkistan Tourism Center» туристік ақпарат орталығында. Түркістан облысының шипажайларында ас қорыту жүйесі, зат алмасуы бұзылған, жүйке жүйесі, қол және аяқ, тері аурулары бар науқастар, сондай-ақ гипертониямен ауыратын адамдар денсаулығын жақсарта алады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 218 рет