Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Құмкент ауылына жасаған жұмыс сапары барысында «Жылыбұлақ» каналының құрылысымен танысты. Каналдың бастау алған аумағында болып, жобаның сапасын бақылуына алды. 8 шақырымнан астам қашықтыққа орнатылған каналды іске қосудың ауыл тұрғындары үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, ауыл қариялары, салаға жауапты мамандар және мердігер мекеменің өкілдері қуанышты сәттің куәсі болды.
Қуанышты сәтте ауыл қариялары да өз алғыстарын білдіріп, бұл жобаның ауыл үшін үлкен жетістік екенін айтты. «Бұл көптен бері көтерілген маңызды мәселелердің бірі болатын. Жергілікті диқандар үшін үлкен жеңіс, себебі ала жаздай ризық-несібесін жерден терген шаруалар үшін бұл істің маңызы зор», – деді ауыл қариялары. Айта кетейік, «Жылыбұлақ» каналының іске қосылуы 750 гектар суармалы жердің игерілуіне мүмкіндік берді. Бұған дейін бұлақ суы жерге сіңіп, егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету айтарлықтай қиындықтар туғызған. Бірақ ендігі жерде бұл мәселе толықтай шешіліп отыр.
Жалпы, Құмкент ауылдық округінде жеті жүздей түтін, төрт мыңдай халық тұрады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жеті жүз гектардан астам суармалы жер бар. Бірақ арық суы ауылға толық жетпейтіндіктен, шаруалар егіс алқабының жартысына жуығын ғана игеріп келген. Айта кетейік, «Жылыбұлақ» каналы осы уақытқа дейін «ҚазСуШар» мекемесінің баланысында болған. Енді ауданның қарамағына өтті. Содан кейін ғана жобалық-сметалық құжаты дайындалып, бюджетке ұсынылды. «Аықтың табыны бетондалған соң, 750 гектар суармалы алқап пен жүз гектардан астам үй іргелік жерді ағын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады болжанып келген болатын.
Осы тұста атап өтерлігі, Түркістан облысында су қоймаларын салу, жөндеу және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасып жатыр. «Түркістан облысын әлеуметтік экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» және «ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес облыста 8 ірі су нысанының құрылыстарын жүргізу қарастырылған. 2021-2023 жылдары 2 су нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, сыйымдылығы 18,5 миллион текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, жылына 31,0 миллион текше метр ағын су қосымша жеткізілуде. Ал «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталды. Нәтижесінде бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, жоба аясында жылына 60 миллион текше метр ағын су үнемдеуге мүмкіндік туды. Каналдың су өткізу құрылымдарына аустралиялық тәжірибемен 66 дана автоматтандыру жүйесі орнатылды.
Облыс әкімі суармалы жер көлемін арттыру, су қоймалар мен каналдардың тиімділігін молайту, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керектігін ескерткен-ді.– Біз шаруаларды ағын сумен қамтитын жобаларға қолдау көрсетеміз. Бірақ әрбір нысанды құрылыс басқармасымен бірге ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан, қала әкімдері зерделеп барып салуы тиіс. Жобалардың нақты қанша гектар жердің жағдайын жақсартатынын алдын ала зерттеп, елге нақты пайдасы тиетіндей жүзеге асыру керек. Су үнемдеу технологиясын енгізу – заман талабы. Осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер. Каналдарды жөндеу мәселесі де бақылауда болады, – деген облыс басшысы жауаптыларға тапсырмалар берген болатын.
Өңір басшысының қолдауымен облыстық бюджет есебінен су нысандарын қалпына келтіруге бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға ұлғаюда. 2023 жылы 69 шақырым канал бетонмен қапталып, 11,5 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі ұлғайды. Былтыр ұзындығы 62 шақырым 11 каналды күрделі жөндеуге, сондай-ақ ұзындығы 488 шақырым қашыртқыларды механикалық тазалауға 8,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде 7,8 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, 19,4 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады. Алдыңғы жылы «Тұран су» ШЖҚ МКК өз қаржысы есебінен аудан-қала аумағындағы жалпы ұзындығы 689,7 шақырымды құрайтын 187 дана су нысанына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 48,5 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі, 1,6 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды.
Айта өтейік, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы барлық су қоймасын жөндеу мен қайта жаңғыртуға шамамен 2-3 триллион теңге қажет екенін мәлімдеді.«Министрлік су шаруашылығы объектілері мен су қоймаларына инвентаризация жүргізді. Республика бойынша 4 мыңнан астам су қоймасы бар. Тұжырымдаманы іске асыру үшін енді жергілікті атқарушы органдармен кешенді жоспар құру керек. Бүгінгі күні әр жергілікті атқарушы органмен бекітілген кешенді жоспар бар. Соған сәйкес тек су қоймалары ғана емес ирригациялық жүйе, цифрландыру жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 2-3 триллион теңге қажет», – дейді министр.
Естеріңізде болса, былтыр жыл басында Үкімет отырысында Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қабылданған-ды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, құжат саладағы қазіргі ахуалды және үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген. Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 20 жаңа су қоймасын салу және 15 жұмыс істеп тұрған су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту көзделіп отыр.
Тасымалдау кезіндегі судың өнімсіз шығынын 50-ден 25%-ға дейін төмендету, ал қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы, жоспарланған тәсілдерді іске асыру 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 миллион гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін суару жүйелерін құруға, сондай-ақ тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылатын болады. Осының арқасында су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің ауданы 1,3 миллион гектарға дейін өседі, шамамен 2,1 текше шақырым су үнемделеді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігі айтарлықтай артады деп күтілуде.
Бүгінде «hydro.gov.kz» цифрлық платформасын құру жұмыстары аяқталуда, онда су объектілері, гидротехникалық құрылыстар, су шаруашылығы бассейндері мен учаскелері, гидропосттар және т.б. жинақталған бірыңғай Су кадастры қалыптастырылатын болады. Оны биылғы ІІІ тоқсанда өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар министр Тұжырымдамада 3,5 мың шақырымнан астам су арналарын цифрландыру және суару жүйелерінің есебін автоматтандыру көзделгенін айтты. Премьер-Министрдің айтуынша, суды тиімді пайдалану – аса маңызды міндеттердің бірі, сол үшін ұсынылып отырған Тұжырымдама осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады.
«Оны іске асыру су ресурстарына мониторинг жүргізу мен болжаудың нақты жүйесін жолға қоюға ықпал етеді. Бұл жүйе су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте қажет. Тұжырымдаманың маңызды бағыты – су шаруашылығына қажетті инфрақұрылымды салу және реконструкциялау. Көп жылдар бойы оларды күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келді», – дейді Үкімет жетекшісі.
Үкімет басшысының сөзінше, тұжырымдаманың тағы бір маңызды бағыты – су үнемдеуді ынталандыру. «Су тапшылығында және суды тұтынудың артуы кезінде, ең алдымен, су шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды. Біз қазір фермерлерге су беру құнын субсидиялап отырмыз. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға жұмсалған шығынның 50%-ын өтейміз. Биыл бұл межені 80%-ға дейін көтеру жоспарлануда», – деді Премьер-министр. Сонымен қатар Премьер-Министр елімізде су үнемдеу жүйелерін енгізу қарқыны төмен деңгейде қалып отырғанын айтты. «Технологиялар құны қымбат. Оған диқандардың көпшілігінің шамасы жетпейді. Сондықтан оларды өзімізде шығаруды қолға алу керек. Мұндай жобалар қазірдің өзінде талқылануда. Оларды іске асыруымыз қажет», – дейді Премьер-Министр.
Жалпы, Үкімет басшысы су ресурстарын пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер жүйесін жолға қою керектігін айтты. Атап айтқанда, Ертіс өзенінің ресурсын аумақтар арасында қайта бөлуді қарастырудың маңызы зор.Келесі кезекте – трансшекаралық суды пайдалану мәселелерін шешу. Үкімет басшысы көрші мемлекеттермен осындай келісімдерді әзірлеу аясында келіссөздер процестерін күшейту үшін маңызды аргументтер қалыптастыру жағына мән берілуі тиіс екенін атап өтті.
«Жалпы, Тұжырымдамада жоспарланған барлық іс-шараны сапалы іске асырып, оған жауапкершілікпен қарау еліміздегі су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірге оны тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі қажет», – дейді Премьер-Министр. Сонымен қатар Үкімет басшысы Тұжырымдаманы тиімді іске асыру үшін Су саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдау қарастырылғанын айтып өтті.
Жалпы, Құмкент ауылдық округі Түркістан облысы Созақ ауданындағы әкімшілік бірлік саналады. Құрамына Құмкент, Қызылкөл ауылдары кіреді. Орталығы – Құмкент ауылы. Аудан орталығы – Шолаққорған ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 39 шақырымдай жерде. Округ құрамында болған Қызылқанат ауылы 2017 жылы таратылған. 2 орта мектеп, 1 емхана, 1 ФАП, 1 балабақша, 2 ауылдық клуб, 2 кітапхана, 2 қазпошта бөлімшесі, байланыс бөлімшесі, телестанциясы бар. Құмкентте 1928 жылы “Құмкент”, “Қызылқанат”, “Қызылкөл”, “Тасарық”, “Құрсай” деген колхоз ұйымдастырылған. Колхоздардың шаруашылық жұмыстарын ұйымдастырып, халықтың әл-ауқатының артуына колхоз бастықтары болған Балабек Асқанбеков, Жүсіпбек Есіркепов, Рахыш Сатиев, Байтемір Жайлаубаев, Бұзау Айқожаев, Рахыш Асқаров, Бердібай Нұрлыбаев, Омар Балтабаев, Жапан Қалдыбаев, Қуаныш Ақпанбетов, Кенбай Иманбердиев, т.б. өз үлестерін қосты.
1957 жылы бірінші наурызында 5 колхоз бірігіп, кеңшар (совхоз) болған. Бұл халықтың 1 жерге топтасып орнығуына, әл-ауқатының артуына көп әсерін тигізді. Кеңшар 70000-ға дейін қой өсіріп, 3000 гектарға дейін арпа, 400 гектарға дейін жүгері дақылын өсіруге қол жеткізді. 1994 жылы кеңшар таратылып, соның негізінде қазіргі уақытта бір өндірістік кооператив, бір ЖШС, 31 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Құмкент ауылдық кеңесінің төрағалары болып Сопиев (1950-1954 жылдары), Салхауов (1954-1956 жылдары), Темірәлиев (1956-1958 жылдары), Сексенбай Ілегенов (1958-1960 жылдары), Кенжеғұл Бергенов (1960-1965 жылдары), Мелдебек Атенов (1965-1974 жылдары), Досбол Саметов (1974-1983 жылдары), Аманкелді Құсмашов (1983-1986 жылдары), Жайлау Айтбаев (1986-1994 жылдары) қызмет атқарды. Құмкент ауыл әкімдері болып Жайлау Айтбаев (1994-1995 жылдары), Исатай Тілепов (1995 жылы), Жанәділ Төлбаев (1995-2004 жылдары) қызмет атқарды. 2004 жылдан бері Болат Айдарбеков ауыл әкімі болып келеді.
Созақ ауданының барлық жер көлемі 4 104 940 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланудағы жерлер — 716 948 гектар, өнеркәсіп, көлік байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығы емес, басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер — 70945 гектар, босалқы жерлер (ауданның арнайы жер қоры) — 2 016 809 гектар, орман қорының жерлері — 1 034 898 гектар, су қорының жерлері — 3245 гектар, елді мекендердің жерлері — 261 296 гектар, ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың жерлері — 799 гектар.
«Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.
Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз.Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн.
Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек.Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс» — дейді мемлекет басшысы.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат