Сәрсенбі, 25 Маусым 2025 09:54

Түркістан: Түлкібаста қаржылық сауаттылықтың маңыздылығы сөз болды

Бүгін ауданымызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидасын ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткен форумға облыс әкімдігі жанынан құрылған арнайы мобильді топ өкілдері, аудан аумағындағы барлық мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ардагерлер және аудан тұрғындары қатысты.

 

Заңдылық пен тәртіп кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізі болып табылады.

Осы ретте, маңызды басқосуда алғы сөз сөйлеген аудан әкімі Асқар Естібаев, 

«Бұл – бізге, жергілікті атқарушы органдарға, кәсіпкерлік пен қаржылық жүйе өкілдеріне жүктелген зор жауапкершілік. Бүгінгі форум – осы жауапкершілікті сезініп, нақты қадамдар жасау үшін ұйымдастырылып отыр. Қаржы триггерлері – елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына тікелей әсер ететін басты құралдардың бірі. Оның ішінде салық мәдениетін көтеру, көлеңкелі экономиканы азайту, цифрлық қаржы жүйесін енгізу сынды бағыттар өзекті болып отыр. Біз, аудандық деңгейде де қаржылық тәртіп пен айқындықты қамтамасыз ету үшін жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл ретте азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, жергілікті бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету және әрбір тиынның тиімді жұмсалуын қадағалау – басты мақсатымыз»-деді.

Сонымен қатар, форумда аудандық Агробизнес және саяхат колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  Р.Тоғайбеков, аудан әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Қ. Егембердиев бүгінде қоғамымыздағы өзекті мәселенің біріне айналып отырған қаржы пирамданың қауіпі, қаржылық сауаттылықтың маңыздылығы жайында баяндама жасап, маңызды ақпаратпен бөлісті.

Айта кету керек, бұған дейін де аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында аудан әкімдігінің конференц залында бөлім басшылары мен қызметкерлерінің қатысуымен арнайы мәжіліс өтіп, онда құқықтық тәртіп, қоғамдық ахуал, инфрақұрылым және қаржылық бақылауға қатысты бірқатар өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Оқылды 3 рет