Жұма, 20 Тамыз 2021 12:38

Түркістан: Асыл тұқымды "Ордабасы" қойына деген сұраныс арта түсуде

 Мал тұқымын асылдандырып, дәстүрлі шаруашылықтан заманауи мал бағу тәсіліне көшкен шаруа қожалық иелерінің табысы еселеніп, әлеуеті арта түсуде.

Міне, сондай іскер шаруашылықтың бірі – Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауылдық округіндегі «Сералы» шаруа қожалығы.

Асыл тұқымды «Ордабасы» қойын өсіріп, алыс-жақын шетелге танылып үлгерген кәсіпкердің ісі көпке үлгі.

Кеуделі, тұрпаты биік Шопан ата түлігінің басқа қылшықты қойлардан ерекшелігі, таза етті бірнеше есе артық береді.

Өңір ғалымдарының 21 жылдық еңбегінің жемісі саналған қой тұқымының бір аталығының басы 120 келіге дейін ет береді. Бүгінде ел аумағына таралған ет бағытындағы аталмыш қой тұқымына көрші мемлекеттер де қызығушылық танытып отыр.

Себебі, жаңа тұқымды қойлар ыстық пен суыққа төзімді, шөлге шыдамды. Жүні мен майы аз, еті мол. Төрт айлық қозысының орташа салмағы 40 келі тартады. Ірі, сақа саулықтардікі 70-90, ал қошқарларының салмағы шамамен 95-тен 120 келіге дейін жетеді.

Еттілігіне байланысты мұндай қой тұқымы қазірдің өзінде аса өтімді. Қазақы қойдың тағы бір ерекшелігі - барлық жердің табиғатына тез бейімделеді. Жер таңдамайды, жылдам жетіліп, тез қоңданады.

Айта кетерлігі, «Сералы» шаруа қожалығы бұл қой түрін 20 жылдан бері өсіріп келеді.

Қожалықтың басшысы Сералы Әбжановтың Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік ғылыми институтының ғалымдарымен бірлесе жүргізген жұмысы өз нәтижесін беруде.

Бүгінде қожалықтың асыл тұқымды қойларына деген сұраныс жылдан жылға артып отыр. «Ордабасы» қойының тұқымын жергілікті шаруалар ғана емес, арысы Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, берісі Алматы, Қызылорда, Жамбыл өңірінің қожалықтары да қызығушылық танытып, сатып алуда.

Шарушылықта қазір ұсақ малдың май емес, ет беру өнімділігіне баса мән берілуде. Бұрын керісінше еді. Сол себепті, бұл асыл тұқымды қойлар бойына май емес, етті көп жинайтындығы көпшілікті қызықтырып отыр.

Мұнан бөлек, ұсақ малдың тұқымын асылдандыру мақсатында аталған шаруа қожалығы аталық қошқарларды шаруаларға «жалға беру» арқылы да «Ордабасы» тұқымының таралу аймағын кеңейте түсуде.

Шаруашылық басшысының айтуынша қой басы 6000-нан асқан. Мұнан бөлек, ірі қара бордақылаумен айналысып, оған қажетті жем-шөпті жаңа техника күшімен өздері жинап алуда.

Бір сөзбен айтқандда қыр асып, жаз жайлау, қыс қыстау қыстамай-ақ, орталықтандырылған шаруа қожалығында төрт түліктің табынын көбейтіп, табысын арттыруда.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 281 рет