Бейсенбі, 24 Қараша 2022 20:35

ШЫМКЕНТТЕГІ ПОЛИМЕР БҰЙЫМДАР КӘСІПОРНЫ ӨНДІРІСІН КЕҢЕЙТПЕК

 

Шымкент қаласында полимерлік бұйымдар өндіру жобасы дамып келеді. Шаһардағы «InPlast» полимерлік бұйымдар кәсіпорны – итальяндық технология бойынша 30-дан астам, 150 литрден 20 000 литрге дейін пластикалық сыйымдылықтарды дайындайтын еліміздегі жалғыз өндіріс орны. Компанияның пластикалық ыдысы тек ірі тапсырыс берушілердің ғана емес, сонымен қатар үй шаруашылығының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге дайын.

Кәсіпорын басшысы Гүлзана Сарымсақованың айтуынша, компания өндірісті кеңейтуді қолға алған. «InPlast» өнімдері қазіргі таңда «Ақ бұлақ» сумен жабдықтау мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда пайдаланылуда. Ендігі ретте орталықтандырылған сумен жабдықтауы жоқ қалалар мен ауылдық жерлерде отандық өндірісті дамытуға, сондай-ақ, жылыжай шаруашылығында тамшылатып суару кезінде су жинау үшін және химикаттар дайындау үшін пластикалық бактар кәдеге аспақ.

 Сонымен қатар, «InPlast» бренді түрлі дизайн бағыттарда өз инновациясын ұсынады. Яғни, жарқыраған құмыралар, пластикалық жарқыраған шарлар үй, ғимарат, сауда орталығы, мейрамхана, аллея және тағы басқа нысандарды безендіру үшін қолданады.

«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында кәсіпорын айналым қаражатын толықтыруға 13,5 %-бен несие алды. Оның 5,4 %-ын Даму қоры субсидиялайды және несие сомасының 50 % мөлшерінде кепілдік алған. Жобаны «Банк ЦентрКредит» АҚ қаржыландырды. Енді компания өндірілетін өнімнің ассортиментін 100 және одан да көп түрге дейін (балалар алаңдары, қоқыс контейнерлері, биотуалеттер және т.б.) кеңейтуді көздеп отыр.

Еліміздің бизнес-картасында бұл кәсіпорын экономиканы шикізаттық бағыттан өндірістік бағытқа қарай дамытуға күш салып келеді. Жаңа технологияларды игерумен қатар, компания тауарларда отандық үлесті арттыруды іске асырмақ.

Шымкент қаласының Ордабасы индустриалды аймағында орналасқан бірегей кәсіпорынның өнімдері экологиялық таза және ыңғайлы полимер бұйымдары.

Оқылды 1141 рет