Сенбі, 20 Ақпан 2021 22:17

Түркістандағы «Назарбаев зияткерлік мектебінің» құрылысы қазан айында аяқталады

Түркістан қаласындағы 720 орынға арналған жаңа Зияткерлік мектептің құрылысы 2020 жылдың шілдесінде басталып, 2021 жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарлануда.

Оқушылар контингенті конкурстық негізде қалыптастырылады. Оқыту Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Өркен» білім беру гранты негізінде тегін жүргізіледі. Конкурстық іріктеуге 7,8,9 сынып оқушылары қатыса алады. 

Мектептің педагогикалық ұжымы да конкурстық негізде құрылатын болады. Мұғалімдер мен оқушылардың конкурстық іріктеуі туралы хабарлама бұқаралық ақпарат құралдарында және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің барлық интернет ресурстарында жарияланады.

Сонымен қатар Түркістан облысының Әділет департаментінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Түркістан қаласындағы өкілдігі тіркелді. Өкілдіктің жетекшісі қызметіне Әлібек Алатаев тағайындалды.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша 2008 жылы Астанада алғашқы зияткерлік мектебі ашылды. Бес жылдың ішінде Зияткерлік мектептері еліміздің барлық өңірлерінде ашылған еді. Зияткерлік мектептерінде жоғары білікті педагогтар дәріс береді, мектеп заманауи ғылыми-зертханалық және интерактивті мультимедиялық жабдықпен жарақтандырылған. Зияткерлік мектебінің осы және басқа да ерекшеліктері балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 555 рет