Жұма, 20 Тамыз 2021 21:40

Түркістан: «Мейірім» акциясы аясында 300 оқушыға оқу құралдары таратылды

Бүгін Түркістан қаласы әкімі Нұрбол Тұрашбековтің бастамасымен «Мейірім» акциясы өтті.

Акция аясында 300 оқушыға оқу құралдарымен жабдықталған сөмке таратылды. 17 түрлі оқу-құрал жабдығынан жинақталған сөмкелерді табыстау рәсіміне аға буын өкілдерімен, Түркістан қаласы ата-аналар мен педагогтар комитеті қоғамдық бірлестігінің төрайымы қатысты.

 

Алғаш болып сөз сөйлеген қала басшысы бүлдіршіндердің ел болашағының бастауы екендігін айтып, алдағы оқу жылына сәттілік тіледі.

 

Жиын барысы мектепке жаңа қадам басқалы отырған оқушыларға сөмкелерін табыстаумен жалғасып, карантин ережелеріне байланысты 10 бүлдіршінге тапсырылды. Қалған оқушының құрал-жабдық сөмкесі ардагерлер ұйымының әлеуметтік дүкенінде берілді.

 

Сондай-ақ, облыс көлемінде «Мектепке жол» акциясы жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен "Менің Атамекенім" ҚБ арасында мұқтаж отбасыларға көмек жинау туралы жасалған келісім аясында аtamekenim.kz порталы арқылы жыл бойынғы форматқа көшірілді.

Облыс бойынша аталған порталға мұқтаж отбасы балаларының ата-аналары өзінің өтінімдерін қалдыра алады. Ол үшін ата-ана аtamekenim.kz порталына кіріп, баласының ЖСН тіркеу арқылы тізімге енеді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

 

Оқылды 438 рет