Сәрсенбі, 06 Қыркүйек 2023 22:18

ШЫМШАҺАРДА 6 ТЕАТР БАР

Шымкенттегі театр сахналарында жаңа маусымның шымылдығы түрілді. Қалада мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 6 театр жұмыс істейді. Жаңа маусымның жаңалықтарымен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мәдениет және тарихи-мәдени мұраны сақтау бөлімінің басшысы Бауыржан Орынбасарұлы баспасөз брифингінде бөлісті.

– Осы жылдың 8 айында Шымкент қалалық Жұмат Шанин академиялық қазақ драма театрында «Серінің сергелдеңі», «Ахан» лирикалық драмасы, Шымкент қалалық өзбек драма театрында «Сәби» драмасы, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында «Кейкінің кегі», жалпы 13 премьера көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ репертуарлық 738 қойылым қойылып, 131 мыңнан аса көрермен келген. Биыл гастрольдік іс-сапармен Жамбыл облысында, Түлкібас, Ордабасы аудандары, сондай-ақ Түркістан облысында «Қуыршақ және жасөспірімдер» театрының 40 жылдығына орай, «Шымкенттен шашу», ал, Ж. Шанин академиялық қазақ драма театры Алматы, Түркістан қалаларында У.Шекспирдің «Қораз» трагикомедиясы қойылымын ұсынды. Жыл басынан бері 38 облыс, ауданда гастрольдік іс-сапармен қойылымдар қойылды. Алдағы 6-10 қыркүйек күндері Шымкент қалалық орыс драма театры Алматы қаласының М.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрына «Театр, или шум за сценной», «За двумя зайцами» қойылымдарымен гастрольдік сапары жоспарлануда ,– деді Б. Орынбасарұлы.

Жыл соңына дейін қаладағы барлық театрларда 389 қойылым қою жоспарланған. Тамыздың соңында бастау алған маусымашарда Шымкент қалалық опера және балет театры Т.Жармұхамбеттің «Домалақ ана» операсымен 16-шы театр маусымын, А. Пушкиннің «Пиковая Дама» драмасымен Шымкент қалалық орыс драма театры 94-ші маусымын, А. Маудановтың «Кейкінің кегі» драмасымен Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының 40-шы театр маусымы ашылды.

Айта кетейік, 7 қыркүйек күні М. Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясымен Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының 90 маусым ашары, 14 қыркүйек күні С. Ваннустың «Сұлтанның аты сұлтан» трагикомедиясымен Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының 16-шы, 28 қыркүйек күні Жоэль Помраның «Сәби» драмасымен Шымкент қалалық өзбек драма театрының 21 театр маусымының ашылуы өтеді.

Оқылды 335 рет