Жұма, 21 Қазан 2022 00:46

Отырарда Рухани келісім күні ерекше аталып өтті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет сарайында «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» атты іс-шара өтті. Мазмұнды өткен жиынға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов, облыстық дін істері басқармасының басшысы Р.Сабыржанұлы және мекеме қызметкерлері, дін өкілдері, ардагерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды аудан басшысы Сәкен Асылханұлы ашып, мерекеге орай дін өкілдеріне өз құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы да тақырып аясында құттықтау сөз сөйлеп, жиыға қатысушыларды тағылымы мол мерекемен құттықтады. Рухани келісім күні мерекесі аясында аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ауданда діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосқан дін қызметкерлерін арнайы алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпаттар тапсырды.

Әрі қарай, ауданның бас имамы Ғани Дербісбай мен облыстық "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" КММ-нің теолог-маманы Өтеген Бердуәлі ұлтаралық татулық, діни келісім жайлы баяндама жасаса, шара соңында дін тақырыбында театрландырылған қойылым көрсетіліп, жиналған көпшілікке рухани азық сыйлады.

Еске салсақ, 1992 жылдың күзінде Алматыда бірінші Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өткен болатын. Конгреске қатысушылар 18 қазан күнін «Рухани келісім күні», яғни, татулық іздеу, қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтау салу, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау туралы манифест қабылдады. Міне, 30 жылдан бері қазақстандықтар бұл күнді адамдар арасында түсіністік, келісім мен бейбітшілік орнату күні ретінде атап өтуде.

Тәуелсіз Қазақстанның 30 жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық болып табылады. Бұған негіз болған 30 жыл бойына 18-қазан күні аталып өтілетін Рухани келісім күні! Егемендік алғаннан бері бұл күнді ерекше атап өтудегі мақсат -  еліміздегі 17 конфессия мен 130-дан астам ұлт өкілдіренің басын біріктіру, тұрақтылық пен тыныштық орнату. Бүгінгі таңда рухани келісім көптеген елдер үшін бірінші кезектегі міндетке айналды. Осы жағдайда Қазақстан ұлттық бірлігіне негізделген тұрақтылықты көрсетіп отыр. Елімізде өмір сүретін этностардың ауызбірлігі мен төзімділігі қазақстандықтар үшін егемендік құру жолындағы күрделі кезеңдерден өтуге жәрдемдесті және әлі күнге дейін ел дамуына үлкен күш-қуат беріп отыр. Көпұлтты еліміз үшін бұл күннің маңызы зор. 1992 жылдың қазанында Алматыда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен тұңғыш рет Дүниежүзілік рухани келісім конгресі өткен болатын. Аллa Тағаланың рахымымен, халқымыздың талпынысымен Ислам діні Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде мешітке келушілер мен намазға жығылушылар саны күн сайын артуда.

Ислам діні татулықты, ауызбіршілікті діттейді. Сондықтан біздің де көздегеніміз дінаралық, конфессияаралық татулықты нығайтуға өзіндік үлес қосу. Алла тағала Құран Кәрімде: “Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз Отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла тағала қарсы емес. Өйткені, Алла тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді”, - деген (Мумтахина сүресі, 7-аят). Бұл аятта Алла тағала өзге дін өкілдерімен бейбіт ғұмыр кешуді, сондай-ақ мұсылмандардың оларға жақсылық әрі әділдік танытуларына рұқсат берген. Бұл ретте көп этносты, көп дінді елімізде өзара келісім, руханият пен ынтымақтастықты нығайтудағы осы атаулы мерекенің орны ерекше. Діннің табиғаты сондай, сенімі күшті діндар адам өзінің туыстары  мен  ұлтына, еліне көп алаң болмай, рухани бірліктегі өзінің діндес бауырларын  жақын  тұтып, соларға  жәрдем  етуге бейім болады және қажет болған кезде солардан қолдау күтіп, көмек сұрауға да дайын тұрады. Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел-халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан. Бұл жөнінде Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этносаралық, конфессияаралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз», – деген.

Ислам діні татулық мен мейірімділікке шақырады. Адамдарға мейіріммен қарау, дауласқанды татуластыру, көршімен қарым-қатынаста болу мұсылманды нұрландыратын әрекеттер. Көршімен-көрші, ел мен ел тату болса, әлемде бейбітшілік орнайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы мен бірлігі, дін исламның өркендеуі үшін жасаған қызметтері, расында да, үлкен жетістікке жеткізді. Ұлтымыз бен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін осы күн — қоғамдағы тұрақтылық пен келісім күні. Сондықтан да бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен гүлдену мерекесі ретінде атап өтіледі.

Тәуелсіздік жылдары ішінде өзімізге тән тамаша дәстүрлер қалыптасты. Рухани келісім – біздің ұлттымызға тән  үлкенді сыйлау, отбасына құр­мет, балаларға  қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар берік орнықты. Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 347 рет