Түркістан:Жөндеу жұмыстарын жасаймын деп 3,5 миллионнан астам ақшаны алдап әкеткен шетедік анықталды
Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, шетел азаматы құрылыс жүріп жатқан үйіне 10 дана есік, 2-ші қабатқа көтерілетін баспалдақты жасап беретінін айтып, 3 500 000 теңге ақшасын алған. Жәбірленуші 2 жыл бойы алаяқтың сөзіне сенген, алайда ол не ақшасын қайтармаған, не уәдесін орындамаған. Осы мәселенің түйінін шешу мақсатында жәбірленуші азамат полицейлердің көмегіне жүгінді. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚҚ-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Түркістан ҚПБ-ның полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдіктіні ұстады. Күдікті Өзбекстан елінің азаматы болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті танысын 2 жыл бойы әртүрлі сылтауларды айтып сендіріп келген. Ал сабыры таусылған жәбірленуші, алаяқтың құрбаны болғанын сезіп, полициядан көмек сұрайды. Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтардан алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды сұрайды. Қандай жағдай болмасын, анық-қанығын білмей, белгісіз азаматтарға ақша аудармауға және бермеуге, сенбеуге қатаң ескертеді.
ҚР Қылмыстық Кодексi 190-бабында «Алаяқтық» былай жазылған:
1. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену –
мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
4) ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен;
5) мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық –
мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мынадай:
1) ірі мөлшерде;
2) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса;
3) екі немесе одан да көп адамға қатысты;
4) бірнеше рет жасалған алаяқтық –
мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда, мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды:
1) қылмыстық топ жасаса;
2) аса iрi мөлшерде жасалса, –
мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.