Сәрсенбі, 19 Қазан 2022 20:05

Түркістан:Алаяқтық қылмысының 15 жайтына қатысы бар бойжеткен қамауға алынды

Түркістан полициясына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, оның әйелін жақын таныс емес жас қыз алдап кеткен. Яғни алаяқ, 2021 жылы аукционнан қомақты ақша шығарып беремін деп сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 800 мың теңге ақша алған. Алайда арадан 1 жыл уақыт өтсе де, сенген адамы не уәдесін орындамаған, не алған ақшасын қайтармаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі түркістандық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті бойжеткен тұрғылықты мекенжайынан анықталды. Ол жұмыссыз, Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.

Белгілі болғандай, бойжеткен оңай жолмен ақша табу мақсатында, аукционнан қомақты ақша шығарып беремін деп тұрғынды алдап үлгерген. Күдіктінің жалпы 15 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі 4 миллион теңгеге жуық. Бойжеткен қыз қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда жас қыз қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

 

ҚР Қылмыстық Кодексi 190-бабында«Алаяқтық» былай жазылған:

1. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – 
мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Мынадай: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 
4) ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен; 
5) мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық – 
мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Мынадай: 
1) ірі мөлшерде; 
2) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса; 
3) екі немесе одан да көп адамға қатысты; 
4) бірнеше рет жасалған алаяқтық – 
мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда, мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды: 
1) қылмыстық топ жасаса; 
2) аса iрi мөлшерде жасалса, – 
мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 


 

Оқылды 226 рет