Сәрсенбі, 19 Қазан 2022 20:16

Сайрам:350 дана электронды темекіні жымқырған 2 ер адам анықталды

Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз біреулердің дүкеніне ұрлыққа түскенін айтқан. Ақпарат алысымен тәртіп сақшылары шұғыл түрде ұрлық болған жерге шықты. Анықталғандай әккі ұрылар дүкенге кіріп, 350 дана электронды темекі құрылғыларын жымқырған. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрады.

Бұл ұрлық қылмысы бойынша тәртіп сақшылары жан-жақты тексеру жұмыстарын жүзеге асырып, көрген-білгендерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын қарап шығып, барлық қажетті шараларды атқарды. Соның нәтижесінде ақпарат көздері арқылы, күдікті ретінде 2 жергілікті тұрғын анықталды.

Яғни күдікті екі дос қылмысты алдын ала жоспарлы түрде ұйымдастырған.

Олар таңғы сағат 05:30 шамасында дүкенге терезе арқылы кіріп, темекі құрылғыларын ұрлап, таныстарына сатқан. Бүгінде сезіктілерден айғақты зат ретінде ұрланған электронды темекілер алынып, иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда сезіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.

ҚР Қылмыстық Кодексi 188-бапта «Ұрлық» былай деп жазылған:

1. Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру – 
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Мынадай: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық – 
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Мынадай: 
1) ірi мөлшерде; 
2) бірнеше рет: 
3) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Мынадай: 
1) қылмыстық топ жасаған; 
2) мұнай-газ құбырынан; 
3) аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Оқылды 232 рет