Арыс: Соттылығы бола тұра қылмысқа барған...

Полицейлер соттылығына қарамай қайта қылмысқа барған 2 ер адамды қамауға алды.

Арыс АПБ-ға жергілікті тұрғын азамат 102 нөмірі арқылы хабарласып, түнгі уақытта белгісіз біреулер дүкеніне ұрлыққа түскенін көрсеткен. Ұрылар дүкеннен 200 мың теңге ақшамен 30 дана темекіні жымқырған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 250 мың теңгені құрайды.

Содан полицейлер ұрлыққа қатысы барларды іздестіру жұмыстарын бастады. Жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп, көрген білгендерден сұрады. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті 2 азаматты бейнекамераның көмегімен Шымкент қаласынан ұстады.

Белгілі болғандай, күдіктілердің бірі - Шымкент қаласының тұрғыны болса, бірі жергілікті тұрғын екені анықталды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері күдіктілердің бұдан басқа да 5 ұрлық жайтына қатысы барын анықтады. Бүгінгі таңда жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі анықталуда. 2 күдікті де бұрын сотты болып, ҚР ҚК-нің 188-бабымен жауапкершілікке тартылған. Қазіргі таңда күдіктілер қамауда.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға кеңселер мен дүкендерге, сауда орындары мен жекеменшік иелігіндегі нысандарға сақтық үшін бейнекамера орнатып, темір торлармен жабдықтауға кеңес береді.

ҚОҒАЛЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Облыс аумағында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында кезекті жиын Қоғалы ауылдық округінде өтті.  

Іс-шараға облыс әкімдігінің жанынан құрылған "Түркістан - Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінен бөлек, Түркістан облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бас маманы Гүлмира Төлегенқызы арнайы қатысып, Заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістермен және Агенттіктің негізгі миссиясы мен негізгі 3 кешенді бағытының жүзеге асырылу барысын түсіндірді.

- Елдің дамуы мен әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу жолындағы маңызды қадамдардың бірі – сыбайлас жемқорлықты жеңу. Бұл проблемаға бүкіл әлемде үлкен көңіл бөлінетіні кездейсоқ емес. БҰҰ Бас хатшысы Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күніне арналған жолдауында: «Сыбайлас жемқорлық елдің даму процесіне апатты әсерін тигізеді, өйткені мектептерге, ауруханаларға және басқа да өмірлік маңызды мемлекеттік құрылымдарға арналған қаражат тиісті жерлерге жіберілудің орнына қылмыскерлердің немесе арам шенеуніктердің қолына түседі. Сыбайлас жемқорлық зорлық пен тұрақсыздықты арттырады. Бұл мемлекеттік институттар мен тұтастай үкіметтің көңілін қалдыруы, халықтың ашуын келтіруі және тәртіпсіздікке әкелуі мүмкін» деген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі, оның ішінде келесі міндеттерді шешуге бағытталған шараларды қамтиды: сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ұйымдастыру; сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау мен жазалаудың тиімділігін арттыру; сыбайлас жемқорлықты оның барлық көріністерінде қоғамдық қабылдаудан бас тартуға жағдай жасау. Осы жылдар ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қалыптасты, бірқатар бағдарламалық құжаттар қабылданды. «Қазақстан-2050»: табысты мемлекет үшін жаңа саяси бағыт» стратегиясында сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер деңгейіне дейін көтерілді. «2018 жылғы бюджетке қатысты сапасыз шешімдер нәтижесінде 138 млрд. теңге тиімсіз шығындалды. Бұған кім жауапты?! Көбіне бұл шешімдерді қарапайым орындаушылар қабылдаған. Осылайша, 2018 жылы Есеп комитетінің материалдары бойынша 224 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың тек 9%-ы жетекшілер» депген болатын. Осы жағдайға байланысты Президент Қ.К. Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қол астындағы адамдардың іс-әрекеттері үшін бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі туралы: «Сыбайлас жемқорлық қылмысы орын алған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігі заңнамалық және нормативтік түрде реттелуі керек» деген болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі маңызды қадам азаматтардың заң алдындағы тең жауапкершілігі болып саналады. Бұл жағынан Қытай өзгелерге үлгі болып отыр. 2019 жылдың алғашқы алты айында ҚХР-ның реттеуші және тәртіптік органдарына 1,6 миллион шағымдар мен құпия хабар кеп түскен. Мемлекеттік қызметкерлер 168 мыңнан астам әңгімелер мен жазбаша өтініштер жүргізді, 351 мыңнан астам іс ашылған. 254 мың адам жауапқа тартылды. Оның 215 мыңы партиялық жазаға тартылды. Сыбайлас жемқорлықты азайту үшін Президент Қ.К. Тоқаев мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру және бизнеске әкімшілік қысымды төмендету міндетін қойды. Президент «Мемлекеттік сатып алулар өткір әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін үлкен резервке ие (кейбір мәліметтер бойынша жылына 400 млрд. теңгеге дейін). 2018 жылы мемлекеттік сатып алулар 4,4 трлн. теңге, оның 3,3 трлн. теңгесі немесе 75 пайызы бір нүктеден бәсекеге қабілетсіз тәсілмен жүзеге асырылды. Шенеуніктерге арналған осы «қоректендірегіш шұңқырды» жабатын уақыт келді» деп атап өткен. Көбісі жемқорлыққа тап болған емеспін немесе аз ғана сомамен өз мәселелерін «шешіп алдым» деп айтуы мүмкін. Ааайда азаматтар жемқорлықтың зардаптарын күн сайын сезінеді.Біріншіден, сыбайлас жемқорлық жағдайында бизнесті дамыту және бәсекеге қабілетті әрі еркін нарықтың қызмет етуі мүмкін емес. Президент Қ.К. Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында: «Бұл мәселе бойынша менің ұстанымым белгілі: бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін кез келген әрекетті мемлекетке қарсы қылмыс деп санаған жөн. Осыған байланысты қосымша заңнамалық шаралар қажет. Парламент пен Үкімет бұл мәселенің шешімін ұсынуы керек» деген.Неліктен бизнесті дамыту маңызды? Өйткені жаңа жұмыс орындарының пайда болуы экономиканың осы саласының жағдайына байланысты. Кейбір елдерде жұмыс орындарының 90 пайызы экономиканың жеке секторда шоғырланған.Бизнеске кедергі келтіру бюджет түсімдерінің азаюын да білдіреді. Бұл дәл мағынасында әлеуметтік қолдаудың төмендеуі. Атап айтқанда мектептер мен ауруханалардың құрылысын тоқтату, зейнетақыны азайту, халықтың мұқтаж санаттарына арналған жәрдемақы, әлеуметтік тұрғын үй салу және т.б. Тағы бір проблема – ел экономикасына салынатын инвестициялардың өспеуі немесе тіпті қысқаруы. Сыбайлас жемқорлық елді шетелдік инвесторлар үшін өте тартымсыз ететіні жасырын емес. Ал ұлттық кәсіпкерлер өз қаражаттары заңмен қорғалатын басқа елдерге инвестиция салуды жөн көреді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында жастар мен жасөспірімдер, оқушылар мен студенттер арасында ағартушылық, білім беру шаралары да ұйымдастырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстандағы реформалардың алдағы кезеңінің маңызды бағыттарының бірі. Президент Қ.К. Тоқаев айтқандай, ол жүйелі негізде болуы керек. Бұл мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары, заң ғылымдарының докторы Марат Жұмағұлов өз пікірін білдірді.«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет кезінде әр түрлі елдерде қолданылып жүрген тиімді әдістерді қолдану қажет. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлық – кедей елдердің тағдыры деп ойлауға да болмайды. мысалы, Сауд Арабиясы Әмірлігі сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі рейтингінде 48-ші орында, бірақ көптеген зерттеушілер бұл ел сыбайлас жемқорлыққа өте бейім деп есептейді.Президенттің талаптарына сәйкес прокуратура органдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске үлкен мән беруде.Республиканың Бас прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар алдын-алу шараларын әзірледі әрі оны жүзеге асырып жатыр. Прокуратураның осы саладағы қадағалау қызметі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың уақытылы алдын алуға, олардың себептері мен жағдайларын анықтауға және жоюға бағытталған.Сонымен қатар, прокуратура органдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру үшін алдын алу шараларын жүргізіп, прокуратура органдары мен мекемелерінің қызметкерлеріне арналған Ар-намыс кодексінің талаптарын қатаң сақтауға, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет саласындағы мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимыл нысандарын кеңейту бойынша қалалық және аудандық прокуратуралардың қызметі де күшейтілді.Прокурорлар қабылдаған шаралардың алдын алу әсерін күшейту үшін тексеру барысында анықталған әрбір бұзушылықты түзету және теріс әсерді қалпына келтіру үшін бақылауды көздейтін заң бұзушылықтарды нақты жоюды қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты прокурорлық қадағалаудың сапасы мен тиімділігін, оның ішінде нысандары мен әдістерін жетілдіру арқылы үнемі арттыру қажет.Осы жұмыстың аясында прокуратура органдары құқық қорғау органдарының үйлестіру функциясының тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдауда,-деді маман.

Жиын барысында ауыл тұрғындарының тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап беріліп, талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрілді.

 

ТӨЛЕБИ: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС - АГЕНТТІК ҚЫЗМЕТІМЕН ШЕКТЕЛМЕУІ ТИІС

Бүгін адал қоғамды қалыптастыру аясында Төлеби ауданының Қасқасу ауылдық округінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шара өткізілді.

Жиынға ауыл әкімі мен ауыл тұрғындары және әкімдік мамандары қатысты.

- Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы "Жемқорлық індет, онымен күресу - міндет" деген қағиданы жұрт санасына орнықтыру - барлық мемлекеттік органның ортақ жұмысы. Азаматтар арасында ақпараттық түсіндіру жұмысын күшейтіп, жүйелі түрде жүргізу қажеттігін баса атап өтті, - ауылдық округ әкімі.

- Сыбайлас жемқорлық еліміздің экономикасы  мен ұлттық қауіпсіздігіне орасан зор нұқсан келтіріп қана қоймай, нарықтық экономиканың дамуына залалын тигізеді. Сол себепті онымен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына айналған,-дейді жиналғандар.Сыбайлас жемқорлықтың ерекшелігі-оның көпшілікке жария етілмеуінде. Өйткені, ол екіжақты «құпия мәміле» ретінде іске асырылғандықтан, оның ашылуына екі тарап та мүдделі болмайды. Үлкен әлеуметтік қасірет саналып отырған қылмыстың бұл түрі саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлем елдерінің қай-қайсысын да қатты алаңдатуда. Көбінесе сыбайлас жемқорлыққа  адамдардың заң талаптарын  білмеуінің салдарынан жол беріледі. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтындығынкөпшілік ескере бермейді. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 366-бабында көзделгендей пара алғанда және Қазақстан Республикасының ҚК-нің 367-бабында көзделгендей пара бергенде қылмыстық жауапкершілік көзделген. Яғни жемқорлық туралы айтқанда тек пара алушыларды жою арқылы жеңуге болмайды. Ол үшін пара беруге ниетті жандардың да санасына саңылау түсіріп, жегі құрттың етек жаюына өзінің де ықпал етіп отырғанын жан-жақты түсіндірген маңызды. Адамдардың көбі пара беру мен сыбайластықты түсінбейді. Алайда пара алу мен пара берудің қылмыстық жауапкершілігі тең деп айтуға болады. Жемқорлықпен күрес ең алдымен адами фактордың таным-түсінігіне, рухани кемелділігіне байланысты. Әрбір азамат және әрбір мемлекеттік қызметшілер қандай жағдайда болмасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру керек,-деді заң өкілдері.Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа дамушы елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де жегі құрттай бұл кесел айналып өткен жоқ.«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданғаннан бері осы жылдар ішінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер дәйектілікпен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы шаралар мен көкейтесті мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көрністерінің азаюы байқалады. Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Яғни бұқара көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көрністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сонда ғана халық сенімінің үддесінен шығатынымыз сөзсіз. Қазақстан халқы өз алдына ел болып, еңсесі биік жоғарғы мемлекеттердің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами қалып-парасат биігінен көрінуге тиіспіз,-дейді ауыл тұрғындары.

«Сол үшін де, бұл қоғамдық кеселмен Агенттік қызметімен ғана емес, жалпы қоғам, Сіз бен біз болып қарсы тұруымыз қажет. Жылдан жылға сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершілік күшейтіліп келетіні баршаңызға мәлім»,-деп қорытындылады Нұржахан Ермағаметықызы.

Жетісай: «Түркиядан арзан бағада алтын әшекейлер әкеп беремін» деп алдап кетті

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның танысы «Түркия елінен арзан бағада әйелдерге арналған алтын әшекей заттарын сатып әкеліп беретінін айтып», әбден сеніміне кіріп, жалпы 16 130 000 теңге ақшасын және 2 000 000 теңгелік алтын әшекейлерін алдап алып кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олардың жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, осы қылмысқа қатысы бар күдікті ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай, күдікті мен жәбірленуші көршілер болып шықты. Ол жәбірленушіден алған ақша мен әшекей бұйымдарды бас пайдасына жаратып жіберген. Полицейлер оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтыққа тап болмас үшін, сақ болуды ескертеді. Күмәнді қызмет ұсынатын таныс және бейтаныс адамдарға ақша мен бағалы заттарды беруден бұрын, оның сенімді адам екендігіне толық көз жеткізуге кеңес береді. Егер, сіз, алаяқтыққа тап болсаңыз, тез арада 102 нөміріне хабарласыңыз.

Сарыағаш: Жалған құжатпен шекарадан өтпек болған 2 шетелдік...

Сарыағаш АПБ-ға «Жібек жолы» шекаралық бақылау бөлімшесінің қызметкерлерінен хабарлама түсті. Онда Өзбекстан республикасының 2 азаматы Қазақстан Республикасының шекарасынан өтпек болған кезінде құжаттарында кінәрат бар екендігі көрсетілген.

Хабарламаны алған Сарыағаш АПБ-ның полиция қызметкерлерінен тәжірибелі топ құрылып, бірден оқиға орнына келді. Осылайша ел аумағынан шықпақ болған 2 азаматтың құжаттары мұқият тексерілді.

Нәтижесінде шетелдіктердің құжаттары жалған екені расталды. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 385-бабы «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» бойынша тіркеді.

Қазіргі таңда іс құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау мақсатында Сарыағаш аудандық сотына жолданды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жалған құжат жасатқан жағдайда заң аясында шара көрілетінін ескертеді. Заңға бағынайық!

Сарыағаш: Полицейлер тұрғындардың ақшасын қалтасына басқан әйелді ұстады

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне екі бірдей тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, танысы «жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлерден екі бөлмелі пәтер алып беремін» - деп, 400 000 теңге ақшасын алып қайтармай қойған.

Екінші әйел өз арызында, алаяқ «Шымкент қаласынан үй алып беремін» - деп, 500 000 теңге ақша алғанын көрсетті. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Олар алаяқтық қылмысына қатысы бар күдіктіні ұстауға бағытталған шараларды жүзеге асырды. Бұл жайтқа қатысы бар күдікті жергілікті тұрғын әйел болып шықты.

Тексеру кезінде күдікті бірнеше жыл өтіп кетсе де берген уәдесін орындамай, алаяқтық жасап жүргені анықталды. Ол жәбірленушілерден алған ақшаны, бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері таныс және бейтаныс адамдарға ақшаға қатысты шешімдерді сақтық шараларын сақтай отырып қабылдауға кеңес береді. Сонымен қатар күмәнді қызмет ұсынатын адамдарға банк шот нөмірін бермеуді сұранады.

Түркістан: Мемлекет тарапынан жәрдемақы шығарып беремін деп, алаяқтық жасаған

Түркістан ҚПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанын айтып шағымданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оған танысы мемлекет тарапынан жәрдемақы шығарып беремін деп сеніміне кірген. Алаяқ жәбірленушіден осы үшін 350 мың теңге ақша алған.

Алайда әр нәрсені бір сылтауратып, уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай тұрғынды әбігерге салған. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.

Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында полиция басқармасында тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, күдіктінің жеке-басын анықтап, оны ҚПБ-ға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Егер осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, 102 телефонына тез арада хабарласыңыз.

Мақтаарал: Ұялы телефон ұрлаған ер адам ұсталды

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жас қыз арызданды. Оның айтуынша, өзі жұмыс жасайтын дәмханадан оның «Самсунг-А10S» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 70 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Тәртіп сақшылары хабар келіп түскен бойда оқиға орнына бірден келіп жетті. Олар сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Полицейлердің жасаған жұмыстарының нәтижесінде, осы қылмысқа қатысы бар бұрын ер адам ұсталды.

Анықталғандай, ер адам дәмханаға түскі ас ішу үшін кірген. Содан үстел үстінде тұрған ұялы телефонға көзі түсіп, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру ойы туындаған. Осыдан соң ешкімнің бақылап тұрмағанына көз жеткізіп, арам ойын жүзеге асырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Ұрлаған бөтеннің мүлкін базарға апарып сатып, ақшасын жаратып жіберген.Бүгінде күдіктіге қатысты іс-құжаттар сотқа жолданды.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жеке бағалы заттарыңызды ұрлықшылардың оңай олжасына айналмауы үшін сақ болуды ескертеді.

Созақтық полицейлер 6 ай ішінде 3500-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады

Созақ аудандық полиция бөлімінде жеке құрам қызметкерлерінің қатысуымен жедел кеңес өтті. Жиынның басты мақсаты - осы жылдың жарты жылдығында құқықбұзушылықтың, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде атқарған жұмыстардың нәтижесін талқылау.

Іс-шарада жеке құрам қызметкерлерінің арасындағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы полиция подполковнигі Күмісбек Қамшыбеков баяндама оқыды.

Сонымен қоса аудан бойынша полицейлермен 6 ай ішінде 3258 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Атап айтар болсақ, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер бойынша – 40, белгіленбеген орында сауда жасау – 6, ұсақ бұзақылық – 5, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау - 107, қоғамдық орында мас халде жүру – 143, қорғау нұсқамасын бұзу – 2, Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру бойынша 371 құқұқықбұзушылық тіркелген. Сонымен қатар көлікте ұялы телефон пайдалану – 60, қауіпсіздік белдігін тақпаған – 318, қарсы бағытқа шығу – 2, жаяу жүргіншіге жол бермеу – 13, мас халде көлік басқарған – 17, жаяу жүргіншінің жолды кесіп өтуі бойынша 263 дерек тіркелген.

Жиын кезінде тәртіп сақшыларының алдағы жұмыс жоспарлары айтылып, жеке тапсырмалар берілді.

Ордабасылық полицейлер суға шомылған тұрғындарға түсіндірме жүргізді

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар мекемесінің қызметкерлерімен бірге рейдтік шара жүргізді. Олар аудандағы өзендер мен көлдерге, каналдарға барып, ондағы жасөспірімдерге түсіндірме жұмыстарын жасады. Сонымен қатар тыйым салынған аумақтарға суға шомылуға болмайтындығын баса айтты. Және алғашқы көмек көрсету ережелерін түсіндірді.

Айта кетер болсақ, полиция қызметкерлері жыл басынан бері аудан аумағында белгіленбеген аумақтарда суға түсіп, ережені бұзғаны үшін 4 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы 1-бөлігі «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша хаттама толтырған.

Облыс полицейлері тұрғындарға суға шомылу маусымында барынша сақтық шараларын ұстануға кеңес береді. Жасөспірім балаларыңызды қараусыз жібермей, тыйым салынған аумақтарға суға түсуге болмайтынын еске салады. Жазатайым жағдайды болдырмас үшін сақ болайық!