Қазығұрт: Техникалық тауар сататын дүкенге ұрлыққа түскен

Қазығұрт АПБ-ға жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз біреулердің дүкеніне ұрлыққа түскенін айтқан. Ақпарат алысымен тәртіп сақшылары шұғыл түрде ұрлық болған жерге шықты. Содан полицейлер әккі ұрылардың дүкенге кіріп, 6 дана ұялы телефон, 3 дана ноутбук пен оның 2 дана дискісін жымқырғандарын анықтады.

Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді. Дүкен иесіне келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрайды.

Бұл ұрлық қылмысы бойынша тәртіп сақшылары жан-жақты тексеру жұмыстарын жүзеге асырып, көрген-білгендерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын тексерді, барлық қажетті шараларды атқарды. Соның нәтижесінде ақпарат көздері арқылы, күдікті ретінде 3 ер азамат анықталды. Яғни күдікті 3-еу қылмысты алдын ала жоспарлы түрде ұйымдастырған.

Олар таңғы сағат 05:30 шамасында дүкенге терезе арқылы кіріп, өз арам ойларын жүзеге асырған. Бүгінде сезіктілерден айғақты зат ретінде ұрланған барлық техникалық заттар алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда аталған ұсталғандар қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңыз бен ұялы телефондарыңызға, әмияндарыңызға сақ болып сақтық шараларын қолдану қажеттілігін ескертеді. Мүліктің кез-келген түріне қырағылық пен жауапкершілікпен қарағанда ғана, мұндай жағдайларды азайтуға болатынын ұмытпаңыз.

 

Түркістан: «Үздік ерлік жасаған қайырымды батыр» полицей

Біреудің арманын орындау кез-келгеннің қолынан келмейтін үлкен ерлік! Бүгінде осындай игі істерді жасап, алғыс арқалап жүрген жастар саны жетерлік. Мәселен елімізде адамдарға жақсылық жасаудан жарысып жүрген «Мейірімді асыл адам» қайырымдылық қоры бар. Бұл қайырымдылық қорында еріктілер, халыққа қамқор болып, қолдау көрсетіп жүреді. Сондай-ақ әр жылы қорытынды мерекелік шарасын ұйымдастырып, қайырымдылық жасап, ел аузында қалған «Асыл адамдарды» анықтап, марапаттайды.

Күні кеше Түркістан төрінде қордың кезекті шарасы өтіп, Түркістан қалалық Полиция басқармасының полицейі Дінислам Перменов «Үздік ерлік жасаған қайырымды батыр» атағын алып, марапатталды. Осы тұста полицейдің қай әрекеті үшін мадаққа ілінгенін өздеріңізбен бөліссек: Ағымдағы жылдың наурыз айында Түркістан қаласындағы «Жаңа қала» атанып кеткен көпқабатты пәтерлердің тұрғындарынан полицияға хабарлама келіп түседі. Онда жалғыз тұратын егде жастағы әйел үйінде қамалып қалғаны, көмек қажет екені айтылды.

Ақпарат түскен бойда оқиға орнына сол аумақтың учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Дінислам Перменов пен әріптесі полиция капитаны Сәден Сырбаев жетеді. Шұғыл әрекет еткен полицейлер, 1 минутта уақытты бос өткізбеді. Бірден көмек қажет 2-қабаттағы қарт әжейдің пәтерінің қылтимасына секіріп мініп, есігін бұзып үйге кіреді. Содан әйелдің жуынатын бөлмеде құлыптанып қалғанын байқап, оны шығарып алады. 3 сағат бойы бөлмеде құлыптанып қалып, көршілерін бар дауысымен көмекке шақырған әйел, аздап мазасызданып тұрды. Полицейлер тұрғынға жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсетті.

Осы оқиғадан кейін тұрғындар Дінисламмен әріптесін «біздің батырымыз, қорғанымыз» деп атап кеткен. Бұл оқиға қайырымдылықпен айналысатын ерікті жастардың назарына ілігіп, қордың мерекелік кешінде тәртіп сақшысын марапаттауға шешім шығарған. Осылайша елдің алғысына бөленген полицейдің мәртебесі артты. Полиция аға лейтенаты Дінислам Перменов ішкі істер саласында 2016 жылдан бері қызмет етіп келеді. Былтыр ғана сүйікті аруы Арайлыммен отау құрып, үйленген. Ендеше «Үздік ерлік жасаған қайырымды батырдың» қызметіне сәттілік тілейміз!

ҚАЛА ӘКІМІ М.ӘЙТЕНОВТЫҢ ШЫМҚАЛАНЫҢ ЖАСТАРЫМЕН КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУІ

Жастардың бүгінгі мәселесінің оң шешімі жарқын болашақтың кепілі екендігі белгілі.

Заман талабына сай өзгеріп отыратын бұл мәселелер ауқымды талдау мен жүйелі шешім жолдарын қажет етеді. Ал, мәселенің мәнін дұрыс анықтау, жастармен жүйелі кездесулер мен диалогтар арқылы мүмкін екені анық.

Осы мақсатта Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бүгін Еңбекші ауданыны жастарымен кездесті. Бұл кездесу әкімдік жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің ұйымдастыруымен ашық алаңда, еркін форматта өтті. Кездесу барысында Еңбекші ауданында жастар саясатын жүзеге асыру жайы баяндалды.

Қала әкімі жастар арасындағы өзекті мәселелер мен ұсыныстарды тыңдады. Жастар өз белсенділігін көрсетіп, көптеген ұсыныстар мен пікірлерін білдірді.

Атап айтар болсақ:

• Жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектерін мемлекттік бағдарламалар арқылы тұрақты жұмысқа орналастыру;

• «Ерікті жастардың біліктіліктерін арттыруға арналған жобалардың санын көбейту.

• Жас режиссерларды қолдауға арналған фестивальдармен іс-шаралардың санын арттыру сыңды ұсыныстар ұсынылды.

 М.Әйтенов мегаполистің дамуында жастардың үлесі, жауапкершілігі мен белсенділігінің аса маңыздылығын алға тартты. Олардың болашаққа нық сеніммен қарауы жəне жан-жақты жарасымды жетілуіне, талантты жастарға жағдай жасап, барлық оң бастамаларды қолдауға дайын екендігін жеткізді.

Кездесу соңында әкім мен жастар естелікке суретке түсті.

Естеріңізге сала кетейік, әкім жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысында
Қала әкімі жастармен айына бір рет кездесу өткізетін мәлімдеген болатын. Бұл кездесу соның айғағы. Шымкентте 4 ауданның жастары 4 блогқа бөлініп, олармен «Жастар ресурстық орталығында» тұрақты кездесулер өтіп тұрады. Бүған дейін шаһар басшысы Абай ауданының жастарымен кездескен болатын.

Айта кетейік,Шымшаһарда 240 мыңнан астам жас бар. Жоғарғы және арнаулы оқу орындарында 10 мың студент білім алуда. Кәсіпкерлікті дамыту аясында 18 мың жасты жұмыспен қамту көзделуде.

500 ШЫМКЕНТТІККЕ ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫН БЕРУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Бұл туралы Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева Ақпараттық-коммуникациялық оталығында өткен баспасөз брифингінде айтты.

Шымкент қаласында биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралып отыр.

Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие  негізінде  «2-10-20», «5-10-20»  бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін азаматтарға берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесінің нысаны.

Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір алушы үшін 1 млн. (бір миллион) теңгеге дейін бірыңғай мөлшерде айқындалған.

Шымкент қаласы бойынша  тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. 2019 жылы 21 азаматқа 20,4 млн.теңгеге, 2020 жылы 101 азаматқа  100 млн.теңгеге тұрғын үй сертификаттары  берілген. 2021 жылы 416  отбасыға  370 млн. теңгеге берілсе, 2022 жылы 500 азаматқа 1 млн теңгеге дейін  қайтарымсыз негізде  бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек қарастырылған.

Тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау 2022 жылдың                               13 шілдесінен бастап мемлекеттік көрсетілетін қызмет ретінде www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы автоматтандырылған және электронды түрде жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда сертификатқа 39 өтінім қабылданып қаралуда.

Оның ішінде:

5 өтінім өтініш берушімен кері қайтарылып алынған.

12 өтінім - 8 265 378 теңгеге тұрғын үй сертификаттары мақұлданды.

22 өтінім қағида талаптарына сай келмеуіне байланысты, мақұлданудан бас тартылды. (Банктің мақұлдау туралы хаты жоқ, төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен асып кеткен, Банк есеп шоттары сәйкес келмейді).

Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасының әрбір мүшесіне ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын (2022жылға-37 389 теңге) соңғы                6 (алты) ай ішінде орташа табысы (115 905 теңге) болған жағдайда беріледі (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды қоспағанда).

ШЫМКЕНТТіК 12 АЗАМАТ ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫН ИЕЛЕНДІ

Шымкент қаласында тұрғын үй сертификаты бойынша 12 азаматтың өтінімі мақұлданды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз брифингінде тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева мәлімдеді.
Тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау ағымдағы жылдың 13 шілдесінен бастап www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы электронды түрде қабылдануда. Бүгінгі таңда тұрғын сертификатына 39 өтінім келіп түсіпті. Оның ішінде 5 өтінім өтініш берушімен кері қайтарылып алынған, 12 өтінім мақұлданды. Ал 22 өтінім тұрғын үй сертификатының талаптарына сай келмеуіне байланысты, мақұлданудан бас тартылды. Яғни бас тартудың негізгі себептері жолданған өтінімдерде банктің мақұлдау туралы хаты қоса ұсынылмаған, енді бірінде төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен асып кеткен.

Айта кету керек, Шымкент қаласында биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралып отыр. Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 млн. (бір миллион) теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған.

Тұрғын үй сертификатын алушылар санатына мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар сондай ақ Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер жатады.

Қажетті құжаттар тізімі:

1) нысан бойынша өтініш;

2) өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;

3) соңғы 6 ай ішіндегі еңбек және кәсіпкерлік қызметтен табысы туралы анықтама;

4) жұмыс орнынан анықтама (халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының санаттарын қоспағанда);

5) қарыз сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ай сайынғы төлемнің сомасы туралы мәліметтерді қамтитын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы банктің хаты.

Құжат тапсырылатын орын:

Өтініш кezekte.kz. интернет ресурсы арқылы қабылданады.       

Ол үшін әрбір азаматтың электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы қажет.

ҚАЛА ӘКІМІ КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов аудан әкімдері мен коммуналдық қызмет көрсетуші мекеме басшыларының басын қосты. Мақсат -  қаланың санитарлық-тазалық сақтау мәселесін талқылау. Шаһар басшысы аудандарда санитарлық-тазалық сақтау, көгалдандыру, шөп ору жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатқанын айтып, жұмысына жуапсыздық танытқан бірқатар басшыларға ескерту жасады.

- Тазалық жүргізетін мердігерлер анықталып, жұмысын бастағанына 3 айға жуықтағанымен, тұрғындар тарапынан шағымдар саны азаймауда. Әлеуметтік желіде ай сайын сыни материалдар жариялануда. Оның басты себебі мердігер мекемелерде бүгінде қажетті ресурстар мен жұмыс күші толығымен жетіспеуде. Жұмыспен қамту орталығында 10 мыңнан аса жұмыссыз тіркеуде тұр. Бос жұмыс орындарын жасырмай, соларды жұмысқа тарту керек. Аудан әкімдері тазалықпен айналысатын мердігер мекемелердің жұмысын үйлестіру, қызметін қадағалау, бақылау шараларын жүйелі жолға қоймаған. Әкімдердің жұмысы шашылған қоқыс қалдықтарын мердігер компанияға хабарлап, жинатумен ғана шектелуде. Барлығыңыздан нәтижелі жұмыс көрсетулеріңізді талап етемін, - деді отырыс төрағасы.

Аудан әкімдері тазалық жұмыстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, өзекті мәселелерді ортаға салды.

Шаһар басшысы жиналыс қорытындысында - кемшіліктерді ретке келтіріп, тазалық сақтау жұмыстарын жүйелендіруді; қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мердігерлердің жұмысын арнайы бақылауға алуды; аудандағы кәсіпкерлік субъектілеріне арнайы мекемелермен келісім-шартқа тұру арқылы аумағындағы қоқыстарды тазалау, уақытылы шығаруды ұйымдастыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді; тұрғындарға тазалық этикасын барынша түсіндіруді тапсырды.

Сайрам: Полицейлер туысының телефонын ұрлаған жас жігітті ұстады

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның ауласында тұрған «Poco X3 Pro» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 200 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Тәртіп сақшылары ақпарат келіп түскен бойда көрсетілген мекенжайға келді. Олар осы қылмысқа қатысы бар күдіктіні ұстау үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Оны тәртіп сақшылары 1 күн өтпестен, өзінің үйінен ұстады.

Анықталғандай, жас жігіт жәбірленушінің туысы болып шықты. Ол қарыздарын жабу мақсатында ұялы телефонды ұрлап, оны ломбардқа өткізіп жіберген. Ақшасын бас пайдасына жұмсаған. Қазіргі таңда сезіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері ұрлықтың алдын алу үшін тұрғындарға өз мүліктеріне сақ болуды ескертеді. Тұрғын үйлер мен ғимараттара бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді.

 

ТҮРКІСТАН: "ҚАУІПСІЗ ҚАЛА" ШАРАСЫ ӨТУДЕ

Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Бауыржан Жанаевтың тапсырмасына сай Түркістан қаласы аумағында "Қауіпсіз қала" шара барысында полиция қызметкерлері әрбір мекемеге арнайы кіріп, мүліктік қорғау яғни қылмыстың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ескертпе парақтарын таратты.

Түркістан: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы жаңашылдықтар таныстырылды

Бүгін Түркістан облыстық Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының ұйымдастыруымен өткен мәжілісте 2022 - 2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы жеке құрам арасында таныстырылды.

Нұрдәулет Ильясұлы Тұжырымдамадағы ең басты жаңашылдық - ол негізсіз баюға жауапкершілік енгізілгенін, онда жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту, парасатты қоғам қалыптастыру, жемқорлықты азайту, жазаның бұлтартпастығын күшейту, азаматтық қоғамды тарту және тағы басқа маңызды мәселелер қамтылғанын атап өтіп, жемқорлық құқықбұзушылықтары мен қылмыстарына қатысты енгізілген жауапкершіліктің қатаңдатылғанын баяндады.

Кездесу соңында қызметтік міндеттерін орындау кезінде өз қызметін жеке бас пайдасына қолданып пара алып ұсталғандарға қатысты түсірілген бейнероликтер көрсетілді.

Түркістан: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мамандары уақытша ұстау изоляторының ахуалымен танысты

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың тиімді құралдарының бірі - шенеуніктерді бас бостандығынан айыру орындарына апарып, парақорлық қылмысымен құрықталған азаматтардың тар қапастағы тіршілігімен таныстыру болып табылады.

 Осы мақсатта, Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің бастамасымен және облыстық Полиция департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор субъектілері жұмыскерлерін уақытша ұстау изоляторының ахуалымен таныстыру жұмыстары басталды.

 Темір тордың арғы жағындағы қатаң тәртіппен таныстыру жұмыстары, ең алдымен сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесінің негізінде Жетісай, Мақтарал және Шардара ауданындағы ауылшаруашылық және ветеринариялық саласының жауапты мамандары арасында өтті.

Уақытша ұстау изоляторын таныстыру барысында Жетісай және Шардара аудандық полиция бөлімдеріне қарасты қамаудағыларды ұстау шарттарымен, төсек орынмен, медициналық бөлме, жуынатын бөлме, аула сынды орындармен жіті таныстырып шықты.

 Жемқорлық көріністеріне жол бермеуді мақсат еткен ұйымдастырушылар лауазымды тұлғаларды тура жолдан таймауға шақырып, қызмет бабын асыра пайдаланудың соңы ауыр жазаға әкеліп соғатынын ескертті.

 Мұздай қара құлып пен тікенді темір тордың арғы жағындағы өмірді өз көздерімен көрген лауазым иелері тар қапаста отырғандардың өкінішін жүрекпен сезіп, олардың қатесін қайталамауға ниетті екендіктерін жеткізді.

 Айта кетсек, Агенттіктің бастамасымен 2020 жылы Түркістан өңірінде қолға алынған бұл тәжірибе елімізде орын алған пандемия жағдайына байланысты уақытша тоқтатылып, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап ел аумағында қайта қолданысқа енгізіліп отыр.