Сарыағаштық полицейлер 16 жайт мал ұрлығына қатысы бар 3-еуді ұстады

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, 1 бас жылқысының жайылымнан ұрланғаны бойынша шағым түсірген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алынды. Хабарлама алысымен сарыағаштық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды.

Полицейлер өз тәжірибелеріне сүйене отырып, ұрылардың ізіне түсу үшін шұғыл және жоспарланған әрекеттерді жүзеге асырды. Мал жайылымдарына шығып, тиянақты тексерулерді ұйымдастырды. Көрген-білгендерден жауап алып, жан-жақты сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде полиция қызметкерлері күдікті ретінде Өзбекстан елінің азаматын ұстады.

Тексеру кезінде күдікті жас жігіт өзімен бірге мал ұрлығымен айналысқан, яғни қылмысты ұйымдастырушы тағы 2 күдіктінің бар екенін айтты. Осыдан соң полицейлер қалған азаматтарды іздестіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде оларды көп ұзамай қолға түсірді.

Жалпы ұсталған азаматтардың екеуі Өзбекстан Республикасының азаматы болса, бір азамат жергілікті тұрғын болып шықты. Тиянақты тексеру мен зерделеу барысында осы ұсталғандардың 16 жайт мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Ал шығын көлемі 10 миллион теңгеден жоғары екені белгілі болды.

Анықталғандай, күдіктілер қылмыс жасау барысында өз рөлдерін алдын ала жоспар бойынша орындаған. Мысалы басты күдікті мал жайылымында қараусыз жүрген жылқы, сиырларды байқаған бойда жүк көлігіне тиеп отырған. Содан сыбайласы екеуі ұрланған үй жануарларын сатып алушыларға, қасапшыға арзан бағада өткізген. Олар ұрлаған олжаларын «Газель» маркалы көлігімен тасымалдаған.

Полиция қызметкерлері айғақты зат ретінде күдіктілерден «Газель» көлігі мен 2 бас жылқыны тәркілеп алды. Дәл қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.

ТҮРКІСТАН: Қ.Қосмаханов: «Шәкәрім дін туралы ой толғамдары» қазіргі жастарға ой салады

Қазақ даласы қай заманда болмасын ақын, жыршы, жырау, абыз ақсақал мен көреген қариядан кенде болмапты. VII ғасырда ислам діні Орта Азияға келген болса одан алдын билік құрған түркі қағандары өз алдына бір төбе. Дін исламның Орта Азияға келуімен ислам діні жаңаша кейіпке еніп түрленді. Сол себепті болар ислам ғалымдары арасында Құран Меккеде түсті, Стамбулда басылды, Мауереннахрда түсіндірілді деген сөз қалғаны.

Дін деген терминнің анықтамасы өте көп. Бірақ дін сөзінің анықтамасын бір сөзбен айтқанда Құдайға деген сенім. Дегенмен қазіргі күнде дін десе болды отыра қалып уағыз тыңдау мен бес уақыт намаз оқып одан арысы ораза ұстап Меккеге қажылыққа барып қайтса болды одан мықты, одан иманды мұсылман жоқ секілді сезінетіндей болып жүргендер бар. Осыларды жасап шықса болды Құдай жұмағын дайындап қойғандай болып тұрады. Бұл айтылғандардың барлығы діннің сыртқы формасы. Яғни қандай да бір адамның сыртына қарап мұсылман екендігін танытады.

Ал діннің ішкі көрінісі адамның моральдық, рухани бай болуын айтамыз. Қазіргі күнде адамдардың бойынан тек сыртқы көріністері ғана көрініп ішкі мазмұн қалып бара жатқандай. Намаз оқиды бірақ, адамдарды алдауда алдына жан салмайды, ораза ұстайды бірақ ұрлық жасайды, қажы болады бірақ аярлықпен, қулықпен халықтың ақшасын тартып алуда. Бұл дегеніміз қасиетті ислам дінінің атына кір келтіру. Сонда қайтпек керек? Әрбір адамның бойында – мейірімділік, арлылық, адалдық, әділдік, уәдеге беріктік, мәрттік, жомарттық, ұят, отансүйгіштік, жауапкершілік, адамдарға деген бауырмалдық, ата-анаға деген құрмет, үлкен мен кішіні бірдей сыйлау секілді адамгершілік қасиеттер бойымыздан табылса онда біздің иманды болғанымыз деп дін сөзін түйіндеуге болады. Өйткені мұның барлығы діннің талабы. Сол үшінде Абай Хәкім:

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек шын, көңіл

Өзгесі хаққа жол емес, деп бір ғана ауыз сөзбен жеткізгені. Ал бүгінгі мақалаға арқау болған Шәкәрім қажы болса:

Хақ мұсылман кім болар,

Айтқан сөзі шын болар.

Рахым, ұят, ар, ынсап,

Төртеуі болса дін болар, деп мұсылманның сипатын түсіндірді. Ел аузында «Хақтың разылығы халықтың ішінде» деген даналық сөз бар. Қандай да бір адамның дініне, тіліне, түр сипатына қарамастан қол ұшын созып, көмек беруде діннің негізгі талабы десек болады. Ал Шәкәрім қажы:

Адамдық борышың,

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта оны біл,.....

Қайтадан қайырылып, қауымға келмейсің.

Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің,

Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң.

Шын бақыт осыны ұқ,

Мәңгілік өлмейсің, дегені жоғарыдағы ойымызды нықтағандай. Алла елшісі Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с) бастап дамыған «кәміл адам» түсінігін уақыт өте келе әрбір көкірек көзі ашылған ғұлама түрлендіре келе негізгі ойдан ауытқымай өз халінше дамытты. Мәселен Жүсіп Баласағұн жәуанмәрттілік, құт ілімі десе, Иасауише хал ілімі, Абай жүрек ілімі деген. Ал Шәкәрім қажы «ар ілімі» деп атады.

Ар ілімі – тек қана өз тағдырымның алдында жауаптымын демей, барлық адамзаттың тағдырының алдында жауаптымын деп өмір сүруге шақырады. Адамзатқа ортақ бір-бірін қор қылмауға, адамзатқа ортақ мүддеде өмір сүруге үндейді. Әрбір адам адамзатқа ортақ мүддені қорғауға, «адам» деген ұлы ұғымды қор етпеуге шақырады. Шəкəрім қажы – ұят мəселесін бірінші орынға қояды. Егер адам адамшылығын жоғалтса, оның өлгенімен бірдей. Барлық жазадан ар-ұят жазасы ауыр. Біреуді алдап өтірік айтуға болғанмен, адам өз-өзін алдап, өз ұжданының алдында орынсыз іске аяқ баса алмайды. Сол себепті қажының өлең жолдарының көп жерінде «ар-ұят, рахым, ынсап» сөздері кездеседі және имандылықтың өлшемі ретінде осы қасиеттерді қарастырған. Қорыта келгенде «Ар» адамның өз соты. Өзін-өзі жауапқа алып, таразыға тартқаны. Ынсапты, рахымды болу рухани тұрғыда жетілген мұсылманның сипаты. Ал ондай адам көңілі тоқ, мерейі үстем болмақ. Рухани жетілгісі келген адам Шәкәрім қажыны оқу және түсіну арқылы мақсатына жетпек.

Өмірдің өкінбейтін бар айласы,

Ол айла қиянатсыз ой тазасы,

Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек,

Таза жүрек, тату дос сол шарасы, - деп қорытты сөзін Түркістан облысы дін істері басқармасыныңДін мәселелерін зерттеу орталығының маманы.

САРАҒАШТЫҚ ТҰРҒЫН ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНА АЛҒЫСЫН ЖЕТКІЗДІ

Түркістан Облысының Полиция Департаменті не қарасты Сарыағаш Аудандық Полиция Бөлімі нің қызметкерлері мал ұрлығының біршама қылмысын ашты.

Мал ұрлығынан қиналған халық Сарыағаш ауданының полиция бөліміне арызданған сәтте тәртіп сақшылары дереу іске кірісіп, тәжрибелеріне сүйене отырып, ұрылардың ізіне түсу үшін шұғыл әрекет етіп, нәтижесінде полиция қызметкерлері күдікті ретінде Өзбекстанның екі азаматын бір жергілікті тұрғынды ұстады.

Қанша уақыттан бері кәсіпке айналдырған бұл ұрылардың келтірілген шығын көлемі 10 миллион теңгеден жоғары екені белгілі болды масқара.

Бұл үшеудің қырда қараусыз жүрген, ұрлаған малдары жылқы және сиыр болған .

Мен Сарыағаш ауданының тұрғыны ретінде полиция қызметкерлеріне рахметімді айтамын.

ШЫМКЕНТТЕГІ 190 НЫСАНДА ЖОЛ-ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет осындай. Баспасөздің ақпаратына сүйенсек, биыл жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 190 нысанда жол-құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде: 2 нысан жолайрықтың құрылысы (Рысқұлов-Қонаев, Бәйдібек би-Арғынбекова),  13 нысан жаңа жолдардың құрылысы (Қонаев 1,2,3,5,6 кезеңдері, Оңтүстік,Шығыс айналма жолы, Самал-1,2,3 кезеңдері, Өтегенов көшесінің 1,2 кезеңі жол құрылыс жұмыстары), 5 нысанда қайта құру жұмыстары (А-2 2,4,7,8 кезеңдер, Адырбеков көшесі), 3 нысанда күрделі жөндеу (Ақжайық, қайтпас, Тассай "Алемтрансжол" шағын аудандарын және Қошқар-ата өзені арқылы өтетін 2 көпірді күрделі жөндеу).

Қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 308 көшеге жүргізілуде.

Осы жылғы ірі нысандар бойынша Қонаев даңғылы 3 кезеңі, Қонаев-Рысқұлов жолайрығының құрылысын және Самал-1,2,3, шағын ауданындағы жол құрылыс жұмыстарды аяқтау жоспарланған.

Күрделі жөндеуден 3 нысанның құрылысы да осы жылы аяқталады.

Орташа жөндеу жұмыстары бойынша, бүгінгі таңда ұзындығы 155 шақырым болатын 80 нысанда жұмыстар аяқталды, қалған 72 нысанды тамыз айының соңына дейін толық көлемде аяқтау көзделген. Оның ішінде магистралды 10 көше (Республика, Рысқұлов, Иляев, Тәшенов, Ақназар хан, к. Цеткин, Жолан батыр, Дулати, Мангелдин, Тоқаев) бар.

Естеріңізге сала кетейік, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов жыл басында атқарылған және 2022 жылы жүзеге асырылатын жұмыстар бойынша есеп берген еді.  Сонда басқарма басшысы, қалада осы жылы 300 шақырым жол жөнделіп, асфальт жол үлесі 67,4 пайызға жетеді деген болатын. Ал 2021 жылы автомобиль жолдары саласында 137 нысанда (189,7 шқ) жөндеу жұмыстары аяқталған.

Сайрам: Жүк тасымалдау заңдылығы мен жол қозғалысы ережесін сақтау мақсатында рейд өтуде

Әлеуметтік желіде жүк көлігі өртеніп жатқаны бойынша ақпарат тараған болатын. Желіге үнемі мониторинг жүргізіп отыратын полицейлер, бұл жайтты бірден назарға алды. Нәтижесінде оқыс оқиға Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы көшелерінің бірінде орын алғаны анықталды. Десекте бұл жайт бойынша полицияға ешкім хабарлама түсірмеген, яғни арызданбаған.

Алайда сол аумаққа белгіленген учаскелік полиция инспекторлары оқиға орнында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Өрт салдарынан ешқандай адам зардап шекпеді. Ал аудандық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері оқиға болған жерде жұмыс жасап, өртке оранған "Камаз" жүк көлігіне қатысты іс құжаттарын жинақтады. Бұл оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Қазіргі уақытта Сайрам аудандық полиция басқармасының қызметкерлері өрттің алдын алу, болдырмау мақсатында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыруда. Шынында қазір шөп тасымалдаудың қызған шағы. Яғни Сайрам ауданы аумағында жайылым мен егістік алқаптарынан шөп тиеген жүк көліктерінің қозғалысы жиілеген. Сонымен қатар ауа райының ыстық кезеңінде өрт қауіпі басым.

Осыған байланысты Сайрам АПБ-ның қызметкерлері жолдарда автокөліктердің жол жүрiсi қағидаларында көзделген жүктердi тасымалдау талаптарының сақталуын, соның ішінде шөп тасымалдау кезінде шамадан тыс артылуын болдырмау мақсатында жүк көліктеріне тексеру жүргізуде. Сайрамдық сақшылар тексерістің алғашқы күні ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабының 1-бөлігімен «Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушылар мен жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» 6 хаттама толтырып, айыптұраққа 2 автокөлік қойылды.

Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 2-бөлігімен «Құжаттары және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» 2 дерек, 593-бабының 2-бөлігімен «Қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану қағидаларын сақтамау» 7 дерек, 591-бабының 1-бөлігімен «Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы» 2 дерекке қатысты әкімшілік жауапкершілігі қаралды.

Сондықтан жолға шыққанда түрлі жайттарға тап болмас үшін, қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстаныңыздар. Мәселен шамадан тыс жүк артпау қажет. Қандай жағдай болса да, бәріне дайын жүрген дұрыс. Өрт сөндіргіш құрал, дәрі салғыш, қосымша жанармай мен көлік жөндеуге қажетті құралдар көлігіңізде міндетті түрде болуы шарт. Ендеше Жол қозғалысы ережесін сақтаңыздар!

Түркістан: Полицейлер қайыршыларды анықтау мақсатында рейд жүргізді

Түркістан қаласының орталық көшелерінің бірі, зулаған көліктер. Көшелер қиылысында бағдаршамның қызыл түсі жанды, осы сәтте бір әйел жолдан өте қалып, тар көшедегі көліктердің арасымен жүріп, жүргізушілер мен жолаушылардан қайыр сұрап келе жатты.

Көзі полиция қызметкеріне түскен әйел, алды-артына қарамай қаша жөнелді. Сондағысы заңсыз әрекеті үшін жауапкершілік арқалағысы келмегені. Алайда учаскелік полиция инспекторы өз жұмысын соңына дейін жеткізіп, қайыршылықпен айналысып жүрген әйелді тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Оның құжаттарын тексеру барысында, бұдан алдын ескерту алғаны белгілі болды. Яғни тіленшілікпен айналысқан әйел бұған дейінгі полиция қызметкерлерінің түсіндіруі мен ескертуінен нәтиже шығармастан, қайта қайыр сұрауға шыққан. Аталған тұрғынға заңға сәйкес ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабымен «Қоғамдық орындарда тиісу» хаттама толтырылды.

Түркістан қалалық Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Мұхтар Ерманов өз сөзінде: «Біздер, өзімізге бекітілген аймақтағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, заңсыздықтарға жол бермеу мақсатында күнделікті тексеру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Рейдтік-профилактикалық шаралар барысында белгіленбеген орындарда сауда жасау, қайыршылықпен айналысу деген заңсыздықтарды әдет еткен тұлғалардың мекеніне айналған аумақтарды тексереміз. Бұл күн тәртібінен түскен емес.

Мәселен бүгінгі күннің өзінде ескерту берілгеніне қарамастан қайыр сұрап жүрген 3 тұрғынға хаттама толтырылды. Аталған құқық бұзушы 2 әйел, 1 ер адам Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Осы тұста тұрғындарға ескертеміз, кез келген заңсыздық үшін заң аясында жауапкершілік қаралған. Сондықтан теріс әрекеттерге бармаңыздар!»-деп атап өтті.

Балаларымен отырған аналар, мүгедек арбасына таңылып, қайыр сұрап отыратын адамдар, қариялар... Қоғамда осы көрініс, яғни қайыршылық мәселесі туралы екі түрлі пікір қалыптасқан: біреулері қайыршыларды аяп, жанашырлық танытса, енді бірі оларды қоғамдық орындардан алып тастау керек екенін айтуда.

Бұл мәселеде Заң бар. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449-бабында қайыршылық жасауға тыйым салынғаны тайға таңба басқандай көрсетілген. Осы орайда облыс орталығының полицейлерімен де бұл бағыттағы жұмыстар жасалуда. Мәселен өткен жылдың 6 айында бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіргені үшін 214 тұрғынның жауапкершілігі қаралған. Ал 2022 жылдың жарты жылында дәл осындай құқық бұзушылықтарды жасаған 371 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Ескерте кетсек, түркістандық тәртіп сақшыларымен мұндай рейдтік іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрмақ. Дегенмен өкініштісі сол, бөтеннің ақшасына күн көруді дұрыс санайтын кейбір жандар үйренген орындарына қайта оралады.

ТҮРКІСТАН: ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚҚА ҚАТЫСТЫ СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ

Түркістан қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімінің және қалалық прокуратура қызметкерлері сонымен қатар банк өкілдерінің қатысуымен интернет алаяқтығының алдын алу бойынша қылмыстық істердің тергелуін талқылау мақсатында семинар-кеңес өткізді. Талқылау барысында мамандар әлеуметтік желі, ғаламтор желісі арқылы жасалатын алаяқтық фактілерінің алдын алу, болдырмау, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, іс жүргізудегі өзге де өзекті мәселелер ортаға салып, өзара пікір алмасты.

Жетісай: Өзгенің көлігін заңсыз айдап кетіпті

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынш, түнгі уақытта үйінің қақпасы алдында тұрған «Ваз-2107» маркалы көлігін белгісіз біреу рұқсатсыз айдап кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынысыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркеуге алып, бірден іске кірісіп кетті.

Қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары оқиға орнына шығып, жедел-тергеу амалдарын бастады. Полицейлер тарапынан көлік ұрлаған күдіктіні құрықтау мен түр-тұлғасын анықтау үшін қажетті барлық шаралар атқарылды. Соның нәтижесінде жетісайлық полицейлер тәулік ішінде жәбірленушінің көлігінің тұрған жерін және күдіктінің жеке-басын анықтады. Яғни жүйелі атқарылған жұмыс арқасында көлікті заңсыз айдаған ер адам ұсталды.

Анықталғандай күдікті түнгі уақытта көшеде, кілттенбеген көлікті байқап, арам ойын іске асырып, айдап кеткен. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Созақта қонаққа келіп, ұрлыққа түскен жігіт ұсталды

Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның алтын бұйымдарын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 500 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, жедел-іздестіру шараларын атқарды. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар күдікті бұрын сотты болған Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды.

Анықталғандай, Шымкенттік жас жігіт арызданушының ұлының досы. Жігіт досының үйінде қонақ ретінде бірнеше күн болған. Ол өз қылмысын еш алаңдаусыз іске асырып, сырт киімнің қалтасынан алтын бұйымдарды жымқырған. Содан соң Шымкент қаласындағы ломбардқа өткізіп жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өз мүліктеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Кез келген адамға сенім артпай, тұрғын үйлер мен ғимараттарға, дүкендерге бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер, сіз, ұрлық қылмысына куә болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.

 

МҰХТАР ШАХАНОВ ШЫМКЕНТТІК ЖЫРСҮЙЕР ҚАУЫММЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов Шымкенттегі А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде оқырмандармен жүздесті. Ақынның 80 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде ТҮРКСОЙ ұйымы аясында қолға алынып, өткізілуде. Түркиядан басталған той дүбірі қаламгердің туған топырағы Отырар ауданында дүркіреді. Осыдан кейін той керуені Шымкент шаһарында жалғасын тапты.

Керуен құрамында ақынның жары Ханшайым Шаханова, ҚР Мәжіліс депутаты  Қазыбек Иса, А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің ректоры Рабиға Қуатбекова, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев, жазушы Құдияр Біләл секілді елге танымал азаматтар бар.

Қайраткер ақынмен кездесуге қала тұрғындарымен қатар өңіріміздің ауыл-аудандардан да оқырмандар келді. Оқушы жастардың қарасы көп болды. Талантты жастар ақынның жырларын жатқа оқып, кеш көркін қыздырды.

Кездесудің модераторы жазушы, профессор Құлбек Ергөбек болды.

–Мұхтар Шаханов тұлғасы – қазақ әдебиетіндегі, қазақ қоғамындағы өзгеше құбылыс. Өзінің бар жетістігімен, тіпті керек десеңіз жетпей жататын тұстарының өзімен бәрібір құбылыс, - деді сөзінде жазушы Қ. Ергөбек.

ЮНЕСКО ұйымы Мұхтар Шахановтың шығармашылығын ғаламдық деңгейдегі ой теңізіне құйылған арынды арна екенін айтып, ақынның поэзиясы әлемге ортақ құндылық екенін мәлімдеген.

Қаламгердің сөзін тыңдап, өлеңдерін естіген жас буын өкілдері жүздесуден жан-дүние байлығына кенеліп, азаматтық пен парасатты патриоттықтың тәлім-сабағынан өткендей әсерде болды. Кездесуден қала тұрғындары мол рухани азық алып қайтты.

Айта кетейік, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтай барысында ақын Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек ері» марапатын тапсырған болатын. Ұлытауда тапсырылған аталмыш атақ еліміздегі ең жоғары наградалардың бірі.