ШЫМКЕНТ: 13 ШІЛДЕДЕН БАСТАП ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫНА ӨТІНІМДЕР ҚАБЫЛДАНАДЫ

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Мәліметке сенсек, тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау 13 шілдеден бастап мемлекеттік көрсетілетін қызмет ретінде www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы электронды түрде қабылданады. Тұрғын үй сертификаты - «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін азаматтарға берілетін әлеуметтік көмек.

Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір алушы үшін 1 млн. (бір миллион) теңгеге дейін бірыңғай мөлшерде айқындалған.

Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасының әрбір мүшесіне ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын (2022жылға-36 018теңге) соңғы 6 ай ішінде орташа табысы 111 656 теңгеден аспауы тиіс (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды қоспағанда).

Тұрғын үй сертификатын алушылар санатына жататындар:

- мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

- көпбалалы отбасылар;

- толық емес отбасылар.

- Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер.

Қажетті құжаттар тізімі:

1) нысан бойынша өтініш;

2) өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;

3) соңғы 6 ай ішіндегі еңбек және кәсіпкерлік қызметтен табысы туралы анықтама;

4) жұмыс орнынан анықтама (халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының санаттарын қоспағанда);

5) қарыз сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ай сайынғы төлемнің сомасы туралы мәліметтерді қамтитын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы банктің хаты.

Тұрғын үй сертификатына өтінімдер кezekte.kz. интернет ресурсы арқылы қабылданады.

Әрбір азаматтың электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы қажет.

Сайрам: Бұзақылық жасаған ағайындылар ұсталды

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оны түнгі сағат 00:00 шамасында өзінің тұрғын үйінің жанында белгісіз біреулер ұрып, қашып кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша тіркеуге алды. Хабарлама келіп түскен бойда полиция қызметкерлері бұзақыларды ұстау үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олардың тиянақты жұмыстары мен жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікті екі жас жігіт ұсталды. Тәртіп сақшылары жас жігіттерді полиция басқармасына жеткізді.

Тексеру кезінде күдіктілер ағайындылар болып шықты. Анықталғандай, олар жәбірленушінің үйіне жақын тұратын туысының үйіне қонаққа барған. Сыртта отырған сәтте жәбірленуші мен күдіктілер арасында түсініспеушілік орын алып, соңы жанжалдасуға әкеп соққан. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға, адамдар арасындағы түсініспеушілік кезінде сабыр сақтауға шақырады. Әрбір әрекет үшін заң алдында жауап беретінді де үнемі еске салады.

Созақта «Гашиш» сақтаған жігіт ұсталды

Созақ аудандық полиция бөлімінің 102 пультіне мекемелердің бірінің басшысынан хабарлама келіп түскен. Онда оның қызметкерінің бірі есірткі затын пайдаланатынын айтқан. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары қылмысты ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Тексеру барысында күдіктінің қалтасынан түскен «Parlament» темекісінің қорабында ақ қағазға оралған, есірткі затына ұқсас өсімдік табылды. Сондай-ақ оның жеке басын тінту кезінде сырт киімінің қалтасынан есірткіге ұқсас зат шықты. Полицейлер алынған затқа сараптама тағайындап, нәтижесінде оның «гашиш» есірткісі екендігі белгілі болды. Тәртіп сақшылары күдікті азаматтың бұған дейін де бірнеше рет сотты болғандығын анықтады. Қазіргі таңда сезіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткіні заңсыз сақтау және таратумен байланысты қылмыстарды жасағаны үшін, қылмыстық жауапкершілікке ақталатыны туралы ескертеді.

ШЫМКЕНТТІК КАРАТИСТ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

АҚШ-тың Бирмингем қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік ойындарда каратэ бойынша Қазақстан құрамасының намысын қорғаған Софья Берульцева жеңімпаз атанды.

Әлемнің үздік каратистері қатысқан турнирдің финалында Софья Берульцева испандық Мария Торрес Гарсияға қарсы татамиге шықты. Шымкенттік спортшы 68 килограмнан астам салмақта өз шеберлігін көрсетіп, алтын медальға ие болды.

Софья Полихроновна Берульцева  — қазақстандық каратэші, 2020 жылы Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Ол 6 жасында Шымкентте каратэмен айналыса бастаған. 2016 жылы Джакартада, 2017 жылы Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында 59 келіден жоғары салмақта алтын медальға қол жеткізген. 2017 жылы Тенерифеде (Испания) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетті. 2018 жылы Мадридте өткен әлем чемпионатында бірінші айналымда жеңіліп қалады. 2019 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде күміс медаль иегері. 2021 жылы 7 тамызда 2020 жылы Токиода өткен Жазғы Олимпиада ойындарында 61 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қолаға қол жеткізген.

Біле жүріңіз!  Бұл дәстүр. Олимпиададан кейінгі жылы Дүниежүзілік ойындар өтеді. Биылға 11-ші ойындарда Әлемнің үздік спортшылары спорттың 30 түрінен алтынға таласады.8-9 шілдеде «Bill Battle Coliseum» деген әйгілі аренада жанкүйерлер каратэ супержұлдыздарының, соның ішінде Олимпиада жүлдегерлерінің жарысын тамашалауда. Қатаң іріктеу нәтижесі бойынша Алабамаға ең мықтылар келді – 96 спортшы: ерлер мен әйелдерге арналған кумитеден 5 салмақ дәрежесінің әрқайсысында 8, сондай-ақ катадан 8 спортшы.

Еске салайық, Дүниежүзілік ойындар – Олимпиада ойындарының бағдарламасына кірмейтін спорт түрлерінен халықаралық кешенді жарыстардан тұрады. Олар 1981 жылдан бері төрт жылда бір рет, 2001 жылдан бастап Халықаралық Олимпиада комитетінің қамқорлығымен өткізіліп келеді. Ұйымдастырушы 1980 жылы 12 спорт федерациясының жетекшілерінің бастамасымен құрылған Халықаралық Дүниежүзілік Ойындар Ассоциациясы (IWGA) болып табылады, олар өз спорттарын Олимпиада бағдарламасына енгізгенге дейін танымал етіп, мәртебесін көтеруге ұмтылды.

 

 

«Aq-qara.kz» -  ақпарат

Созақтық полицейлер қайырымдылық жасады

Созақ аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Жасұлан Нысанбаев бастаған, жеке құрам қызметкерлері Құрбан айт қарсаңында қайырымдылық жасауға ниеттенді. Осылайша арнайы бір малды құрбандыққа шалды. Қойдың етін бөліктерге бөліп, қосымша азық-түлік өнімдерін қосып аз қамтылған отбасыларға үлестіріп берді. Яғни Созақ ауданының үш бірдей жанұя мүшелерінің жағдайларын сұрап, базарлықтарын апарып қуантып қайтты.

Өз кезегінде аталмыш отбасылардың ақ жаулықты аналары, тәртіп сақшыларына алғыстарын жаудырып, ізгі тілектерін білдірді. Жұмыстарына сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.

Қашанда қолдан келгенше қайырымдылық жасауды өздеріне парыз еткен ел қорғандары, жақсылық жасау — имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі деп біледі. Мейірімділік пен қамқорлыққа бастайтын шарада аудан полицейлері бірауыздан келісіп, өзгелерге қолдан келгенше көмектесуді қолға алған. Бұл іс-шара жеке құрамның халықпен тығыз байланыста болуына бастайды.

«Aq-qara.kz» - ақпарат

ТҮРКІСТАН: Ойынханаға қарақшылық шабуыл жасаған жас жігіттер ұсталды

Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция қызметкерлері ойынханалардың біріне жасалған қарақшылық шабуылды ізін суытпай ашты. Бұл туралы Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Құрманбек Сахов мәлімдеді:

"07.07.2022 жылы таңғы сағат 04:58 шамасында, 102 пультіне облыс орталығында орналасқан ойын клубының кассирі хабарласты. Жәбірленуші жас қыздың айтуынша, бетперде таққан белгісіз біреулер ойынханаға қарақшылық шабуыл жасаған. Яғни бетперде киген, қолында қаруы бар екі ер адам кіріп, айтқан талаптарын орындамаса дене жарақатын саламыз деп қорқытқан. Одан ары жас жігіттер арам ойын іске асырып, ойынханадағы касса жәшігін бұзып, ішінен 350 000 теңге ақшаны алып, іздерін суытқан. Аталған деректі біз ҚР ҚК-нің 192-бабы 2-бөлігі "Қарақшылық" бойынша тіркедік.

Қылмысты ашып, кінәлілерді ұстау мақсатында бірден іске кірістік. Түркістан облысы Криминалдық полиция басқармасы мен Түркістан қалалық полициясының тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобын құрдық. Жақын маңдағы аумақтарды аралап, ықтимал куәлардан жауап алдық. Бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықтық.

Жан-жақты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде екі тәулік ішінде күдікті ретінде облыс орталығының екі тұрғынын анықтап, ұстадық.

Тергеу барысында жас жігіттер қылмыс жасағанын мойындап, ұрланған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын жеткізді.

Сонымен қатар, күдіктілердің бірі қолындағы тапаншаның ойыншық екенін, оны қала базарларының бірінен алдын-ала сатып алғанын айтты. Ал қарақшылық шабуыл жасағаннан кейін ол қаруды дәретханаға тастаған. Ойыншық тапанша заттай дәлел ретінде тәркіленіп алынды.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінгі таңда күдіктілер қамауда.

Оқиғаның барлық мән - жайы анықталуда және қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде"- деп түйіндеді полиция полковнигі Қ.Сахов.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз бағалы заттарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Тонау, ұрлық, қарақшылық жайттары орын ала қалса, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер. Уақытында берілген ақпарат қылмыстың «ізін суытпай ашуға» толық мүмкіндік беретінін еске салады.

 

 

«Aq-qara.kz» - ақпарат

ҚАЗЫҒҰРТ: 500 000 ТЕҢГЕГЕ ШЫҒЫН КЕЛТІРГЕН ҚОЙШЫ ҰСТАЛДЫ

Жұмыс берушінің мүлкін сатып, ақшасын өз пайдасына жұмсап жіберген қойшы қамауға алынды. Қазығұрт аудандық полиция бөліміне келген жергілікті тұрғын, яғни әйел қойшысына берген квадроциклды таппай, арыздануға мәжбүр болғанын айтты.

Әйелдің арызын қабылдаған сақшылар, аталған жайт бойынша жедел әрекет етті. Тиянақты тексеру мен анықтау жұмыстарын жүргізді. Осылайша полиция қызметкерлері күдікке ілінген қойшының аталған қылмысқа қатысы барын білді. Олар қойшыдан жауап алып, оқиға орнын мұқият тінтіп шықты. Жалпы жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 500 000 теңгеге жуық.

Қылмысты ашу кезінде полицейлер малын бағуға сеніп тапсырған жәбірленуші әйелдің квадроциклын өз қойшысы жымқырып, сатып, ақшасын жеке басының пайдасына жаратып жібергені расталды.

Қазіргі таңда қойшы жігіт қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық барысы тергеу кезінде анықталады.

Осыған байланысты Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға біреуге өз мүлкіңізді сеніп тапсырудан бұрын, оның сенімді адам екендігіне толық көз жеткізулеріңізге кеңес береді. Сонымен қатар өз мүлкін сақтауда қырағы болып, тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауға шақырады.

ШАҺАР БАСШЫСЫ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесті. Шаһар басшысы еліміздің мұнайлы өлкесі және ірі туристік орталықтарының бірі – Маңғыстау төрінде іскерлік кездесу өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Кездесудің мақсаты – Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысы арасында екіжақты ынтымақтастықты нығайтып, туристер легін арттыру жолында бірлесе жұмыс істеу.  Кездесу аясында тараптар өңіраралық туризм саласын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Сонымен қатар, “Rixos Khadisha Shymkent” пен “Rixos Water World Aktau” қонақ үйлері және “Garant Tour” туристік компаниясы мен “Aizhelken group” ЖШС арасында екіжақты келісім орнады. Үшінші мегаполис басшысы өз сөзінде қазіргі таңда әлемде орын алған пандемияға байланысты ішкі туристік өнімдерге сұраныс өскенін айтты. Ресми статистика бойынша, 2021 жылы еліміздегі ішкі туристер ағыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 53%-ға артқанын сөзге тиек етті. “Visit Shymkent” туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өткен “Бақытты қалаға саяхат” байқауында Ақтау тұрғыны ұтып, Шымкент қаласына 2 күндік тегін саяхат жасағанын да айтып өтті.  Айта кетерлігі, Шымкентке Әз Наурыз мерекесі қарсаңында алғаш рет келген ақтаулық тұрғын, қаладағы тарихи және мәдени нысандармен, сондай-ақ қала өмірімен танысып, “ДәмДәсTour” ресторандар жәрмеңкесі арқылы шаһардың гастрономиясымен де танысқан болатын.  Нұрлан Ноғаев та кездесу екі өңірдің арасында отандық туризм саласында өзара тиімді қарым-қатынастар географиясын кеңейтуге, туризм индустриясында шағын және орта бизнестің дамуына, туристік қоғамдастық арасында байланысты біріктіру мен нығайтуға оң ықпал ететіндігіне сенім білдірді.

«Aq-qara.kz» -  ақпарат

Маақтааралдық тұрғын «сора» өсірген

Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора» жедел-профилактикалық шарасы кезінде тұрғынның өз ауласына есірткі өсіргендігін анықтады. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп өсіру» бойынша тіркеуге алды.

Полицейлер күдікті орта жастағы ер адамның үйіне барып, оның ауласын тінту кезінде егістік алқаптан заңсыз есірткі затына ұқсас өсімдікті тапты. Оны айғақты зат ретінде алып, сараптамаға жолдады. Нәтижесінде алынған заттың «сора» есірткісі екендігі анықталды. Күдікті ер адамның бұған дейін де Мақтаарал аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп өсіруге» байланысты сотты болғандығы белгілі болды. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға заңсыз есірткі затын өсіру, баптау, тасымалдаумен айналысу заңға қайшы екенін ескертеді.

 

«Aq-qara.kz» - ақпарат


Қазығұрттық депутаттар полиция бөлімінің тыныс-тіршілігін көрді

«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем берер» - деген мақалды қазақ халқы берік ұстанған. Осы орайда Қазығұрт аудандық полиция бөліміне бір топ депутаттар арнайы келіп, полиция бөлімінің ғимаратымен танысты. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін тәртіп сақшыларының күнделікті жүргізетін жұмыс жоспарларымен танысып, әр бөлімге жеке-жеке тоқталды. Жауапкершілігі мықты полицейлердің жұмыстарымен танысқан халық қалаулылары олардың жұмыстарының оңай емес екендігін білді.

Сонымен қатар полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ермековті жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтады. Олар жаңа басшының қызмет жолына табыс тілеп, ел игілігі үшін қызмет ететін адал қызметкер болуға тілектес екендіктерін айтты.

Кездесу барысында ауданда орын алып жатқан пәтер ұрлығы, интернет алаяқтары, мал ұрлықтары секілді тағы басқа қылмыстарды болдырмау және алдын алу үшін қажетті шараларды жүзеге асырып, бірге жұмыс жасайтындарына уағдаласты. Шара соңында әрқайсысы өздерінің сұрақтарын ортаға салып, пікір алмасты. Полиция бөлімінің бастығы М.Ермеков өзін құттықтай келгендерге алғысын білдіріп, еңбектеріне табыс, отбастарына амандық тіледі.

«Aq-qara.kz» - ақпарат