Түркістан: Ойыннан от шықты

Полицейлер «Playstation» жалға алып, оны ломбардқа өткізіп жіберген жас жігіттерді ұстады.

Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, «Sony Playstation 5» ойын құралын белгісіз біреулер жалға алып, қайтармай қойған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 700 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Полицейлердің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде Отырар ауданы мен Жаңақорған ауданының тұрғындары анықталып, ұсталды.

Анықталғандай, күдікті жас жігіттер «Sony Playstation 5» маркалы ойын құралын жалға алып, оны қаражат тапшылығына байланысты ломбардқа апарып өткізіп жаратып жіберген. Қазіргі таңда оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полиция қызметкерлері тұрғындарға жалға беру, жалға алу кезінде арнайы келісімшартқа отыруға кеңес береді. Сонымен қатар кез келген адамға сенім артпау керектігін еске салады.

Мүліктеріңізді бөтен біреуге беруден алдын, оған сенуге болатынына толық көз жеткізіңіз. Егер де, сіз, алаяқтыққа тап болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.

“Менің ата-анам – полицей” атты балалар байқауы басталды

Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының “Медиа-орталығы” ЖШС Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай “Менің ата-анам – полицей” атты балалар байқауын жариялады.

Бұл байқауға әр өңірдегі ішкі істер органдарында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің мектеп жасындағы және мектепке дейінгі балалары қатыса алады. Атап айтқанда, байқау “Үздік сурет”, “Үздік шығарма” атты екі номинация бойынша жүргізіледі. Байқауға ұсынылатын жұмыстар This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. , This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. электрондық поштасы арқылы қабылданады. Суретті салуда қолданылатын материалдарға шектеу жоқ (қағаз, картон, кенеп және акварель, сия, түрлі-түсті қарындаш, акрил, гуашь). Сонымен бірге, қолмен жазылған шығармалар мәтіні түсінікті болуы қажет. Суреттері немесе шығармасы ұсынылған байқауға қатысушының аты-жөні, жасы, қай өңірден екені және ішкі істер органдарында қызмет ететін әкесінің немесе анасының аты-жөні, лауазымы туралы ақпаратты жіберуі міндетті. Ұсынылған суреттер мен шығармалар 2022 жылдың 1 тамызына дейін қабылданады. Байқаудың жеңімпаздары жүлделі орындарға сәйкес І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталады. Сондай-ақ, үздіктер туралы арнайы бейнеролик түсіріліп, медиа-ресурстар мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталады. Іс-шараның мақсаты – тәрбиенің отбасынан бастау алатындығын тәртіп сақшыларына түсіндіру, ал балаларына полицей әке-шешелерінің ерен еңбегін ұғындыру. Осы байқау арқылы полицейлер отбасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, балалардың әке мен анасының еңбегіне деген құрметін арттыра түсу көзделеді.


Полицейлер суға шомылу маусымында 30-дан астам тұрғынға ескерту жасады

Жаз маусымы басталса, жасөспірімдердің шомылуға баратыны сөзсіз. Осы тұрғыда полиция қызметкерлерінің жұмыстары күшейіп, оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін барлық аудандардың қызметкерлері жұмылдырылады.

Мәселен, Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері судағы қауіпсіздік бойынша профилактикалық іс-шара өткізді. Олар 30-дан астам аудан тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тиісті ескертулер жасады. Полицейлер суға шомылуға тыйым салынған жерлерде жүрген 2 тұрғынға ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша хаттама толтырды.

Тәртіп сақшылары тұрғындарға балаларды өздерінің қадағалауынсыз су арнасына, каналдарға, өзендерге жібермеуге, арнайы тыйым салынған жерлерге бармауға кеңес берді. Сонымен қатар терең жерлерде суға түспей, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті.

 

Төлебиде «жүргізуші куәлігін алып беремін» деп алаяқтық жасаған

Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, танысы жүргізуші куәлігін алып беремін деп сендірген. Содан жәбірленушіден 270 000 теңге ақша алып, не жүргізуші куәлігін алып бермей, не ақшасын қайтармай созбалыққа салып жүрген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары алаяқтық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар күдіктіні ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Сезікті жергілікті тұрғын болып шықты. Ол жалған уәде беріп, тұрғыннан алған ақшаны жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға кез келген адамға сенім артпауға кеңес береді. Мүліктеріңізді, ақшаны бөтен біреуге беруден алдын, оған сенуге болатынына толық көз жеткізіңіз. Егер де, сіз, алаяқтыққа тап болсаңыз полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.

 

Отырарда жайылымдық жерден екі сиыр ұрлаған...

Отырар аудандық полиция бөліміне екі ер адам арызданды. Олардың айтуынша, жайылымдық жерден әрқайсысының құны 400 000 теңге тұратын 2 бас сиырын ұрлап кеткен. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі 800 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама түскен бойда тәртіп сақшылары мал ұрлығын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Олардың жүйелі жұмыстарының нәтижесінде күдікті ер адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру кезінде күдікті ер адамның жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Ол түнгі уақытта жайылымдық жерде жайылып жүрген сиырларға көзі түсіп, оңай жолмен олжалы болуды көздейді. Бөтеннің мүлкін ұрлап, оны сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығы көбіне тұрғындардың салғырттығы мен қараусыз қалдыратындығы салдарынан болатындығын айтады. Сондай-ақ келеңсіз жағдайларды бодырмас үшін жайылымдық жерлерде бақташысыз қалдырмай, үшжақты келісім жасау керектігін еске салады. Мал ұстайтын аудан тұрғындарына келеңсіз жағдайды болдырмас үшін малдарды құжаттандырып, сырғалау жұмыстарын жүргізу керектігін ескертеді.

Сайрам ауданы полиция басқармасының ардагерлері марапатталды

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан және ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полиция генерал-майоры А.Болсанбековтің шешімімен ішкі істер органдарындағы ұзақ және адал қызметі, құқықтық тәртіп пен заңдылықты нығайтуда қосқан үлесі, жас қызметкерлерді тәрбиелеуде белсенділік танытқаны үшін Сайрам АПБ-ның 23 ардагері «Қазақстан полициясына 30 жыл» медалімен марапатталды.

Сайрам АПБ-ның бастығы полиция полковнигі Бауыржан Зиятаев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Данышпан Андасбеков Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт өмір кешуіне өз үлестерін қосқан, өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, еңбектің зейнетін көріп отырған шақта әр ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытқан ұжымның арқа сүйер ардақты ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, мерейтойлық медальдарды табыстады.

Ішкі істер органдарында ұзақ жылдар еңбек етіп, басшылық лауазымдар атқарған отставкадағы полиция полковниктері С.Қасымбеков, Б.Асылбеков, Ә.Ержанов, О.Жиенбеков, М.Сейтбеков және С.Салиевтер сөз алып, алғыс білдіріп, жылы лебіздерін арнады.

Іс-шара барысында жұмысқа жаңадан ат басын бұрған жас мамандарға ақыл-кеңес беру, олардың бойында өз қызметіне деген адалдық пен шыдамдылық танытуын дамыту мақсатында ардагерлер құрамынан тәлімгерлер бекітілді. Сонымен қатар учаскелік полиция пункттерінің жұмыстарын жандандыру, қоғам тыныштығын сақтау мен қылмыстылықтың алдын алуда кеңес беру, тәжірибе бөлісу мақсатында 5 аға учаскелік полиция инспекторына ардагерлер бекітілді. Бұл өз кезегінде полиция қызметкерлері мен ардагерлер арасындағы байланысты нығайтатыны сөзсіз.

Қазіргі таңда Сайрам АПБ Ардагерлер кеңесінің құрамында 67 зейнеткер бар. Олар да қарап отырмайды, әрдайым қоғамдық қызметтерге атсалысып, ІІО-дағы әртүрлі іс-шараларға қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, жас мамандар тәрбиесіне сүбелі үлестерін қосып келеді.

Іс-шара мерекелік концертпен жалғасып, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ардагерлер естелік суретке түсіп, тәртіп сақшыларының қиын да қауіпті қызметіне сәттілік тіледі.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

ШЫМКЕНТТІҢ 11 КОМПАНИЯСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕДЕ

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Шілде айының 4-7 аралығында Екатеринбург қаласында XII «ИННОПРОМ-2022» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі өтуде. Көрмеге әлемнің 30-ға жуық елінен делегаттар қатысуда. Қазақстаннан 26  кәсіпорын бар. Соның ішінде шымкенттік 11 компания бар. Қазақстандық экспозиция алаңына химия және фармацевтика өнеркәсібі, түсті және қара металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы мен жеңіл өнеркәсіп салалары ұсынылды.  Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады. Елімізден барған компаниялардың ішінде Шымкент қаласынан «Бал Текстиль» ЖШС, «ЭКОФАРМ Интернэшнл» «Mega SMART» ЖШС, «Стандарт цемент» ЖШС, «ЕвроКристалл» ЖШС, «Marai E7 Group» ЖШС, «QazAlPack» ЖШС, «LUX SHOES», «AGF Group» ЖШС, «Р.A.M.-1» ЖШС, «Заря» ЖК сынды  компания қатысып, өз өнімдерін ұсынып отыр.Аталған көрменің басты серіктесі ретінде Қазақстан Республикасы таңдалған. Көрмеге ынтымақтастық пен сауда қатынастарын дамытуға мүдделі  өнеркәсіптік кәсіпорындар қатысуда. Соның ішінде Беларусь, Өзбекстанның экономикалық әлеуеті таныстырылып, алғаш рет Арменияның ұлттық стенді көрсетіледі. Көрмеде Ресейдің Түркия және Иран, араб әлемі және Африка мемлекеттерімен ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктері мен форматтары талқыланады. Өндірушілерге арналған ең ірі өнеркәсіптік алаң жыл сайын 2010 жылдан бері өткізіліп келеді және өнеркәсіптік және технологиялық даму саласындағы мыңдаған мамандарды, сарапшылық қоғамдастықтың өкілдерін жинайды. «Innoprom- 2022» көрмесінің биылғы жылғы басты тақырыбы – «Индустриалды көшу: сынақтардан жаңа мүмкіндіктерге». Қорытынды бойынша Қазақстан мен Ресей аралысында бірқатар келісімдерге қол қояды деп күтілуде. Онда ресейлік-қазақстандық сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, оның ішінде энергетика, көлік инфрақұрылымы, білім, ғылым, мәдениет және басқа да салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуді талқылау жоспарланған.

 

«Aq-qara.kz» -  ақпарат

ШЫМКЕНТТІК 444 ТҮЛЕК «АЛТЫН БЕЛГІ» АЛДЫ

Шымкент қалалық білім басқармасы «Алтын белгі» иегерлері мейлінше көп шыққан білім ұйымдарының тізімін жариялады.

Көш басында 46 «Алтын белгі» иегерімен «High School»  мектебі тұр. Ал, 22 оқушымен үш тілде оқытатын №2 мамандандырылған мектеп-интернаты екінші орыннан көрінсе, 21 үздікті оқытқан №1  Білім-инновация ер балалар лицей-интернаты үштікті қорытындылады.

Ө.Жолдасбеков атындағы №9 мектеп-лицейінен – 15, С.Нұрмағанбетов атындағы  №72  жалпы орта мектебінен – 14, М. Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №8 гимназиясынан – 13, Дарынды балаларға арналған  №90 мамандандырылған дарын мектебінен – 12, А.Байтұрсынұлы  атындағы  №50 мектеп-гимназиясынан – 12, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясынан – 10 түлек «Алтын белгіні» ақтап шыққан. Ал, үздік ондықта бірдей нәтиже көрсеткен 5 білім ұйымы — Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясы, З.Космедеянская атындағы №23 мектеп-лицейі, Ю.Сареми атындағы № 107 мектеп-лицейі , №89 IT мектеп-лицейі Е.Юсупов атындағы №104 жалпы орта мектебі  қорытындылап отыр.

Айта кетейік, 2021-2022 оқу жылында Шымкент қаласы бойынша  11 189 оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде  444 түлек «Алтын белгі», 571 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Тағы 19 251 оқушы 9 сыныпты тәмамдады.  Оның ішінде Ұлттық біріңғай тестілеуге 433-і қатысса, қалған 20 үміткер шетел жоғары оқу орындарына түсуіне байланысты ҰБТ тапсырудан бас тартқан. Ал, білім саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесінде осы оқу жылында 500-ден астам шымкенттік оқушы халықаралық және республикалық сайыстарда топ жарды.

Естеріңізге сала кетейік, 2020-2021 оқу жылында Шымкент қаласы бойынша 186 мектепте 226 мың оқушы білім алды.  Оның ішінде 9 342 түлек 11-сыныпты тәмамдаған. 513 «Алтын белгі», 415 «Үздік аттестат» – иегері атанды. Ал жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олипиаданың қорытынды кезеңіне Шымкент қаласынан 100 оқушы қатысып, мыңнан жүйрік болып оза шапқандар 11 күміс, 18 қола, 2 алтынды қанжығалады. 4 634 талапкер ұлттық бірыңғай тест тапсырған. Оның ішінде тестілеу тәртібін бұзғаны үшін 64 оқушының жұмысы жойылған.
Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте 25 мектеп салынса, биыл 17 мектеп салу жоспарланды. Келер жылы үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілетін болады. Одан бөлек, Оқушылар сарайы мен Саз мектебі салынуда.


ШЫМКЕНТТЕ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР АЙТЫЛДЫ

Шымкенттегі  М.Әуезов атындағы ОҚУ-да  ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Н. Бекназаров пен А.Қапбарова білім саласының қызметкерлерімен кездесті. Жүздесуде білім саласындағы заңнамалық өзгерістер талқыланып, ұсыныстар айтылды.

Айгүл Қапбарова өз сөзінде жұмыс тобында қаралып жатқан «Ғылым туралы» заң жобасы жайлы ақпарат беріп, ондағы негізгі қағидаларынан құлағдар етті.

Атап айтқанда, «ғылыми атақ алу үшін шетелдік басылымда жарияланым болуы керек» деген қағидаға өзгеріс енгізу бастамасы көтерілгені, отандық ғылыми басылымдардың беделін арттыру назарда екенін атап өтті. Және ЖОО оқытушы-қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары ойластырылып жатқанын да жеткізді. Бұл үшін ғылым саласы қызметкерлеріне арнайы әлеуметтік пакет қарастырылып жатқанын жеткізді.

–Мемлекеттің ғылымға деген көзқарасы түбегейлі өзгеруде. Халықтың жағдайын жақсартып, әлеуетін арттыруға бағытталған заңдар дайындалып жатыр, - деп түйіндеді сөзін Айгүл Жарылқасынқызы.

«Ғылым министрлігінің дербес мекеме болып құрылуы қазақстандық ғылымды дамыту үшін жасалған шара. Ғылым академиясы қайта түлеп, оны қаржыландыру механизмдері қаралып жатыр», - деген сенатор Нұрлан Құдиярұлы жаңа Қазақстанды құру жолында білім саласы мамандарын бірлесіп жұмыс етуге шақырды.

М.Әуезов университеті ұжымы тарапынан айтылған ұсыныстар арасында ОҚУ-не Ұлттық университет статусын беру жайы назардан тыс қалмады. Тұрғын саны миллионнан асқан мегаполисте Ұлттық университеттің болуы өңірдегі зиялы қауым өкілдерінің құрамын сақтап қана қоймай, жаңа дәуір интеллигенциясының қалыптасуына ықпал етіп, жасампаз интеллектуал тұлғалардың шоғырлануына мол септігін тигізетіні айтылды.

Айтпақшы, дарынды балаларды қолдау шаралары бойынша да заңнамаға түзетулер енгізіп жатыр. Онда интеллектуалдық байқаулардың жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз, конкурстан тыс негізде білім алу үшін гранттар беру қарастырылған. Сондай-ақ ведомство халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және оларды даярлаған педагог-жаттықтырушыларға да біржолғы ақшалай сыйақы төлеуге бастамашылық етті. Алтын медаль иегерлеріне — 1500 АЕК, күміс медаль – 1000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы тағайындау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жоғары білім беру жүйесіне оқытудың жаңа құралын «Онлайн-оқу» форматын енгізу жоспарлануда. Осылайша, елімізде алғашқы онлайн-университеттер ашылады.

 

ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА АЛАҢШАЛАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҚАЖЕТТІ ЖЕР ТЕЛІМІ ТАБЫЛДЫ

Шымкенттегі Қайтпас шағынауданында ойын және ашық спорт алаңшаларының құрылысына қажетті жер телімі анықталды. Бұл туралы Қаратау ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаратау ауданы әкімінің аппараты мен «Мемлекеттік корпорация» КЕАҚ «Азаматтарға арналған үкімет»  қызметкерлері Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік жер кадастрының мамандарымен бірлесіп, Қайтпас шағынауданында балаларға арналған ойын және ашық спорт алаңшасын салу мақсатында бос жер телімдеріне далалық зерттеу жұмыстарын жүргізіпті.

— Бүгінде аталған шағынаудандағы М.Оразалиев көшесінің бойынан бір бос жер телімі анықталып, Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына мемлекеттік акт алу бойынша комиссияға ұсынылды. Нәтижесінде комиссия оң қорытынды беріп, Қаулы шығару үшін нысанды орналастыру жобасы әзірленуде. Сонымен қатар, аталған бос жер телімін мемлекет теңгеріміне заңдастырылуына орай, ойын алаңшасын салу бойынша сметалық құжаттама әзірленді, енді бюджетке өтінім ұсынылмақ, - дейді Қаратау аудандық әлеуметтік қорғау, мәдени даму және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің бас инспекторы Айнұр Қуатжанқызы.

Айта кетейік, жыл соңына дейін ауданда  41 ойын алаңшасы, 10 спорт алаңшасын салу жоспарланған. Одан бөлек, Еңбекші ауданындағы Сайрам шағынауданында биыл 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылды. Әл-Фараби ауданы аумағында биылға 50 көп қабатты тұрғын үй ауласын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын салу жоспарланған. Оған қоса 9 жаңадан ашық спорт алаңшаларын орнату мен 9 алаңшаны жөндеу жоспарға енген.

Абай ауданындағы бірқатар тұрғын үйлердің ауласына және Құрсай шағынауданында да балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді.