ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІНДЕГІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша Департаменті 2022 жылдың 15 маусым - 27 шілде аралығында Түркістан облысының Полиция департаментінің көші-қон қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын жүргізуді бастады.
Құрметті желі қолданушылары, егер де, аталған сала қызметіне қатысты Сіздің қандай да бір нақты мәліметтеріңіз бен арыз-шағымдарыңыз, білдірер ұсыныс-пікірлеріңіз болса, төменде көрсетілген мекен-жайларға жолдауыңызды сұраймыз.
Барлық проблемалық сұрақтар мен бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша жоғарыда көрсетілген байланыс құралдары арқылы хабарласу қажеттігін жеткіземіз.
Мекен-жайымыз: Түркістан қаласы, Тәуке хан көшесі, 100
Байланыс: +7 (72533)26932
Эл.почта: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
Естеріңізге саламыз, Сіздің ашық ұстанымыңыз бен азаматтық белсенділігіңіз - сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда аса маңызды.

Себебі, заңсыз көші-қон - әлеуметтік проблема. Бақыланбайтын процесс әлеуметтік шиеленістерге, қылмыстар санының артуына және бейресми жұмысқа жол ашады. Нәтижесінде, бюджетке салықтық аударымдардың қажетті сомасы жоқ. Бұл, өз кезегінде, ел азаматтарының зейнетақылық, медициналық және әлеуметтік қамсыздандырылуын азайтады. Сыбайлас жемқорлық заңсыз көші-қонды ұйымдастырудың салдары болып табылады, өйткені мигранттар елде тұруға заңды құқықтар алуға тырысады, себебі «шенеуніктерді заңсыз әрекеттерге шақырады».
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына Бірге тосқауыл болайық!

Қазығұрттық полицейлер мал сататын орындарды тексеруде

Әлімсақтан, төрт түлігін түлетіп, содан ризығын алып келе жатқан Қазығұрт ауданының халқы соңғы жылдары жайылымдағы малының қамын ойлап, мазасыз күй кешуде. Оған себеп – ауданда мал ұрлығының өршуі. Осы жағдайға алаңдаған Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік шара ұйымдастырып, мал базарларды қатаң бақылауға алды. Сақшылар мал тасымалдайтын 40-қа жуық көліктерді тоқтатып, құжаттарын тексерді. Тексеру барысында құқық бұзған 6 азамат анықталып, құжаттары заңды шара көрілу үшін аудандық ветеринариялық инспекциясына жолданды.

Атап кетер жайт, жыл басынан бері 43 азаматтың Әкімшілік құқық бұзғаны анықталып, оларға ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Түркістандық полицейлер темір контейнерді ұрлаған күдіктіні ұстады

Түркістан қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның өзі жұмыс жасайтын мекеме аумағында тұрған темір контейнерді белгісіз біреу ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 2 000 000-ға жуық теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары хабарламаны естіген бойда оқиға орнына жетті. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ұрлық қылмысына қатысы бар жергілікті тұрғын екені белгілі болды.

Анықталғандай, күдікті жас жігіт осы мекемеге жақын жердегі фирмалардың бірінде күзетші болып жұмыс жасаған. Ол күнделікті өтіп жүргенде фирмадағы контейнерге көзі түскен. Сезікті ұрлаған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын қажеттілік үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері тұрғындарға тұрғын үйлерге, ғимараттарға, мекемелерге, дүкендерге бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыш орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысына тап болсаңыз немесе куәсі болсаңыз полицияға хабарласыңыз.

 «AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

 

Шұлығының ішіне гашиш жасырған шетелдік ұсталды

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Жібек жолы ауылында орналасқан шекара бекетінен хабарлама келіп түсті. Онда Тәжікстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасына өту кезінде қызметтік ит белгі бергені хабарланған. Полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу жетіп, ер адамды тінту кезінде, оның сол жақ аяғына киген шұлығының ішінен есірткі затына ұқсас зат тәркілеп алды. Алынған затқа сараптама тағайындалды. Нәтижесінде айғақты зат «гашиш» болып шықты. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабанасы» бойынша тіркеуге алды. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің есірткіні қандай мақсатта алып жүргені анықталуда.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға тыйым салынған заттарды қолданып, сатуға, сақтауға болмайтынын, әр құқық бұзушылыққа заңға сәйкес шара көрілетінін ескертеді. Жалпы есірткі қолдану, бірінші кезекте сіздің денсаулығыңызға қауіпті екенін айтып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Созақта «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы өткізілуде

Тұрмыстық зорлық-зомбылық бүгінде қоғамда жиі талқыға түсетін тақырыптардың біріне айналды. Соңғы кездері бұл қылмыс түрімен күресуге мемлекеттік емес ұйымдар тартылуда. Ал осы мәселеге қатысты Ішкі істер органдарының қызметкерлері түрлі профилактикалық шаралар ұйымдастыруда.

Мәселен Созақ ауданы полиция бөлімінің қызметкері, полиция майоры Айжан Манапова ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге кеңес берілді. Сонымен қатар құқық қорғау саласы зорлыққа ұшыраған әйелдер мен балаларды қорғайтынын, олар үшін арнайы ұйымдар бар екендігін де ескертті. Тәртіп сақшылары кездесуге келген әйелдерге «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясына қатысты брошюралар таратты.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Түркістан: 1100-ден астам тұрғынның мәселесі тыңдалды

«Жолда қабылдау» акциясының екінші күнінде Түркістан облысы ПД-нің Азаматтарды қабылдау кеңсесіне Салтанат Бағланова есімді тұрғын келіп, жол белгілеріне қатысты сұрағын қойды. Жас қыздың айтуынша: «Мен облыс орталығындағы Төлеби көшесінің тұрғынымын. Біздің көшедегі балабақша жанына жасанды жол белгісін орнату керек. Өйткені кейбір жүргізушілер көліктерінің жылдамдығын шектен тыс асырып жүреді, былайша айтқанда балалар үшін қауіпті» деген ұсынысын білдірді. Бұл бойынша Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков: «Жалпыға ортақ мәселе бойынша жанашырлық танытып келгеніңіз үшін үлкен рақмет! Бұл мәселе бойынша тұрғындар атынан жазбаша ұсыныс беріңіз. Соның негізінде аталмыш көшеге толыққанды тексеру жұмыстарын жүргіземіз.  Зерделеу кезінде қандай да бір кемшіліктер орын алса, жаңадан жол белгілерін орнату қажет болса, әкімдіктегі осыған жауапты мекемеге ұсыным береміз. Мақұлданып, тиісті қаржы бөлінсе, тұрғындардың өтініші орындалмақ»,-деп жауап берді.

Ал Ажар Насырхан есімді тұрғын, өзіне жүргізуші куәлігін алудың жолдарын сұрап, полицейлер тарапынан құқықтық кеңес алды. Мұнымен қоса облыс бойынша полицияға 2 күн ішінде 1127 тұрғын келіп, сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды. Департамент парақшасында тікелей эфирлер ұйымдастырылып, желі қолданушылары тарапынан келіп түскен мәселелер де назардан тыс қалмады. Жалпы тұрғындар үшін қолайлы акция аясында біршама азаматтармен кері байланыс орнап, ашық сұхбат өрбіді. Ескерте кетсек, аталған акция ендігі кезекте ай сайын өткізілмек.

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Сауран: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бірінші орында

Бүгін жұмыстан тыс уақытта Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов демалыс аймағына барып, аралап, тексеріп қайтты. Бұл сапардың басты мақсаты –туристер мен тұрғындарға қызмет көрсететін аймақта демалушылардың қандай да бір оқыс оқиғаға, апатты жағдайға ұшырамасы үшін алдын ала қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдарын қарастырып, полицейлерді бекіту.

Облыстың бас полицейі Мұрат Талапұлымен бірге құрылыс басына Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков, Сауран АПБ бастығы Даул Панзабеков, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан нысанның бас құрылысшысы Марат Мусин де болды.

Олар демалыс орнының адамдар үшін қауіпсіздігі, қорғалу аймағы, қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі аясындағы маңызды мәселелерді құрылыс аймағының басында тұрып талқылады.

Полиция генерал-майоры М.Қабденов жобаның жоспарымен танысып, ерекшеліктеріне көңіл бөлді. Болашақта демалыс аймағы пайдалануға берілгенде онда қауіпсіздікті қадағалау үшін полицейлер қызмет етінін жеткізді.

- Еліміздің жүрегі саналатын рухани астанамыз – Түркістан Президенттің тиянақты тапсырмалары мен ерекше көңіл бөлуінің арқасында жұртты тамсандырып, сүйсіндіретіндей әсем қалаға айналып келеді. Туристердің тарихи қалада саяхаттап, демалуы үшін теңдесі жоқ нысандар бой көтеріп, демалыс орындарының саны артуда. Мұндай кезде тәртіп сақшысы ретінде біз де өз үлесімізді қосып, қаладағы қауіпсіздікті толыққанды қамтамасыз етуіміз қажет. Келген әрбір қонақ пен осындағы тұрғын жайлылық пен қауіпсіздікті сезініп, емін еркін жүре алуы керек. Қылмыс қатары азайып, ең қауіпсіз өңір болуы үшін бар мүмкіндігімізді пайдаланатын боламыз. Мәселен осы демалыс аймағында стационарлық бекеттер салынып, онда тәртіп сақшылары тәулік бойы қызмет көрсетеді. Бейнебақылау камералары орнатылып, жедел басқару орталығына интеграцияланады, - деп атап өтті полиция генералы.

 

 «AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

 

Түркістанда «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясын өткізді

Түркістан қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясын өткізді. Акцияның негізгі мақсаты –әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, қабылданып жатқан шаралармен таныстыру.

Аталған акция барысында әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі секторының психолог маманы Алия Базарбайқызы,  Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Аселхан Божикенова қала аумағындағы «Жеңіс» саябағында ашық аспан астында мұғалімдер мен жасөспірімдердің қатысуымен флешмоб өткізді. Іс-шара барысында халықты ақпараттандыру үшін қоғамдық орындарда 400-ге жуық жаднамалар таратылды. Сонымен қатар зорлыққа тап болған әйелдерге өздерінің құқықтары қорғалатындығы туралы кеңес берілді. Полиция қызметкерлері бұндай шаралар әйелдердің құқығын қорғайтын ең маңызды кездесу екендігін айта кетті. Және алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

.

 

Ордабасы: Дағдарыс орталығындағы аналардың жағдайын білді

Маусым айының 13 жұлдызынан бастап республика көлемінде «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясы іске асуда. Бұл акция - азаматтардың полицияға деген сенімін нығайту, халықтың бұқара тобын отбасында әйелдермен балаларға қатысты зорлық- зомбылықты ескерту, жолын кесу, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасауға бейімді адамдармен жеке-профилактикалық жұмысын жүзеге асыруға бағытталған.

Аталған  акция аясында  Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері және "Әлеуметтік - психологиялық сүйемелдеу қызметі" сектор мамандары,  Ана мен Балаға арналған «КӨМЕК» дағдарыс орталығына арнайы барып, зорлық-зомбылыққа ұшыраған, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған аналармен кездесу өткізді. Кездесудің бастапқы мақсаты- консультативтік құқықтық кеңес, психологиялық  және әлеуметтік жағдайларын жақсарту болды. Жиынға қатысқандар ондағы өмірлері жайлы айтып, полиция қызметкерлеріне сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.   Осы тұрғыда полиция қызметкерлері тұрғындарға,  жақын туыстарыңыз немесе өзіңіз зорлық-зомбылыққа ұшыраған болсаңыз, мемлекет тарапынан бірқатар көмек түрін ақысыз ала алатындықтарыңызды еске салады.

Егер Сіз немесе Сіздің жақындарыңыз, таныстарыңыз отбасылық зорлық-зомбылыққа душар болса, төменде көрсетілген нөмірлерге кез келген уақытта хабарласуларыңызға болады.

Тел: 102, 8-705-649-36-12, 8-747-711-73-20

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

Түркістан: Түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Отбасындағы жағдай баланың жарқын болашағына тікелей әсер етеді. Отбасы – бақытты балалықтың мекені.  Осы ұстаным әрбір жанұя мүшесінің басты қағидасына айналуы керек. Қазіргі уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың дамуына және оның өмір бойы басқа адамдармен қарым-қатынасына ықпал етеді.

Бүгінде елімізде зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдер мен балалар саны әлі де болсын азаймай тұр. Бұндай жағдайға тап болатын адамдар көбіне өздерінің құқығы мен  мүдделерімен айналысатын дағдарыс орталықтары барынан бейхабар.  Осы тұста Түркістан облысының полиция қызметкерлері әйелдерді қорғайтын заңнамалармен таныстырып, оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін ауқымды шара ұйымдастыруда. 

Мәселен, Түлкібас ауданы полиция бөлімінің полиция аға лейтенанты Гүлбану Есенқұлова, әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу орталығының мамандары және дәрігерлермен орталық саябаққа келген тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, психологиялық және заңгерлік кеңес беріп, жадынамалар тарқатты. Олар балалар мен жасөспірімдерге көрсетілетін зорлықтың алдын алуға  қатысты кеңестер берді. Сондай-ақ өңірлерде сенім телефондары мен дағдарыс орталықтарының бар екені туралы атап өтті. Бұндай шаралардың жастар үшін де маңызы зор. Себебі, болашақта өздерінің құқығын қорғай алатын тұлға болып қалыптасады.  Шараға қатысқан тұрғындар полиция қызметкерлеріне өздерінің алғыстарын білдірді. Өздері білмейтін жаңа ақпаратпен таныстарғанына және психологиялық кеңеспен бөліскен мамандарға ризашылықтарын жеткізді.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат