БЕСІНШІ АУДАН ҚҰРЫЛМАҚ

Шымкент қаласында таяуда бесінші аудан құрылады. Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңес төралқасының кеңейтілген отырысында талқыланды.

Жиынның күн тәртібінде бірнеше мәселе көтерілді. Соның алғашқысы болып баяндама жасаған Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов қалада құрылатын жаңа аудан туралы мәлімдеді.

– Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласының аумағы бүгінде 117 мың гектарды құрап, тұрғындар саны, соңғы халық санағы бойынша, 1 млн 100 мың адамнан асты. Қаладағы 4 ауданның, оның ішінде Абай ауданының аумағы өте үлкен. Осыған байланысты жаңа, бесінші аудан құру тақырыбы өзекті болды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы құжаттау жұмыстары аяқталып қалды. Көпшілік арасында қоғамдық тыңдау өтті. Мемлекет басшысының жергілікті басқару органдарының тұрғындарға жақын болып, тығыз жұмыс істеуі туралы тапсырмасы бар. Осы мақсатта тиісті жұмыстар атқарылып, жаңа ауданның шекарасы бекітілді. Президент Әкімшілігіне хат жолданып, Үкіметпен келісілді, – деді Ғабит Патшаханұлы.

Аппарат басшысының айтуынша, жаңа ауданға төрт ауданның аумағы бөлініп берілген. Әсіресе, Абай ауданының аумағынан көп жер бөлініп отыр. Жаңа ауданның шекарасы Шымкент қаласының жаңа бас жоспарын жасаған жұмыс тобы тарапынан да талқыланды, дейді мамандар. Енді алдағы уақытта жаңа аудан әкімдігінде 35 штат ашылып, оған қоса басқа құрылымдық органдар тарапынан мамандар беріледі.

Қоғамдық кеңестің отырысында, сонымен қатар, Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Тілеш жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау қағидаларына қарастырылатын өзгерістер туралы мәлімдесе, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының өкілі қала аумағындағы тиісті мақсатта пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер салығының базалық мөлшерлемелерін арттыру туралы баяндама жасады.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

БАЛАЛАР ҮЙІ МЕН МЕКТЕП КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

 

Биылғы күрделі жөндеуден өтетін білім ұйымының бірі - №3 балалар үйі. Аталған балалар үйі 1937 жылы ашылған. Бүгінде мекемеге тиесілі 9 ғимараттың 6-ы сараптама қорытындысына сәйкес жарамсыз деп танылған.

Қала әкімі білім нысандарын аралау барысында №3 балалар үйін күрделі жөндеу жұмыс барысын тексерді.

Екі қабатты ғимараттың едендері мен есік-терезелері ауысып, шатыры жөнделеді. Тозығы жеткен электр жүйесі, су құбыры мен кәріз және жылыту жүйелері жаңарады.

Балалар үйіндегі негізгі ғимарат 1964 жылы пайдалануға берілген. Сыйымдылығы 50 орынға лайықталған. Балалар үйінің негізгі ғимаратының ішкі бөлмелерінде және сыртқы

 Қазір мұнда 47 бала тәрбиеленуде. Осы жылдың сәуір айында жөндеу жұмысы басталғаннан балалар №4 балалар үйіне орналастырылған.

—Балалар үйінің жөндеу жұмысы жоғары деңгейде, әрі сапалы болуы керек. Өйткені балалар —біздің болашағымыз. Олардың мұнда өсіп, білім алуында ешқандай кедергі болмауы қажет.  Көбіміздің ата-анамыз бар болса,  мұндағы балалардың қамқоршысы мемлекет,—деді қала әкімі.

Қазір жалпы жұмыстардың 40 пайызы орындалған. Пайдалануға беру мерзімі қазан айына жоспарланып отыр.

Күрдеоі жөндеуден өтіп жатқан тағы бір нысан №11 мектеп. Оқу жылы аяқталып, мектептердің ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтенов жөндеу жұмыстарын тексеру мақсатында  №11 мектепке барды.

Білім мекемесі 1991 жылы пайдалануға берілген. Мектептің су құбырлары, жылыту және электр жүйелерін жаңарту уақыты келген. Жауынды күндері ескірген шатырдан су өте бастаған. Іргетасының қаланғанына 30 жылдан астам уақыт болған мектеп жөндеуден кейін жаңа кейіпке енбек.

Екі қабатты ғимараттың есік, терезе және едендері жаңасына ауыстырылып, жылу жүйелері қайта қалпына келтірілуде. Желдету, су құбырлары, кәріз, электр жабдықтары, өрт дабылын орнату жұмысы атқарылады.

Жұмыстар осы жылдың сәуірінде басталған болса, қазір 45 пайызы орындалған. Жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

 

САУРАН: "ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМДІ НАСИХАТТАЙТЫН ИНТЕРНЕТ РЕСУРСТАРЫНЫҢ ҚАУІПТІЛІГІ" ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

 Ағымдағы жылдың 8 маусым күні Қарашық ауылдық округінде ауыл тұрғындары мен жастар арасында кездесу өтті. Кездесуге Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің теолог маманы Н.Тәжібай, Түркістан облысы дін істері басқармасы "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" КММ-нің теолог маманы А.Тағай қатысты. Кездесу барысында теолог маман Айбек Тағай экстремизм мен терроризмді насихаттайтын әлеуметтік желідегі діни топтардан сақ болуға шақырды.

«Ислам атын жамылған деструктивті діни ағымдардың белсенді дамуы, әдетте, белгілі бір тарихи оқиғалар мен саяси жағдайларға тұспа-тұс келеді. Еліміз соңғы онжылдықта әртүрлі саяси-тарихи кезеңдерді бастан кешірді. Соның бірі діни экстремистік және террористік ұйымдардың халықаралық деңгейдегі қауіп-қатері мен зардаптары» деп бастады өз сөзін А.Тағай.

Жиын барысында теолог маман Н.Тәжібай әлеуметтік желілерде деструктивті діни ағымдардың арбауына түспес үшін барынша сауатты болу қажет екендігін жеткізді.Елімізде діни экстремизмнің таралу көріністері бірнеше рет тіркелген болатын. Көп жағдайда экстремистік топтардың агенттері өз идеяларын насихаттау барысында ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаруға тырысады. Осыған орай, 2011 жылы «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңнама дайындалды. Ол діни әдебиеттер мен миссионерлік қызметті реттеу мен қадағалауда дер кезінде қабылданған құжат болып есептеледі. Мемлекетіміздің дін саласындағы қауіпсіздігін сақтау үшін бірнеше заңнамалық нормалар мен мемлекеттік бағдарламалар дайындалды.Осының барлығы дін атын жамылған экстремистік идеологиялардың таралауына жасалған үлкен соққы болды. Деструктивті діни қозғалыстар арзан әрі тиімді құрал ретінде ғаламтор желісін кеңінен пайдалана бастады. Ғаламтор ешқандай шекараларды ескермейтін, бір жерден отырып өз идеяларын мен көзқарастарыңды басқаға таңуда тиімді құрал болып табылады.Әсіресе әлеуметтік желілер жастар арасында  өте танымал. Көптеген жастар діни сауатын әлеуметтік желілер мен ғаламтордан ашып жатады.  Ғаламтор желісінде жастарды оқыту, дәріс беру бойынша ислам ресуртары кеңінен таралған. Мәселен, республика көлемінде «Вконтакте» әлеуметтік желісінен  «Ислам» сөзі сұранысы бойынша 1357 қауымдастық, «Құран» сөзі бойынша 88 қауымдастық,  «Сунна»  сөзі бойынша 181 қауымдастық және т.б. ұқсас қауымдастықтар тіркелген.Әлеуметтік желінің іздеу жүйесінде «ислам» сөзін терсеңіз, экстремистік мазмұндағы жүздеген бейнероликтер, оның ішінде деструктивті қозғалыс жетекшілерінің бейне хабарламаларына тап боласыз.Дін туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден іздеу көбінесе деструктивті діни ағым өкілдерінің тұзағына түсу арқылы ҚР кей заңнамаларын бұзуға алып барады.Желі қолданушыларының деструктивті діни ағымдар қатарына кіріп кету факторларының бірі әлеуметтік желілердегі деструктивті қауымдастықтар мен топтарға жазылу болып табылады.Бұл топтар мен қауымдастықтардың атаулары әдетте мүмкіндігінше бейтарап болып көрінеді, мысалы: «Исламдағы махаббат», «Счастье в Исламе», «Пайдалы насихат» және т.б.қауымдастықтарды айтсақ болады. Алайда, атаулары мейірімге шақырғанымен қауымдастықтардың ішінде жүргізіліп отырған ақпараттық саясат мүлдем басқа және алдап-арбауды мақсат еткен ақпараттық тұзақ.Осыған орай 2020 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері басқармасы және  Діндерді зерттеу орталығы бірлесіп  деструктивті қауымдастықтарға тіркелген желі пайдаланушыларын қауіпті ақпараттан аластату жолында арнайы хабарламалар жіберу жұмысы ұйымдастырылуда. Осы уақытқа дейін 5 мыңнан астам хабарлама желі тіркелушілеріне жолданып отыр. Желі қолданушыларына жолданып жатқан бұл хабарламалар біріншіден алдын-алу, яғни азаматтарды білместіктен заң бұзушылықтарға алып баратын лайк, репост немесе комментарийлерден ескерту. Осындай іс-әрекеттер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 453 және 490-баптарын бұзады және оған 50 АЕК көлемінде айыппұл көзделген.Осылайша, жастардың діни радикалдар қатарына «кетуіне» жол бермеу мақсатында дінді дұрыс зерттеп, діни білімді ресми жерлерден ғана алуға кеңес береміз. Ғаламтор желісі арқылы тек қауіпсіз және тексерілген ресми сайттарды, қауымдастықтарды және әлеуметтік желілердегі топтарды қарауды ұсынамыз дедітеолог маман Н.Тәжібай. Жиын соңында ауыл  тұрғындарының қойған сұрақтарына теолог мамандар жауап берді.

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

ШЫМКЕНТТЕ СУБҰРҚАҚТАР ҚОЙЫЛДЫ

Жыл сайын дәстүрге айналған «Таза қала» акциясы биыл да Азаматтық альянс қоғамдық ұйымының бастамасымен жалғасын таппақ.

Қоғамдық ұйымның өкілі Юсуп Арзыхановтың айтуынша, акцияға қатысуға қаланың барлық тұрғындары өтініш білдіре алады. Жас ерекшеліктеріне ешқандай шектеу жоқ.

–Үміткер арнайы өтініш қағазын толтырып, аудандық әкімдікке тапсырады. Қаланың төрт әкімдігінен құралған жұмыс тобы айына екі рет үміткерлердің тазалық жұмыстарына мониторинг жасап, ай сайын аумақты фото, видеоға түсіріп, әр аудан өзінің жеңімпаздарын анықтайды. Ал қорытынды нәтижені комиссия шығарып, кімнің жүлдегер атанғаны қазан айында белгілі болады. Байқау жеңімпаздары «Үздік аула», «Үздік көше», «Үздік үй», «Үздік тұрғын үй алабы», «Үздік аула сыпырушы» деп аталатын 5 номинация бойынша марапатталады, - деді Ю.Арзыханов.

Биылғы акцияның жүлде қоры 4,3 миллион теңге. Акция жеңімпаздарын бағалы сыйлықтар күтіп тұр. Азаматтық альянс төрағасы Жұмағали Білісбеков аталған іс-шараға кәсіпкерлерді бизнес әлеуметтік жауапкершілігі аясында атсалысуға шақырып отыр.

Айта кету керек, «Таза қала» акциясына биыл тура он жыл толады. 2012 жылы Азаматтық альянстың бастамасымен қолға алынған іс-шара қаланың жыл сайынғы дәстүрлі байқауына айналып үлгерді. Бір ерекшелігі мұндай акция республиканың өзге өңірлерінің ешбірінде жоқ.

Осы түста айта кетейік, қаланың оң имиджін қалыптастырып, қала қонақтары мен тұрғындарына жайлылық сыйлау мақсатында Әл-Фараби ауданында жаңа субұрқақтар орнатылды. Олар «Цум» сауда орталығы алдында, Байтұрсынов көшесіндегі саябақта, №8 мектептің  алдында, Әл-Фараби алаңы, Чернобыль саябағында, Тыныбаев және Дулати көшелері қиылысында қойылды. Әл-Фараби ауданы аумағында адам көп шоғырланған жерлерде жалпы саны 11 субұрқақ жұмыс істеуде.

Осы орайда, сала мамандары, қала тұрғындары мен қонақтарынан  жаздың аптап ыстығында кез-келген адам келіп сусындай алуы үшін санитарлық нормаларды сақтап, субұрқақтарды қоқысқа толтырмауды сұранады. 

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

 

 

Кентауда мейрамханадан 70 келі ет ұрлаған күдікті ұсталды

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, өзіне тиесілі мейрамханасының асханасында тұрған 70 келі ет өнімдерін белгісіз біреу ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленуші ер адамға келген шығын көлемі 150 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама бойынша тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына келіп жетті. Олар ұрлыққа қатысы бар күдіктіні анықтау үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, бейнебақылау камераларын қарап шықты.

Нәтижесінде күдікті ретінде Кентау қаласының тұрғыны, бұрын сотты болған жас жігіт анықталды. Белгілі болғандай күдікті ер адам сол мейрамханада жұмыс жасаған. Сезікті күзетшінің болмағандығын пайдаланып, сағат 04:00 шамасында ұрлыққа түскен. Ол ұрлаған етті, танысының үйінде жасырған. Полиция қызметкерлері айғақты зат ретінде етті тәркілеп алды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлық қылмысының алдын алу үшін ғимараттарға, дүкендерге, тұрғын үйлерге, мейрамханаларға бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

Жайылымдық жерден мал ұрлаған күдікті үшеу қамауға алынды

Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның жайылымда жүрген 6 бас саулық қойын, 2 бас қозысын белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 430 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша СДТБТ-ға тіркеуге алды.

Тәртіп сақшылары хабарламаны естіген бойда оқиға орнына бірден жетті. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Полицейлер жақын аумақты түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде қылмысқа күдікті ретінде Түркістан қаласының үш тұрғыны ұсталды. Сезікті үш жігіттің екеуі ағайынды, үшіншісі досы болып келеді. Олар ұрлыққа түнгі уақытта бақташының жоқтығын пайдаланып барған. Күдіктілер ұрлаған малдарды сатып, ақшасын өз қажеттіліктеріне жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығы көбіне тұрғындардың салғырттығы мен қараусыз қалдыратындығы салдарынан болатындығын айтады. Сондай-ақ келеңсіз жағдайларды бодырмас үшін жайылымдық жерлерде бақташысыз қалдырмай, үшжақты келісім жасау керектігін еске салады. Мал ұстайтын аудан тұрғындарына келеңсіз жағдайды болдырмас үшін малдарды құжаттандырып, сырғалау жұмыстарын жүргізу керектігін ескертеді.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

ТҮРКІСТАН: ТАБИҒАТ ҚОРҒАУ ПРОКУРАТУРАСЫ ҚОРШАҒАН ОРТА ТАЗАЛЫҒЫНА МӘН БЕРУДЕ

    Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы ағымдағы жылдың 3 айында 24 заң бұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде, 35 тұлға тәртіптік, 51 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.  Қоршаған ортаға келтірілген залал үшін 109,6 млн теңге көлемінде қаржы бюджетке өндірілген. Заңды бұзған 51 тұлғаға 4,4 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Бұл туралы брифингте мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Серік Әбдиев мәлімдеді.

     «Өңір тұрғындарын табиғатты аялап сақтауға шақырамыз.Әсіресе кәсіпкерлерге Экологиялық кодексте талап етілгендей рұқсат қағаздарын, экологиялық сақтандыру шарттарын алуды еске саламын. Себебі, рұқсатсыз қызмет жасаған 100-ге жуық кәсіпкерлік субъектісі 13 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олар қоршаған ортаға 500 млн теңгеден астам залал келтірген. Оның 100 млн теңгеден астамы өндірілді. Табиғатты аяламасақ, оның зардабы болашағымыз үшін ауыр, ал материалдық және моральдық жауапкершілігі өте жоғары», - деді Серік Үмбетұлы.

     Баспасөз мәслихатында спикер Сарыағаш және Арыс ауданы аумағында орналасқан қоқыс полигондарның санитарлық-қорғаныш аймағы сақталмай тұрғын үйлер салынғанын сөз етті. Облыстағы 158 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының ішінде тек біреуіне ғана автоматтандырылған сұрыптау желісі орнатылған. Қазіргі таңда жергілікті ақтқарушы органмен бюджеттен қаржы бөлініп, қоқыс полигондарын заң талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

ТҮРКІСТАН: ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА ЕНГЕН ЖАНУАРЛАР МЕН ӨСІМДІКТЕРГЕ ЗАЛАЛ КЕЛТІРГЕНДЕРГЕ 9 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ

«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында демалушылар мен туристерге қызмет көрсету мақсатында 7 бақылау өткізу бекеттері орнатылған. Парк аумағындағы өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар түрлерін қолға түсіріп иемдену, залал келтіру факті тіркелсе, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  Оған қоса, 3 000 АЕК айыппұл салынады (3000 АЕК - 9 189 000 теңге). Бұл туралы бүгінгі брифингте "Сырдария-Түркістан" мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ғылыми қызметкері Ғани Назарбек мәлімдеді.

 «Парк аумағына рұқсатсыз кірген жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 380-бабы бойынша 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Айта кетерлігі, орман өртінің алдын алу мақсатында ауыл әкімшіліктерімен, жергілікті тұрғындармен және ауыл орта мектептерімен құрылған 63 ерікті өрт сөндіру командаларына 566 азамат жасақталды. Қазіргі таңда өртке қарсы техникалық құралдар толықтырылып, жедел шақыртуларға сақадай сай»-деді туризм, рекреация және экологиялық ағарту бөлімінің меңгерушісі Қайрат Кәрібаев.

  Табиғи парк мамандары биылғы жылы «Парктер шеруі-2022» табиғат қорғау акциясын өткізбек. Акция аясында «Су айдындарын тазарту» сенбілігі және Халықаралық құстар күні аясында «Құстарды қорғау күні»  акциясын өткізу жоспарлануда.

 

Түркістанда «Маскүнемдік пен есірткіге қарсы күрес» байқауы өтті

Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Рәміздерінің 30 жылдығына орай, «Маскүнемдік пен есірткіге қарсы күрес» тақырыбында жастар арасында қалалық плакаттар және көркем шығарма байқауы өткізілді.

Байқаудың мақсаты - есірткі мен темекінің, спирттік ішімдіктің адам өміріне зиян екендігін білдіру, жастарды жат қылықтардан аулақ болуға тәрбиелеу, бос уақытты тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Байқауға колледжіміздің шығармашыл студенттеріміз қатысып, белсенділік танытты. Байқаудың бас жүлдесін БМ 20-9 тобының 2 курс студенті Жексенбек Балнұр (жетекшісі: Абдуллаева А.) иеленді, 1-орын ҚТжӘ 19-9 тобының 3 курс студенті Байжанова Әсем (жетекшісі: Матибаева А.), 2-орын ҚТжӘ 19-9 тобының студенті Вахидова Юлдуз және Қуатбек Нұрдана, 3-орын КБ 20-9 тобының студенті Әбдірахман Зебо және ҚТжӘ 20-9 тобының студенті Әкім Жұлдызай алғыс хатпен марапатталды. Плакаттар байқауы бойынша колледждің талантты суретшілері КБ-20-9 тобының студенттері Рахимова Севинч  пен Бахадирова Зебо қатысып, жүлделі 3-орынды иеленді. Барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

 

«ШАРЫҚТАЙ БЕР, ШЫМҚАЛАМ!» КОНЦЕРТІ ӨТТІ

Үшінші мегаполистегі Қала күніне арналған іс-шаралар гала-концертпен қорытындыланды. Әл-Фараби алаңында өткен мерекелік кешті Айгерім Қалаубаева, Ғазизхан Шекербеков, Ләйлә Сұлтанқызы және Нұрсұлтан Құрман жүргізді.

«Құрметті шымкенттіктер, қадірлі достар! Бүгін барлығымыз Шымкент қаласының туған күнін атап өтеміз. Сондықтан, бүгін барлығымыз шымкенттікпіз, жерлеспіз» деген жүргізушілер түрлі қызықты сұрақтар қойып, естеліктер айтып, көпшіліктің көңіл-күйін көтеруге атсалысты. Ал қала әкімі Мұрат Әйтенов мегаполис тұрғындарын құттықтады.

– Құрметті шымкенттіктер! Баршаңызды қала күнімен құттықтаймын! Шымкент тұрғындарының орташа жасы – 28-де, қаламыз жастардың қаласы саналады. 2200 жылдан астам тарихы бар шаһардың мегаполис атанғанына да биыл 4 жыл толды. Осы  уақыт ішінде қалада көптеген өзгеріс орын алып, Шымкент бұрынғыдан да дами түсті. Бүгін футболшыларымыз да қала күніне сыйлық жасады. «Ордабасы» клубы Оңтүстік дербиінде «Тараз» командасынан 3-2 есебімен басым түсті. Ал осынау мерекелік концертті ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Шымкент қаласы дами берсін! – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Бұдан кейін Қазақстан эстрадасының жұлдыздары көпшілікке арнап ән салып, концерт көркін қыздыра түсті. Халық алдында Заттыбек, Медеу Арынбаев, Бауыржан Исаев, Айгерім Қалаубаева, Ғазизхан Шекербеков, «Жігіттер», FM топтары және тағы да басқа өнерпаздар өнерлерін паш етті.

Айта кетейік, қала күні қарсаңында Шымшаһарда мәдени, экономикалық, әлеуметтік бағытта бірнеше іс-шаралар өткізілді. Атап айтар болсақ, екі күнге созылған бос жүмыс орындарының жәрмеңкесі, қолөнершілердің көрмесі, үлгілі отбасылардың сайысы, азық-түлік жәрмеңкесі, жүгіру марафоны мен балмұздақ фестивалі сияқты іс-шаралар шымкенттіктер мен қала қонақтарының назарына ұсынылған болатын.

 "AQ-QARA.KZ"-ақпарат