Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының қызметкерлері бірлесе отырып, «Есірткісіз болашақ», «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыптарында асфальтқа сурет салудан байқау өткізді. Жарысқа қала мектептерінен 50-ге тарта оқушылар қатысып, командалық есеппен сынға түсті. Өз қиялдарына ерік берген жасөспірімдер «Ғасыр дерті» саналатын есірткіге қарсы екендіктерін сурет өнерімен көрсетті. Шараның мақсаты – балалардың қиялын дамытып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, жаман әдеттерден аулақ болуға дағдыландырып, бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету. Яғни, өзінің ойын қағазға түрлі түсті қаламмен байланыстыра отырып түсіру, сурет өнеріне баулу болып табылады. Аталған сурет байқауында әділ-қазылар өз төрелігін жасап, жеңімпазды анықтады. Одан бөлек қатысушыларға естелік сыйлықтар тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар полицейлер тарапынан алдағы уақытта да жиі ұйымдастырылып тұрмақ. Ең басты мақсат - оқушылардың бойына осы бір зиянды заттардан, теріс қылықтардан аулақ болуды сіңдіру.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат