Жексенбі, 19 Маусым 2022 10:40

Түркістан: Деструктивті діни ағымдардың алдын алу жолдары айтылды

Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің ұйымдастыруымен жастар арасында ұлтаралық татулық, жастардың діни танымдығын арттыру мақсатында Түркістан Индустриалды-құрылыс колледжінің білім алушылармен кездесу өтті. Мақсаты: білім алушыларға экстремизм, терроризм туралы терең түсінік беру, оның түрлері, себептері мен зардаптарын ұғындыру, жасөспірімге қоғамның әлеуметтік, құқықтық, діни сипаттарын ұғындыра отырып, оларды террорлық, ланкестік және діни экстремистік бағытта арандатуға жол бермеу және жасөспірімдерге бейбітшіліктің маңызын және мейірімділік пен ізгіліктің адамдарға жақсылық жасай білудің өмірдегі басты ұстанымы екендігін ұғындыру.Спикерлер: «Деструктивті діни ағымдар», «діни экстремизм», «діни терроризм» деген атаулардан көз сүрініп, құлақ тұнатын жағдайға жеттік. Әлбетте, басқа түскен індеттен қашып емес, шешіп қана құтыла аламыз. Олай болса, алдымен «деструктивті діни ағым», «діни экстремизм», «діни терроризм» ұғымдарының бір-бірінен қандай ерекшелігі бар екенін ажыратып алсақ ,-деп бастады жиынды. Кез келген діни ағымның деструктивтілігі оның мақсаттарынан және іс-әрекетінің нәтижесінен аңғарылады. Теріс пиғылды ағымның арбауына түскен адамның жеке өмірінің деңгейі, сондай-ақ оның әлеуметтік, физикалық, экономикалық, рухани және моральдық жағдайы бұзылады. Соның салдарынан отбасы мен қоғам зардап шегіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келеді. Деструктивті діни ағымдардың таралуы халықтың діни сауаттылығының төмендігі, қазақстандық азаматтардың шетелде бақылаусыз діни білім алуы сияқты факторлардың әсерінен кең етек жайып кетті. Соның арқасында халық арасында радикалды идеологияның енуіне қолайлы жағдай туғызған негізгі себептер болды.Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен елдегі діни саланы реттеу мәселелері Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады. Және жастар осыны жақсы түсіну керек деген ұйымдастырушылар, қазіргі күні мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың бірлесе үйлесімді жасап жатқан жұмыстарының нәтижесінде елдегі діни ахуалдың тұрақты екенін тілге тиек етті. «Бүгінгі күннің бет алысына қарай мың құбылып, сабан астынан су жүгіртуді көздейтін деструктивті діни ағымдармен білек сыбана күресуге тиістіміз»,- дейді жастар қауымы. Өйткені, деструктивті діни ағым өкілдері жоққа шығарғысы келген дәстүрлі құндылықтарымыз ұлтымыздың қаны мен жаны болып есептеледі. Ал, рухани құндылықтарсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Яғни, дәстүрлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтау заман талабы. Жаһандық деңгейде әрекет ететін деструктивті ағымдардың ықпалымен күресте қоғамда ұлттық және діни-рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ғана біз бүгінгі қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ете аламыз.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 323 рет