Қоғам тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауда қазақ Полициясының орны бөлек, абыройы асқақ! Ал 2022 жылдың 23 маусымы - «Қазақстан Полициясының 30 жылдығы» аталып өтер айтулы күн! 30 жылдан бері полиция - елмен тығыз араласып, жұртшылықтың бейбіт күнде, мамыражай елде, ынтымағы жарасқан өлкеде өмір сүруі үшін аянбай тер төгіп келеді. Оған дәлел Түркістан облысының өзінде қаншама қызметкерлер халықтың ыстық ықыласына бөленіп, алғыс арқалауда. Ел үшін отқа түсіп, суға батып, жанқиярлық танытуда. Осындай өз қызметін мінсіз атқаратын тәртіп сақшыларын «Бейбіт күннің батырлары» деп атасақ артық айтқандық емес?!
30 жылда ҚР Ішкі істер министрлігі жеткен жетістіктер өте көп. Соның ең ерекшесі, баға жетпес байлығы - жас ұрпақтың бірге өсіп-өніп, осы саланың білікті маманы болғаны. Сөзімізге дәдел, полицияның алғаш құрылған жылы, яғни ел Тәуелсіздігін алып, тәй-тәй басқанда дүниеге келіп, бүгінде орда бұзар 30 жасқа жетіп, өз еліне қызмет етіп жүрген полиция қызметкері – Жамбыл Жандаров.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз полициясының төл құрдасы, қазақ полициясымен бірге қарыштап дамып, өркендеген жас маман. Полиция капитаны Жамбыл Жандаров, қазіргі таңда Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі болып қызмет етеді. Ол 1992 жылы Қазығұрт Ауданы Қызылқия ауылында дүниеге келген. Полицей болуды бала кезден армандаған. Себебі әкесінің екі бірдей ағасы осы салада қызмет етіп, құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан. Өзінің ағаларын қызметтік формада көріп, олардың қылмыскерлерді ұстайтындығын естіп өскен Жамбыл, есін білген сәттен полицей боламын деп мақсат қойған. Содан бала арманын іске асыру мақсатында 11 сыныпты бітіріп, 2010 жылы Қарағанды қаласындағы Б.Бейсенов атындағы Академияға оқуға түскен. Аталған оқу орнын 2014 жылы қызыл дипломмен тәмамдап, Академияның үздік түлегі ретінде лейтенант шенін сол кездегі Ішкі істер министрі генерал-лейтенанты Қ.Қасымовтың арнайы қолынан алған.
Ішкі істер саласындағы алғашқы қызметін 2014 жылы Шымкент қаласында Еңбекші полиция бөлімінде жедел уәкіл болып бастап, қызметін абыройлы атқарған. Түркістан облысы құрылған сәтте Түркістан облысы Полиция департаменті КПБ-ның жедел уәкілі лауазымына ауысқан. Қазіргі таңда аға жедел уәкіл.
«Мен – Қазақстан Полициясының құрдасымын! Құқық қорғау органдарының ішінде ең ауқымдысы – полиция қызметі. Полицейдің ең бастысы міндеті қылмысты болдырмау, профилактикалық жұмыстарды жүргізу, қылмыс орын алған сәтте дер кезінде анықтап, кінәлілерді құрықтау. Қауіп-қатермен байланысты бұл қызмет тәртіп сақшысынан батылдықты, сабырлықты, төзімділікті, асқан жауапкершілікті талап етеді. Әрбір істі соңына дейін жеткізу үшін полиция қызметкері оқиға орнына жедел жетіп, ширақ қимылдап, қателікке мүлде жол бермеуі керек. Менің ұстаным осы. Осы орайда кәсіби шеберлігі мол қызметтестеріммен бірге ұрлық қылмысының алдын алуда, қылмыскерлерді құрықтауда атқарылған біршама жұмыстарға тоқталып өтсем: Мәселен жақын арада 70 жайт пәтер ұрлығын жасаған ерлі-зайыптылар мен олардың туыстарынан құрылған қылмыстық топты ұстадық. Олар жәбірленушілердің ақшалары мен алтындарын жымқырып, ломбардтарға өткізіп отырған.
Сондай-ақ Түркістан өңірі мал шаруашылығымен айналысуға қолайлы аумақ болғандықтан, мал ұрлығы қылмысы орын алып жатады. Осындай кезекті жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Түркістан облысының бірнеше аудандарында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Олар 14 тұрғынның малын үптеп кеткен. Айта берсек, атқарған жұмыс жетерлік.
Сонымен қатар әрбір тәртіп сақшысы шыныққан, спортқа бейім болуы тиіс. Мен өзім футбол ойынына қатты қызығамын. Бос уақыт бола қалса, әріптестермен жасыл алаңда доп теуіп, бір серпіліп қаламыз. Тіпті ТО ПД қызметкерлері арасында өткен жарыстарда жүлделі орындарға да ие болғанбыз. Жалпы, мен өз қызметімді мақтан тұтамын және Қазақстан халқына қызмет етемін», – деп атап өтті 30 жастағы полиция капитаны Ж.Жандарбеков.
Қызмет атқару барысында полиция капитаны Ж.Жандарбеков ҚР ІІМ-нің, Түркістан облысы Полиция департаментінің және басқарманың Грамота, Алғыс хаттарымен марапатталған. 2019 жылы отау құрып, бүгінде жұбайы екеуі бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі жанұя. Ендеше полицей Жамбылға, жыр алыбы Жамбыл атамыздай жүз жаса деген тілек білдіреміз!