Заңсыз есірткі бизнесі, есірткі қолдану, сақтау, сату деген қылмыстар баршамызға ортақ мәселе десек болады. Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, біздің азаматтардың, әсіресе жастар арасында есірткінің таралу жолына қуатты тосқауыл қою қажеттігін баса айтқан болатын. Ал ҚР ІІМ барша облыстық ПД-ға тапсырмалар беріп, жұмысты жүйелендіруде. Өз кезегінде Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің бастамасымен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткіге қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, ұйымдасқан қылмыстық топтарды ажырату, жасырын есірткі зертханаларын жою, есірткінің жастар арасында таралуына тосқауыл қою мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде. Мәселен облыста 26 мамыр мен 26 маусым күндері аралағында 1 айға жоспарланған «Есірткісіз болашақ» іс-шарасы басталған болатын. Осы бағдарламаға сәйкес ПД-нің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, нарколог-дәрігерлердің қатысуында маңызы зор іс-шара өткізілді. Жеңіс саябағында «Есірткісіз болашақ» ұранымен өткен кездесуге 100-ден астам жастар қатысты. Студенттерге есірткінің зияндылығы және жауапкершілігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ал нарколог дәрігерлер есірткінің адам ағзасына зияндылығын, өмір жалмайтынын айта отырып, зиянды әдеттерге мүлде жоламауға шақырды. Оған қоса «Есірткіге жол жоқ» жазуымен жасөспірімдерге естелік сыйлықтар табыс етілді.