Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адам өз арызында, стадионының алдында тұрған «Нексия» маркалы көлігін белгісіз біреулер рұқсатсыз айдап кеткені бойынша шағымданды. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркеуге алып, бірден іске кірісіп кетті.
Қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары оқиға орнына шығып, жедел-тергеу амалдарын бастады.
Полицейлер тарапынан көлік ұрлаған күдіктіні құрықтау мен түр-тұлғасын анықтау үшін, қажетті барлық шаралар атқарылды. Тәртіп сақшылары, небары тәулік ішінде жәбірленушінің көлігі тұрған орын мен және күдіктінің жеке-басын анықтады.
Яғни ұрланған көлік көше бойындағы дүкеннің алдынан табылды.
Анықталғандай күдікті мас халде келе жатып стадионның алдында есігі кілттеусіз тұрған көлікті көріп, мініп кеткен. Бұл сәтте автокөлік иесі сол стадионда футбол ойнап жүрген. Кейіннен қайтар уақытында көлігінің жоқ екенін көріп, бірден сақшыларға шағымын жеткізген. Көлік иесіне қайтарылды. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталады.
ҚР Қылмыстық Кодексi 200-бапта «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» төмендегідей жазылған:
1. Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу (айдап кету) –
бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бiрнеше рет;
3) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi емес күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп жасалған дәл сол іс-әрекет –
үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бec жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған не iрi залал келтiрген іс-әрекеттер –
бес жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп жасалған іс-әрекеттер –
алты жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.