Бүгінгі таңда халық арасында кеңінен тарап, тұрғындарды сазға отырғызып жатқан алаяқтардың саны артып кетті. Күн өткен сайын ұрлық емес, адамды алдап-соғуды оңай санап алаяқтық қылмысына баратындар көбейді. «Қайтсем оңай жолмен байлыққа кенелем, қайтсем еңбексіз әп-сәтте ақша табамын» деген пиғылмен қарапайым халықты алдайтындар азаяр емес. Әсіресе күнделікті қолданатын ұялы телефон арқылы интернет алаяқтығы жыл сайын өсуде.
Полицейлердің тиянақты еңбегі мен күндіз-түні із-кесіп, соңғы технологияны пайдалана отырып, атқарған жұмыстарының арқасында алаяқтар ұсталуда. Соның нәтижесінде бұл қылмыстың ашылымы да артып жатыр. Алайда тәртіп сақшылары үшін бастысы тек бұл емес, олар неғұрлым тұрғындар алданбай, алаяқтардың тұзағына түспесе деген мақсатты ұстанып, Түркістан облысы Полиция департаментінде «Ғаламтор желісінде жасалған алаяқтық қылмыстармен күресу үшін, тіркелген сотқа дейінгі тергеп-тексеру құжаттарын тергеу барысында туындаған проблемалық мәселелерді талқылау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Оған Түркістан облысы Прокуратурасы 1-басқармасының аға прокуроры Сұлтан Батталов, екінші деңгейдегі банктердің (халық, форте, альфа, нур, банк центр кредит. т.б. банктер), ұялы байланыс операторларының өкілдері (Кселл, Кар-Тел, Теле 2), тергеушілер мен жедел уәкілдер қатысты.
Дөңгелек үстел Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Құрманбек Саховтың төрағалығымен өтті.
Алаяқтық қылмыстарының ашылуы мен жедел жұмыстарды атқаруды тікелей бақылап, қызметкерлерге тапсырма беріп жүрген басшы Қ.Сахов алғы сөзді сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселеге кеңінен тоқталды.
«Қылмысты ашуда, қылмыскерді ұстауда біз жедел шараларды жасап, тиісті жұмыстарды жандандырып жатырмыз. Десек те осы алаяқтарға алданып, банк қызметкерімін деп айтты, ұялы телефоныма байланысып жеке мәліметтерді сұрады деушілер өте көп. Сондықтан қарапайым тұрғындар сан соғып қалмас үшін бірлесіп, алаяқтарға тосқауыл болайық. Халықты банк қосымшаларына арнайы ескертпелерді жазып, сақтандырайық. Қылмыстың алдын алайық!», - деген полиция полковнигі Қ.Сахов 9 нақты проблемалық мәселелерді ортаға салды.
Бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену арқылы талай адамды осындай қиындыққа душар болатынын мамандар жасырмайды. Бұл жөнінде Қылмыстық кодексінің 190-бабында алаяқтық 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Соған сәйкес мүлікті тәркілеу, өмір бойы құқығынан немесе белгілі бір қызмет түрімен айналысуына шектеу қойылады. Әдетте, соттың назары алаяқтықтың міндетті белгісі кінәлі адамның пайдакүнемдік мақсатының болуы жағдайына назар аударады. Қоғамға қауіпті кеселге айналған аталған жат қылық алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы жасалады. Олардың ықпалымен меншік немесе мүліктің өзге иесі мүлікті немесе оған құқықты басқа адамдарға өз еркімен береді. Осыған қатысты қылмыстық істерді саралап көрсек, көп түйткілді мәселеге көз жеткізуге болады. Алдау бөтен мүлікті жымқыру немесе бөтен мүлікке құқықты иемдену мақсатында жүзеге асады. Бұл алаяқтық жасау тәсілі болып табылады. Алаяқтық кезінде алдау ауызша, сонымен қатар жазбаша нысанда болуы мүмкін. Жымқыру кезінде жалған құжаттарды пайдалану алдау нысандарының бірі болып табылады. Басқа адам әзірлеген жалған ресми құжатты пайдалана отырып жасалған жымқыру алаяқтық құрамымен толық қамтылады. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді. Егер адам құқық беретін немесе міндеттерден босататын жалған ресми құжатты қолдан жасау жолымен аляқтық жасаса, жасалған әрекетті ҚК-нің 385-бабының бірінші бөлігінде және ҚК-нің 190-бабының тиісті бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралаған жөн. Сондай-ақ, қазіргі технология дамыған кезеңде алаяқтық жағдайы күрделене түсті. Интернет пен цифрлы технологияны пайдалана отырып, өзінің жымысқы әрекетін жүзеге асыратын адамдар бар. Бұл оған қатысты қылмыс түрлерін түебегейлі өзгертті. Рас, интернет пен цифрлы технологиялардың кеңінен таралуы жаһандану құрылымын ғана емес, қылмыс әлемінің сипатын, соның ішінде қылмыс түрін түбегейлі өзгертті. Қазір бәріміздің өмірімізде цифрлы технологиялар маңызды рөл атқарады. Бүгінде жаһандық желі игілігін пайдалана отырып, виртуалды қызметтер мен өнімдерге қол жеткізуге мүмкіндік алған едік. Нәтижесінде кейбір тауарлар түріне сол арқылы тапсырыс беруге қолайлы жағдай туды. Дегенмен соңғы 10 жылдың көлемінде интернет көзі арқылы жасалатын қылмыстық құқық бұзушылық түрінде айқын көріне бастады. Бас прокуратура интернет-алаяқтыққа байланысты ел тұрғындарына үндеу жариялаған болатын. Жат әдеттің көбейіп бара жатқанын айтып, қазақстандықтарға ескерту жасады.Ведомство мәліметінше, статистика бойынша, кейінгі 5 жылда елімізде интернет-алаяқтық дерегі 10 есе өскен, Ол 2017 жылы 2 мыңды құраса ол 2021 жылы 21 мыңға дейін жеткен. Азаматтардың әлеуметтік желілердегі онлайн сауда мен танымал сайттар арқылы алаяқтық құрбаны болу көрсеткіші айтарлықтай жоғары. Сонымен қатар, қылмыскерлер онлайн - қарыз алу жолымен және банк карталарынан ақша жымқырады. Алаяқтар көбіне құрбанына инвестиция салу, бәс тігу, ойын және лотереяны жарнамалайды. Сонымен қатар, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге заңсыз онлайн несиелер бойынша ақпарат алмасу туралы Меморандум жасалған. Бұл интернет алаяқтарына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызды бөлігі. Қазірдің өзінде алдын алу шаралары оң нәтиже берген. Жалпы айтқанда, интернет алаяқтықтың көбейіп кетуіне себепкер болып жүрген жағдайлар аз емес. Елімізде интернеттегі түрлі хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем алу кеңінен етек жайып барады. Кейбір тұрғындардың сеніміне кіре отырып, олардан қомақты қаржыны алаяқтық жолмен алуға тырысады. Жалпы интернет алаяқтық жағдайының жартысы дәл осындай жолмен жасалғанын назарға алуымыз қажет. Сондай-ақ, микрокредиттік ұйымдардың сайттары арқылы онлайн қарыз рәсімдеу жағдайы кездеседі. Еліміздің ішкі істер министрлігі мәліметі бойынша қарағанда, жыл басынан бері осы тәсілді қолдану арқылы алаяқтар 3 мыңға жуық қылмыс жасаған. Қазіргі таңда қаржы пирамидалары өзін жоғары табысты инвестициялар саласындағы табысты ұйымдар ретінде көрсетеді. Өздерін жарнамалау мәселесіне ерекше назар аударады. Бұл бағытты «инновациялық жоба», «жоғары табысты бизнес», «табысқа кепілдік береміз» деген жалған уәделерді үйіп-төгеді. Осы мақсатта заңды микроқаржылық ұйымдар, букмекерлік кеңселер, тұтыну кооперативтерін пайдалануға тырысады. Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар әлеуметтік желі беттерінде қарқынды әрекет жасайды. Белсенді жұмыс жүргізіп, онлайн-табыс немесе жоғары табысты онлайн-жобаны ұсынады, танымал мессенджерлерде чаттар құрып, қатысушыларды түрлі ұтыс ойындарымен, сауалнамалармен және басқа да маркетингтік амалдармен тартады. Осы себепті полицейлер жастарға алаяқтарға алданбау керектігі ескертіліп, тура жолмен жүруге кеңес берілді. Полицияны қорғаным деп біліп, кез келген мәселеде көмек сұрауға болатындығы айтылды.
Сондай-ақ полиция басшысы 6 ұсыным ұсынды. Яғни: мобильдік қосымшаларға басты бетке 2 тілде сақтандыру, банк бөлімшелеріне ескерту шаралары бар баннерлер орналастыру, 2-ші деңгейлі банк операторлары арқылы тұтынушыларға ескерту, тұрғындар алаяқтың құрбаны болған жағдайда банк жедел түрде алынған ақшаның түбірін анықтап, тез арада бұғаттау жасауы.т.б.
Кездесуге жиналғандар да өз пікірлерін білдіріп, полицейлер тарапынан берілген ұтымды ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді. Осылайша алаяқтық қылмыстарын азайтуды мақсат тұтқан дөңгелек үстел қорытындыланып, ұсыныстар бойынша жұмыстар атқарылып, жарты жылдықта тағы да кездесетін болып уәделесті.
Киелі өңірдің сақшылары алаяқтарды азайту мен қарапайым тұрғындарды олардың құрығынан сақтандыру үшін жүйелі жұмыстарды одан әрі қарай жалғастыра беретін болады.
Облыс полицейлері барша азаматтарға ұялы телефонға хабарласып, ақшаны кері аудару үшін код жолданды, соны айтып жіберіңіз деген сылтауларды тек алаяқтар ғана айтатынын, банк қызметкері мұндай мәліметті сұрамайтынын тағы да еске салады. Алаяқтарға алданбаңыздар!