Дүйсенбі, 14 Қараша 2022 13:21

Түркістан: 16 мыңнан астам ірі қараның мойнына жарық шағылыстыратын таспа ілінді

Төрт түлікпен болатын жол апатын болдырмау үшін 16 мыңнан астам ірі қараның мойнына жарық шағылыстыратын таспа ілінді.

Түркістан облысында жыл басынан бері үй жануарларының қатысуымен 21 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 10 адам қаза тауып, 27 адам жарақат алды. Осыған байланысты полицейлер төрт түліктің қатысуымен болатын жол апаттарын болдырмау, алдын алу бағытында жан-жақты рейдтік-профилактикалық іс-шараларды жүргізіп келеді.

Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Асылхан Төрехановтың айтуынша: «Облыс тұрғындарымен жол апатының басты себептері мен оның алдын алу туралы әңгімелесу жүргізілді.

Учаскелік полиция инспекторларының бастамасымен малдардың қатысуында болатын жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында жылқылардың мойнына жарық шағылыстыратын таспалар ілуді ұсынып, бірқатарына өзіміз тағып көрсеттік. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижесінде бүгінгі таңда 16 383 ірі қараның мойнына жарық шағылыстыратын таспа ілінді.

Таспаның ерекшелігі сол, қараңғы кезде жүргізушілердің көзіне алыстан бірден байқалады. Сондықтан жол апатын болдырмауға бағытталған мұндай шаралар жалғаса береді»-деп атап өтті.

Айта кетсек, 2022 жылдың 10 айында малдарын қараусыз жіберген 5 596 тұрғынға ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды және жою қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік шара көрілді.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 408-бабында  «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу»:

1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары белгілеген ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу – 

үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. 

2. Жеке тұлғалардың мүлкіне залал келтіруге әкеп соққан дәл сол әрекет – 

он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді деп жазылған.

Оқылды 272 рет