Түркістан облысында «Қауіпсіз жол жүрісі апталығы» брифингпен бастау алды

14 қарашадан бастап, БҰҰ Бас Ассамблеясының 20 қарашада өткізілетін жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алу күні аясында, ҚР ІІМ тапсырмасымен «Қауіпсіз жол жүрісі апталығы» мен «Есіңе ал және ойлан!» ұранымен қоғамдық акциясы басталды.

Осыған орай Түркістан облысы ПД-ның «Инстаграм» және «Фейсбук» ресми парақшаларында тікелей эфир өткізілді. Оған спикер ретінде Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков пен Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Бегімхан Ахметов қатысты.

Брифингке спикер ретінде қатысқан полицейлердің айтуынша, акция аясында жол апатын болдырмау мақсатындағы сан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

Статистикаға сүйенсек, облыста 2022 жылдың 10 айында 627 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 273 адам қаза тауып, 702 адам жарақат алған.

Сондай-ақ брифинг барысында әлеуметтік желі қолданушылары белсенділік танытып, 20-ға жуық сауалдарын жолдады. Бұл сұрақтарға полиция мамандары дер кезінде жауап беріп, желі қолданушыларының алғысын алды.

Осы орайда барша жолаушылар мен жүргізушілерді әрқашан жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырамыз.

Сауран: құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейд жұмыстары ұйымдастырылды

Сауран ауданы, Шаға ауылдық округінде жастар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың, қоғамдық орындарда тәртіп бұзу, келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында түнгі рей ұйымдастырлды.

Түркістанда «Сіздің жолаушыңыз – бала» акциясы өткізілді

"Қауіпсіз жол жүрісі апталығы" аясында облыс орталығының полицейлері «Сіздің жолаушыңыз – бала» акциясын өткізді.

Аталған шараның басты мақсаты – балаларды автомобиль көлігімен тасымалдау кезінде қажетті құрылғыларды пайдалану қажеттілігі туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ жол-көлік жарақатының алдын алу, жолын кесу.

Іс-шара барысында Түркістан ҚПБ қызметкерлері халық арасында, оның ішінде "Жолаушы" ЖШС-нің 30 және "ТехАвтоПром" ЖШС-нің 14 қоғамдық жүргізушілеріне жол қозғалысы ережесін қатаң сақтап, балалардың қауіпсіздігін басты орынға қоюды түсіндірді. Және жүргізушілерге ескертпе қағаздарын таратты.

Іс-шараның маңыздылығын жіті түсінген жүргізушілер, қауіпсіздік шараларын ұстанатынын жеткізіп, полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Сонымен қатар полицейлер білім ошақтарына барып, бастауыш сынып пен жоғары сынып оқушыларына “балалардың жолдағы қауіпсіздігі” бойынша арнайы дәрістер өткізді.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушіден 20 келіден астам марихуана тәркіледі

Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, Түлкібас АПБ және патрульдік полиция батальонының полицейлерімен бірлесіп, есірткі құралдарын заңсыз тасымалдаған күдіктіні анықтады.

Нақтырақ айтсақ полиция қызметкерлері, Түлкібас ауданы арқылы өтетін "Батыс Қытай - Батыс Еуропа" автожолында "Субару" маркалы автокөлікті тоқтатты. Жедел уәкілдер тінту жүргізу кезінде көліктің жүксалғышынан ішінде есірткіге ұқсас заты бар 4 қап пен өсімдік тектес темекі қорабын тапты. Анықталғандай, күдікті жүргізуші бұрын сотталған Түлкібас ауданының тұрғыны болып шықты.

Күдіктіден алынған дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Зерттеу қорытындысына сәйкес алынған айғақты заттар жалпы салмағы 20 келіден асатын "кептірілген марихуана" есірткісі екені расталды. Аталған жайт ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі бойынша "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" бойынша тіркелді. Күдікті қамауға алынды. Бүгінде оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткі құралдарын заңсыз тасымалдау мен сақтауға қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

ҚР Қылмыстық Кодексi 296-бабында «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу»:

Ескерту. 296-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен. 
1. Қоғамдық орындарда есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес тұтыну – 
сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 
2. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – 
бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 
3. Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 
4. Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
Ескертулер. 
1. Есірткі және психотроптық заттардың мөлшері Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестеде айқындалады. Есірткі мен психотроптық зат тектестердің шағын, ірі және аса ірі мөлшерлері өздері тектестері болып табылатын есірткі және психотроптық заттардың шағын, ірі және аса ірі мөлшеріне сәйкес келеді. 
2. Жеке тұтыну үшін сатып алған есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды өз еркiмен тапсырған не есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес мақсаттарда тұтынуына байланысты медициналық көмек көрсетiлуi үшiн медициналық мекемеге өз еркiмен барған не есiрткi, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды ашуға немесе олардың жолын кесуге, оларды жасаған адамдарды әшкерелеуге, қылмыстық жолмен табылған мүлiктi табуға белсендi түрде ықпал еткен адам осы бап бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Түркістан: “Қорғау” қосымшасы полицейге жол ережесін бұзушыны анықтауға мүмкіндік береді


ІІМ әзірлеген “Қорғау” қосымшасы полицейге жол ережесін бұзушыны анықтауға мүмкіндік береді
Бағдарлама көше камераларының деректерін талдай отырып, жақын маңдағы полицейдің планшетіне қауіпті жүргізушінің оған жақындағаны туралы сигнал береді. Бұл жол қозғалысы ережесін қасақана бұзушы немесе машинаны жоғары жылдамдықпен басқаратын жүргізуші болуы мүмкін. Қазір мұндай жоба Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Атырау және Түркістан қалаларында жүзеге асырылуда. Аталған өңірлерде 11 мыңнан астам автокөлік айыппұл тұрағына қамалды, 3,5 мың құқық бұзған автокөліктің нөмірлік белгілері тәркіленді. Жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланудың 726 фактісі анықталды. Басқару құқығы жоқ немесе бұрын осындай құқықтан айырылған 2 285 жүргізуші ұсталды.

Сауран: Көршісінің үйіне ұрлыққа түскен ер адам анықталды

Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, оның үйіне белгісіз біреу терезесі арқылы кіріп, 2 дана ноутбук пен алтын бұйымдарын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңге. Аталған жайт бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде жәбірленушінің ауылдасы анықталды. Полицейлер оны полиция бөліміне жеткізді.

Анықталғандай, ер адам түнгі уақытта жәбірленушінің үйінде ешкім жоқтығын байқап, арам ойын іске асырған. Яғни қоршаудан секіріп өтіп, пластик терезені күшпен ашу арқылы үйге ұрлыққа түскен. Нәтижесінде ұрлаған алтындарды облыс орталығындағы ломбардтардың біріне өткізсе, ноутбуктың біреуін сатып кеткен. Ал ақшасын жаратып жіберген.

Күдіктіден айғақты зат ретінде ұрланған ноутбуктың біреуі тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Облыс полицейлері ескертеді, ұрлық қылмысының алдын алу үшін үйлеріңіздің терезесіне темір тор қойып, бейнебақылау камераларын орнатыңыздар.

ҚР Қылмыстық Кодексi 188-бап. Ұрлық туралы былай жазылған.

1. Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру – 
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Мынадай: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық – 
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Мынадай: 
1) ірi мөлшерде; 
2) бірнеше рет: 
3) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Мынадай: 
1) қылмыстық топ жасаған; 
2) мұнай-газ құбырынан; 
3) аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп.

Төлеби: «Мүгедектікке шығарып беремін» деп 11 тұрғынды алдаған әйел ұсталды

Төлеби аудандық полиция бөліміне арызданып келген жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғанын жеткізді. Оның айтуынша, сырттай танысы «мүгедектікке шығарып беремін» деп сеніміне кіріп, 2021 жылдың желтоқсан айында 300 000 теңге ақша алады.

Содан арадан 1 жылға жуық уақыт өтсе де уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармайды. Дәл осындай арызбен полицияға бірнеше әйелдер шағым түсіріп, алданғандарын көрсетті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркелді.

Хабар алысымен төлебилік полицейлер жедел әрекет етті. Тұрғындарды алдап, ақшасын алып кеткен сезіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді.

Алаяқтық қылмысын ашу мақсатында, жәбірленушілерден нақты ақпараттар алды. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, поилцияға жеткізілді. Ол жұмыссыз әйел, жергілікті тұрғын болып шықты.

Бұл алаяқтық қылмысы бойынша жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп, әйелдің 11 тұрғынды алдап, 6 миллион теңгеден аса қаражат алғаны белгілі болды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері тұрғындарға мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін ескертеді.

Айта кетйік, бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі – ол алаяқтық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген. Алаяқтық - бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.   Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген. Егерде кінәлі адам жай алақтық жасаған болса, яғни  ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген. Егер алаяқтың  ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе  алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда  аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Қылмыстық топ жасаған немесе  аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшернінен  асатын алаяқтық  жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.Барлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.

 

Түркістан: 16 мыңнан астам ірі қараның мойнына жарық шағылыстыратын таспа ілінді

Төрт түлікпен болатын жол апатын болдырмау үшін 16 мыңнан астам ірі қараның мойнына жарық шағылыстыратын таспа ілінді.

Түркістан облысында жыл басынан бері үй жануарларының қатысуымен 21 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 10 адам қаза тауып, 27 адам жарақат алды. Осыған байланысты полицейлер төрт түліктің қатысуымен болатын жол апаттарын болдырмау, алдын алу бағытында жан-жақты рейдтік-профилактикалық іс-шараларды жүргізіп келеді.

Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Асылхан Төрехановтың айтуынша: «Облыс тұрғындарымен жол апатының басты себептері мен оның алдын алу туралы әңгімелесу жүргізілді.

Учаскелік полиция инспекторларының бастамасымен малдардың қатысуында болатын жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында жылқылардың мойнына жарық шағылыстыратын таспалар ілуді ұсынып, бірқатарына өзіміз тағып көрсеттік. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижесінде бүгінгі таңда 16 383 ірі қараның мойнына жарық шағылыстыратын таспа ілінді.

Таспаның ерекшелігі сол, қараңғы кезде жүргізушілердің көзіне алыстан бірден байқалады. Сондықтан жол апатын болдырмауға бағытталған мұндай шаралар жалғаса береді»-деп атап өтті.

Айта кетсек, 2022 жылдың 10 айында малдарын қараусыз жіберген 5 596 тұрғынға ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды және жою қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік шара көрілді.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 408-бабында  «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу»:

1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары белгілеген ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу – 

үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. 

2. Жеке тұлғалардың мүлкіне залал келтіруге әкеп соққан дәл сол әрекет – 

он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді деп жазылған.