Сейсенбі, 25 Қыркүйек 2018 10:04

«Астана-Түркістан» теміржол бағыты ашылатын болды

Астана қаласынан Түркістанға сапар шегетін жолаушылар үшін жағымды жаңалық! Ендігі жерде Елордадан Түркістан қаласына дейін пойыз ауыстырмай-ақ жетуге толық мүмкіндік тумақ. «Жолаушылар тасымалы» АҚ Түркістан облысына көлік қатынасын дамыту және жолаушыларды Қазақстанның танымал туристік орындарының біріне қарай тасымалдау мақсатында №176/175 Астана-1 - Шымкент пойызының бағытын Түркістан қаласына дейін ұзартып жатыр.

Түркістан - Қазақстанның ең ежелгі қалаларының бірі, ол Шымкенттің солтүстік-батысында орналасқан. Онда Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб мавзолейлері, Әзірет Сұлтан қорық музейі және т.б. орналасқан. Алғашқы бағыт осы жылдың 2 қарашасында Астана-1 стансасынан шығып, Түркістан стансасына 3 қарашада жетеді. Кері бағыттағы пойыз Түркістан стансасынан 4 қарашада жолға шығып, Елордаға 5 қарашада келеді. Пойыздың құрамында 10 вагон бар (5 - купе, 5 - плацкарт), жалпы орындар саны - 434 (174 купе, 260 плацкарт).

Маршрут мына стансаларға тоқтайды: Қарағанды, Ақадыр, Сарышаған, Шығанақ, Шу, Луговое, Тараз, Боранды, Түлкібас, Манкент, Шымкент, Арыс-2. Бағыттың қашықтығы - 1646 км, 25 сағат 3 минут бару және 25 сағат 26 минут қайтуға жұмсалады. Пойыздың кестесі жолаушыларға ыңғайлы етіп жасалған. Пойыз Астанадан жұп күндері 21 сағат 40 минутта шығып, Түркістан стансасына тақ күндері 22 сағат 43 минутта жетеді. Кері бағытта жұп күндері 11 сағат 30 минутта аттанып, елордаға тақ күндері 12 сағат 56 минутта келеді. Бұл кесте пойыздар қозғалысының жаңа кестесі шыққанға дейін (2018 жылдың 9 желтоқсанына дейін) жұмыс істейді.  

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 1340 рет