Дүйсенбі, 15 Қазан 2018 09:36

Созақ ауданының 90 жылдығына орай 24 нысан пайдалануға берілді

Түркістан облысы Созақ ауданының 90 жылдық мерейтойына орай 24 нысан ел игілігіне тапсырылды. Олардың қатарында Құмкент ауылындағы спорт кешені бар. Заманауи үлгідегі спорт ғимаратында күрес, бокс, футбол және волейбол сынды спорт түрлерінен секциялар жұмыс істейді. Сондай-ақ, мерейтой қарсаңында Шолаққорған ауылындағы 50 орындық «Айжан» бөбекжай балабақшасы, «Жібек жолы» сауда кешені, Қарағұр ауылында «Жастар» саябағы, 2 спорт алаңы мен 1 балалар ойын алаңы ашылды.

Сонымен қатар, Балдысу, Раң ата, Шаға, Ақсүмбе елді мекендерінде медициналық пункттер, Шолаққорған ауылында аллея, спорт және балалар ойын алаңшасы мен «Street Workout» спорттық алаңының тұсауы кесілді. Сондай-ақ, Таукент қаласында спорт алаңшасының, Жартытөбе елді мекенінде «Астана қаласына 20 жыл» саябағы, спорт алаңшасы мен балалар ойын алаңы, 75 орындық «Асылжан» бөбекжай бабақшасы пайдалануға берілді. Бұдан өзге, Шолаққорған, Жуантөбе, Жартытөбе, Сызған ауылы мен Қызылкөл елді мекенінің негізгі көшелері жарықтандырылды.

Созақ ауданының 90 жылдығына арнайы ат басын бұрған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аудандық аурухана ұжымына медициналық автокөліктердің кілтін тапсырды. Сондай-ақ, Шолаққорған ауылында орналасқан «Тәуелсіздік» саябағындағы Социалистік Еңбек Ерлері мен күйші-сазгерлерге арналған ескерткіш-бюст аллеясының ашылу салтанаты қатысып, өңір тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.

«Созақ ауданының құрылғанына 90 жыл толу мерекесіне орай түрлі әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп, өңір тұрғындарына үлкен тарту жасалып жатыр. Созақ ауданы әлеуметтік экономикалық дамуы өркендеген өңір ғана емес, тарихи тұлғаларды дүниеге әкелген жер. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов Созаққа келген сапарында «Созаққа барсаң күйшімін деме» деп үлкен бағасын берген. Ұлт, мемлекет дамуы жолында аянбай еңбек еткен, азаматтардың есімін ел жадында қалдыру мақсатында «Социалистік Еңбек Ері» атанған азаматтардың бюсттері орнатылып отыр. Тарихымызды танып, мемлекет дамуы жолында еңбек еткен азаматтардың мадақтап, есте мәңгі қалдыру біздің басты мұратымыз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Шолаққорған ауылында орналасқан «Тәуелсіздік» саябағындағы бюсттері қойылған «Социалистік Еңбек Ері» атанған азаматтардың қатарында Ж.Әділбеков, Б. Әлібайұлы, Б.Әметшаев, Ә. Жынысбаев, Ж. Дәуітбаев, Қ.Архабаев, Ү.Тастанов, Т.Тұяқбаев, К.Бөрғазиев және шертпе күйдің негізін қалаушылар Ж.Қаламбаев, С.Әліұлы, Т. Момбеков, Г.Асқаров сынды тұлғалар бар.

 «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 1100 рет