Сейсенбі, 28 Мамыр 2024 16:37

Сауран ауданы: Достық керуені Өзбекстан еліне жол тартты

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен аудандық ақсақалдар мен ардагерлер және қоғамдық ұйым төрғалары және өзбек этно мәдени бірлестігінің мүшелерінен құралған арнайы делегация Сауран ауданынан шығып, Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласына 3 күндік сапармен жолға шықты.

Аталмыш сапардың мақсаты этносаралық татулықты нығайту, достық пен келісімді сақтау және тарихи шахар Самарқандтың көрікті жерлерімен танысу. Керуенді шығарып салу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев пен аудан әкімі аппаратының басшысы Бақытжан Полатов сөз сөйлеп, іс-шара бауырлас екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылып отырғанын айтып, ақ жол тіледі.

Ауданнан Өзбекстан сапарына 35 ақсақал жолға шықты. Бұнымен қоса, «Достық керуенінің» өкілдері Өзбекстан Республикасының Интернационалдық мәдени орталығында, Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығында және өзге де тарихи-мәдени орталықтарында болып, сол елдің азаматтарымен кездесулері жоспарланған.

Халықтар арасындағы достық біреудің қалауымен емес, өмірлік қажеттіліктен туындайды. Әр ұлттың көршілес ұлттармен тату-тәтті өмір сүруі – әрі ұлттық, әрі жалпыадамзаттық құндылық.

Жаратушының өзі бізге – қазақ пен өзбек халқына көрші болу деген баға жетпес сый берді. «Аула алма, көрші ал!» деп дана бабаларымыз бекер айтпаған. Ежелден бір топырақтың үстінде, бір күннің астында бір өзеннің суын ішіп келеміз. Біздің тамырымыз бір!

Тарихи тұрғыдан алғанда, түркітілдес қазақ пен өзбек халқының тілі ғана емес, діні мен ділі, мәдени құндылықтары да ұқсас келеді. Ал осы тамыры терең рухани байланыстан өзара дос­тық, бауырластық пен сыйластық қарым-қаты­нас­тары қалыптасқаны талас тудырмайды. Осыған байланысты және 1 мамыр  – Қазақстан халқының бірлігі мейрамына орай  Тараз қалалық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдиновпен сұхбаттасқан едік.

Өзбек этномәдени орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізетін барлық іс-шараларға белсенді қатысып, өңірдегі этнос өміріне қатысты өзекті мәселелерді шешеді. Сонымен қатар мәдениетті, салт-дәстүрлерді, рухани мұраны насихаттауға, сондай-ақ қоғамдағы жалпыұлттық келісімді нығайтуға бағытталған қызықты, мазмұнды іс-шараларды өткізеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастар тату көршілік және сенімділік сипатта жүзеге асырылып келеді. Екі ел де өз алдына жоғары мақсаттар қойып отыр, олар бір-бірін жақсы бастамаларда қолдап, бүкіл әлемдік қоғамдастыққа қалыптасқан достық пен бейбіт өмір сүру дәстүрлерін көрсете отырып, оларды жүйелі түрде ұстанады.

КСРО күйреуінен кейінгі тоқырау жағдайында екі ел де экономикалық ынтымақтастыққа аса мән берген болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылы Ташкентке сапары барысында қол қойылған Біртұтас экономикалық кеңістікті құру туралы шарт Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланысты жан-жақты, әсіресе, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге септігін тигізді. 1997 жылы наурызда жасалған Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан Республикаларының арасындағы Мәңгілік достастық туралы үшжақты шарт - қарым-қатынасты дамытудағы тағы бір маңызды қадам болды. Бұл құжат екі ел арасындағы экономикалық кеңістік аясында әріптестіктің тиімді жақтарын тереңдету амалдарын табуға, шаруашылық субъектілері арасында тікелей байланыстар орнатуға өте зор ықпал етті.

Тату көршілік пен өзара құрмет қағидаттары әрқашан шығыс халықтарының айрықша белгісі болып келген. Әуел бастан қалыптасқан Қазақстан мен Өзбекстанның достық қарым-қатынастары Орталық Азия елдері үшін ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін де үлгі болып келеді. Тәуелсіз Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы 23- қарашада орнатылды. Екі мемлекет арасындағы тату көршілік қатынастарды растайтын басты құжаттардың бірі 1998 жылғы 31 қазанда Ташкентте қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мәңгілік достық туралы келісім-шарт. Оны Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы  Түркістанға Өзбекстан президенті Ислам Каримов сапармен келгенде айтқан мына сөзін бағдар етуге әбден болады: 

Сонау алыс замандардың өзінде де біздің бабаларымыз тарихтың шешуші кезеңдері мен сын сағаттарында осы арада бас қосып, болашақ жөнінде осы арада пәтуаласқан. Күллі Шығыс әлеуметі имандай ұйитын ұлы ғимараттың ішінде айтылған серт пен уәдеге болаттай берік болған. Сол дәстүрден айнымау – біздің де парызымыз. Өйткені біздің мойнымызға тағы да заманауи заңғар жүк артылып отыр. Білекке білек, жүрекке жү­рек, тілекке тілек қоса білсек, сонда ғана алда тұрған сын белес­тен абыройлы өте аламыз, - деді экс-Президент. 

Шығыс халқында дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Кейбір дәстүрлі рәсімдер ғасырлар бойы тамыр жайып келе жатқанына қарамастан, олар бүгінгі күнде де өзекті болып қала береді. Ата-бабаларымыздың салт - дәстүрлерін құрметтеу өзбек халқы үшін жай ғана сөз емес, бұл этностың бүкіл өмірі. Ерте жастан бастап балаларды үлкендерді құрметтеуге, қоғамға лайықты мінез-құлық көрсетуге, білім мен еңбекке деген сүйіспеншілік тәрбиеленеді.

Қазақ және өзбек этностарына тән ерекшеліктердің бірі - қонақжайлылық. Келген қонақтарды дастарханға  шақырмау немесе оларды дұрыс қабылдамау  қазіргі күнде де   көргенсіздік болып саналады. Және қонақтар үйге құр қол келмейді - үй иелеріне тәттілер немесе кәде сыйлар әкеледі. Қонақтардың отыруының да өзіндік мәні бар, адам неғұрлым құрметті немесе  жасы үлкен болса, дастарханның төрі сол кісінікі. Үстелге әрқашан үйдегі ең жақсы тағамдар ұсынылады, ал сіз тамақтануды қысқа дұға қайыру немесе тамақтан алдын бір кесе  шай ішу сияқты рәсімдерді орындағаннан кейін ғана бастай аласыз. Тамақтану шай ішу арқылы басталып, шай ішумен аяқталады. Осындай ғана кішігірім әдеттерімізден қарап-ақ қазақ пен өзбектің қандай жақын бағыттас елдер екенін аңғаруға болады. 

Қазақ пен өзбек қарым-қатынасын жақындататын ортақ құндылық көп. Өйткені екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Бүгінде тарихы тамырлас халықтардың мызғымас достығы мемлекеттерді бір мақсат пен мүдде жолына тоғыстырып отыр. Тату көрші, сенімді серіктестікке негізделген берік қарым-қатынастың арқасында бауырлас елдердің арасындағы ортақ келісім де көбейіп келеді.

Қазақстан Өзбекстанның үштікке кіретін ең ірі сауда серік­тестерінің бірі екенін айта кеткен жөн. Соңғы жылдары екіжақты сауда көлемі тұрақты түрде 4 млрд доллардан асқан. «Өнеркәсіптік кооперация саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Қазіргі таңда жал­пы құны 156 млн долларды құ­райтын 12 бірлескен жоба іске қо­сыл­ды. Бұған қоса құны 1 млрд долларды құрайтын жаңа 21 жоба қарастырылып жатыр. Алдағы белестердің бірі – осы алған екпінді жоғалтпай, екі­жақты тауар айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізу мінд­еті тұр. Қазақ-өзбек шекарасында Халық­аралық өнеркәсіп­тік коопера­ция орталығын қосу осы мақ­сатқа бағытталған. Өңір­ара­­лық ын­тымақтастық форум­дарын өт­кізудің маңызды­лығын да бөлек атап өту керек.

Орталық Азия аймағы тұрғындарының көкейінде жүрген маңызды мәселе – су-энергетикалық кешені төңірегінде де пікір алмасып, шешу жолдары секілді басқа да бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланған. Бұл бастамаларға сыртқы саяси ведомстволары тарапынан қажетті қолдау туралы уағ­даластыққа қол жеткізілген.Екі мемлекеттің тран­зиттік әлеуетін арттыратын жаңа темір жолдарды салу жобалары ерекше назарға алынған. Өз кезегінде шекара арқылы өзбек тасымалдаушылары үшін тран­зитті жеңілдету бағытында нақ­ты қадамдар жасау туралы уағ­да­ластыққа қол жеткізілді. Қазақ тарапы бұл мәселелерде ортақ мүдде тұрғысынан қарап, өз мүддемізге сәйкес шешуге дайын.

Шекара арқылы өзбек тасымалдаушылары үшін транзитті жеңіл­дету бағытында бірнеше ұсы­ныс берілген. Оның ішінде шекара­дан өту пункттерінің санын арт­тыру, жаңа жол салу мәселелер секілді көптеген нақты сұрақты талқылап, жақын арада тиісті министрліктер арасында келіссөздер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ, қазір елімізде 500 мыңға жуық өзбек тұрса, Өзбекстанда 800 мыңға жуық қазақ қоныс тепкен. Олардың барлығы екі елді одан әрі жақындастырып, қос халықтың ортасындағы алтын көпірге айналып отыр.

Қазақстан – Өзбекстанның Орталық Азия­дағы ең ірі сауда серіктесі. Соңғы жылдары өзара тауар ай­налымы екі есе өсті. Көп ұза­май қос тарап бұл көрсеткішті тағы 2-3 есеге арттырудың жолын қарастыруда. Былтыр қараша айын­да Халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығын құру туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл қосылған құн тізбегін құру арқылы жаңа на­рық­тарды бірлесіп ашуға және олар­ға бәсекеге қабілетті өнімді экс­порт­тауға мүмкіндік береді. Екі елдің көлік және тран­зиттік әлеуетін арттыру да алда атқаруға тиісті өзек­ті мін­деттердің бірі. Сон­дай-ақ шека­ра­­лас өңірлерде орналасқан өткізу пунк­ттерін жаңғырту, өткізу мүмкінд­іктерін кеңейту, кеден­дік және басқа да қызметтерді цифрлан­дыру мәселелері ортақ шешім­ді қажет етеді. Климаттың өзгеруі су ресурстарын пайдалану мәселе­лерін жаңаша көзқараспен қарау­ға алып келді. Сондықтан Орталық Азия­­да­ғы трансшекаралық өзен сула­­рын ұтымды басқаруда за­ма­науи тех­нологияларды ен­гізуге, Халықаралық Аралды құтқару қорының құқықтық және құрылымдық негіздерін нығайтуға баса назар аударылған.

Мәдени-гуманитарлық байланыс өзбек-қазақ қатынастарының негізі саналады.Былтыр маусым айында Өзбекстанда қазақ мәдениетінің күндері салтанатты түрде аталып өтсе, биыл Қазақстанда Өзбекстанның мәдениет күндерін ұйымдастырылуда. Қос халықтың ежелден келе жатқан бір-біріне туыстық қолдауы, сенімді серіктестігі туралы мысал көп. Бұл болашақта да екі мемлекеттің тұрақты әрі қарқынды дамуына қызмет ете беретіні сөзсіз.

Қазақ пен өзбек арасында достықтың тамыры тереңде екенін айғақтайтын «өзбек өз-ағам, сарт - садағам» деген атам қазақтың өзбек ағайындарға жасаған ізеттілігінен байқауға болады. Бұл ізеттіліктің астарында тарихи ұғым жатыр. Ортағасырлық бірқатар түркі, парсы тіліндегі жазбаларда «өзбек-қазақ» атауы бір ұғымда қолданылған. Себебі, оның жазбагерлері өзбек пен қазақты бір-бірінен ажыратып жатпаған. Көшпелі өзбектер мемлекетінен Қазақ хандығы бөлініп шыққан соң оның мұрагері Шайбани ұлысының халқы өздерін «біз өз-бектерміз» деп атап, кейіннен олар Бұхара әмірлігі мен Қоқан, Хиуа хандықтарының негізгі халқын құрады.

Бүгінгі Өзбекстан сол Қоқан, Хиуа хандықтары және Бұхара әмірлігі орналасқан аумақтарда құрылды. 1923-1924 жылдары жүргізілген межелеу кезінде Кеңес билігі отырықшы жұрттың бәрін «өзбек деп аталуға тиіс» деп шешіп, «сарт», «құрама» атауымен жүрген этникалық топтар өзбек болып жазылып кетті. Одан бөлек «бұқар еврейлері», «бұқар арабтары», «қоқан қыпшақтары», ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар, тәжіктердің біршама бөлігі өз еріктерімен өзбек болып жазылып кеткендігі Өзбекстан жұртына белгілі. Бүгінде өзбек халқының санының 32 миллионға жетіп отырған себептерінің бірі де осы. 

Ж.Баласағұнның «Құтадғұ-Білігінде», Шыңғыс ханның «Құпия шежіре-сінде, З.Бабырдың «Бабырнамесінде» және басқа да орта ғасырлық жәдігер-лерде «сарт», «сартауыл» деген сөздер кездеседі. Бұл «сарт» атауының «өзбек» атауынан бұрын шыққанының дәлелі. «Сарт» сөзінің шығу төркіні үнді саудагерлерін санскритше «сартхаваха» деген атауға байланысты туды. Ежелден сауданы кәсібіне айналдырған үнді, парсы «сарттары», еврей көпестері және кейіннен оларға қосылған өзбек саудагерлері орталық Азияның үлкен қалаларының барлығында дерлік өз дүкендері мен сауда-саттық базарларын ашып, іс жүргізді. Сонымен қатар диқаншылық, қолөнер және мал ұстау кәсібін дамытуға да зор қолғабыс жасады. Ғасырлар бойы «сарттар» қалаларда негізгі жұмыс берушілерге айналып, мәртебелі «қожайындар» аталды. Әртекті «сарттар» сопылық тарихат жолдарын ұстанды, бұл оларды рухани жағынан біріктірді. Жұмсақ тілі бар, ділі бар суперэтносқа айналды. Кеңестік билік «сарт» сөзі «саудагер», «алыпсатар» деген «буржуазиялық атау» ретінде түсінік бергені үшін олай атауға тыйым салды. Сарттар тоталитаризмнің күшейген жылдары қатты қудалауға ұшырады.

Бұқар еврейлерінің бір бөлігі исламға дейін, кейінгі бөлігі арабтардың исламды кеңінен таратуы кезеңінде келді. Бұқарадағы «Мирараб» медресе-сінің жұмыс істеп жатқанына 1000 жылдан асты. Орта ғасырларда және кейінгі жаңа кезеңге дейін оның атақ-даңқы төрт ықылымға тарады.

Қоқандық қыпшақтарға келсек, олар туралы ХІХ ғасырдағы орыс және түркі жазбаларында көптеген мәліметтер кездеседі. Қоқан ханы Шерәлі ханның регенті - «Аталық», қыпшақтар атты жасағының қолбасшысы Мұсылманқұл, Қоқан ханы Мухаммед Сейіт ханның регенті - «Аталық», 1862-1865 жылдары Қоқан хандығының бас әскери қолбасшысы Әмірләшкәр Әлімқұл Хасанбиұлы - қоқандық қыпшақ тайпасынан шыққандар.

Мұстафа Шоқайдың арғы атасы мен «Қыз Жібек» фильмінің режиссері Сұлтан Қожықовтың ататегі қоқандық қыпшақтардан екені мәлім.

Құрамалар туралы ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Түркістан өлкесіне қатысты орыс жазба деректерінде кездеседі. «Құрамалар» бүгінде Ташкент облысының Шыршық, Ангрен өзендерінің аумағында және Самарқант, Ферғана жазығындағы бірқатар аудандарда мекен етеді. 

Ташкент облысының Ахан-гаран ауданында құрамалар көбірек шоғырланған. Сонда тұратын өз бауырларымыздың айтуынша, құрамалардың шығу тегі туралы екі көзқарас бар. Біріншісі, олардың тегі «қарақытайлар» дейді. Моңғол шапқыншылығынан кейін күйреген, елсіз қалған босқын қарақытайлардың еңбек күшін диқаншылыққа пайдалану үшін жергілікті билік егістік алқаптарында арнайы «шипонгтар» (шиден жасалған үйшік - Б.А.) құрып, пайдаланған. Келе-келе олар жергілікті халықпен араласып, өздерін «құрамалар» деп атап кеткен екен. Екінші көзқарас, жаугершілік кезеңінде сулы, егіншілік кәсібі дамыған аумақтарға үдере көшіп келген қазақтар жергілікті өзбек, тәжік, ұйғырлармен араласып, жекжат-жұрағат болып кетті, олар «құрамалар» деп аталып кеткен дейді. Бұл екі көзқарастың да жаны бар. Оның шындығына тек антропологиялық тиянақты зерттеуден кейін ғана толық көз жеткізуге болады.

Мұстафа Шоқай жетекшілік еткен Түркістан өлкесі мұсылмандары кеңесінде («Ислам Шуроси» партиясы - Б.А.) қазақ, өзбек қайраткерлері бірге қызмет етті. Олар бірін-бірін тілмашсыз түсінді. Ташкенттегі большевиктердің қысымынан соң басқа қалаға емес, тек Қоқан қаласына көшуінде үлкен сыр бар болатын. Онда өлке мұсылмандарының төтенше съезін тез арада өткізу ісіне көмек беретін және қолдайтын өзбек қыпшақтары, қырғыз қыпшақтары, қазақ, тәжік, ұйғыр мен құрамалар көп болды. Олар Мұстафа Шоқайды жақсы білді. Мұстафа Шоқай мен Мұқаметжан Тынышпаев басқарған Түркістан өлкесі мұсылмандары кеңесі-партиясының Түркістан өлкесінде билігі жүзеге аспағанымен, 1930 жылдарға дейін созылған Түркістан азаттық қозғалысын оятып кетті. Ол кеңестік тарихнамада «басмашылар қозғалысы» деген атпен белгілі.

Түркістан орталық атқару комитетін Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов басқарған жылдар қазіргі Өзбекстан тарихнамасында жан-жақты зерттелді. Сонда ол екеуінің қызметіне зор баға берілген.

Мемлекет басшылары Д.Қонаев пен Шараф Рашидов тұсында екі ел ақын-жазушылары кездесулер ұйымдастырып, сұқбаттар жүргізіп, түрлі жанрда шығармалар аударған. Бұл туралы сол кезеңінің бұқаралық ақпарат құралдары баяндап отырғанын және өзбекше аудармаларды Ташкенттің кітап дүкендерінен көруге боладыҚазақ театрлары Өзбекстанның қазақ ауылдарына барып, өнерін жүйелі көрсететін.

Өзбекстандағы өкілетті елшіміз Ерік Өтембаев деректі, көркем-публици-стикалық және көркем фильмдер бағыттарындағы жобаларды іске асыру бойынша бірлескен жол картасын жасау туралы жуырда «Узбеккино» басшысы Ф.Закировке ұсыныс жасады. Закиров фильм түсіру бойынша бірлескен жобаларға қатысуға дайын екенін айтты. Елшіміз қазақстандық және өзбек фильмдерін екі ел аумағында прокатқа шығаруды да ұсынды. Елшіміздің бұл ұсынысына өзбек кинематографистері зор қолдау білдірді. Осылайша екі ел арасында мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қол жетеді.

Бүгінде әдеби, мәдени байланыстарды нығайту өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әлі де Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық және мәдени қатынастар өз әлеуеттік деңгейінен едәуір төмен жағдайда. Өзбек пен қазақтар өзара әңгімеде «базарымыз да бір, мазарымыз да бір» деп айтады. Шындығында солай, өткен ғасырдың 50-60 жылдарына дейін оңтүстік жұртының базары, білім алатын оқу орны Ташкент қаласы, ал саяхаты Самарқант, Бұқара қалалары болды. Әдет-ғұрпы мен менталитетінің ұқсас болуының бір себебі де осы. Ең алғашқы педагогтар дайындайтын қазақ жоғары оқу орны (Казинпрос - Б.А.) Ташкентте ашылғанын біреу білсе, біреу біле бермейді.

Діні бір, тілі бір, тарихы бір халықтардың интеграциялық байланыстарды үдетуіне ешкім кедергі емес. Тек өзара достық қатынас үшін ықылас пен ниет болса болды. Кеденнен Өзбекстан азаматтарына 1 мың долларға дейін кеден салығынсыз зат алып өтуге рұқсат етілді. Дүние алма-кезек емес пе, өзбек ағайындар Шымкенттің базарлары мен маркеттерін шарлап жүр, өздеріне қажет деген тауарларды көтере алып кетіп жатыр.

Қазақ пен өзбек достығы қазіргідей емес, тығыз ағайындық қарым-қатынаста болса, екі мемлекеттің ғана емес, Алты Алашты ұран еткен тұтастай түркі елдерінің мерейі әлдеқайда үстем болатыны сөзсіз.

Оқылды 292 рет