Қазіргі уақытта қала аумағында 24 жанар-жағармай станциясы жұмыс істеуде. Сонымен қатар, сұйытылған мұнай газын тұрғындарға жеткізуді 8 газ жеткізуші мекеме жүзеге асырып отыр. Бұл мекемелерге тиесілі 28 газ құю бекеті арқылы қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетілуде. Бүгінгі таңда қала аумағындағы жанар-жағармай бекеттерінде АИ-95, АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны жеткілікті мөлшерде бар, еркін сатылуда. Жанар-жағармай өнімдеріне тапшылық тіркелмеген, баға тұрақты деңгейде сақталуда.
Сонымен қатар, Түркістан қаласы бойынша сұйытылған мұнай газын сату мен тарату жүйесі де қалыпты жұмыс істеуде. СМГ және мұнай өнімдері бойынша тапшылық байқалмайды, жағдай тұрақты. Қала әкімдігі жағдайды ұдайы бақылауда ұстап отыр және тұрғындардың жанар-жағармай өнімдеріне қатысты сұраныстарын қанағаттандыру бағытында тиісті шараларды жалғастыруда.
"Жыл басынан бері Қазақстан ішкі нарықтағы жанар-жағармайға деген сұранысты толықтай дерлік өзі қамтамасыз етіп отыр. Елімізде қаңтар-ақпан айларында 1,1 млн тонна бензин өндірілсе, бұл - былтырғы жылмен салыстырғанда 20,8%-ға көп көлем. Бензин импорты, керісінше 8,1%-ға азайып, бар-жоғы 101,8 тоннаны құрады. Ал Қазақстанның өзі осы кезеңде 6,7 мың тонна бензин экспорттап, түгелімен Өзбекстан нарығына өткізген. Бензин бағасының көтерілуі алдағы уақытта көлік қызметтері мен жалпы нарықтағы басқа тауарлар бағасына әсер етуі ықтимал. Себебі бензиннің әрбір теңгеге қымбаттауы – түптеп келгенде, қарапайым халықтың қалтасына түсетін қосымша салмақ", - дейді сарапшылар.
Осы тұста түркістандықтарға баға белгілеу тәртібі және оны тағайындау тақырыбында азды-көпті түсінік бере кетсек. Бұл өз кезегінде халықтың кәсіптік және саяси сауатын арттыруға, экономикалық жан-жақтылығына үлкен әсері болар сөзсіз.
Нарық механизмінің басты элементтерінің бірі баға болып табылады. Кәсіпорынның алатын пайдасы, өндірістің шығындарын өтеу бағаға байланысты. Ол ресурстардың нақты өндіріске бағытын реттеп отырады.Бәсекелік нарық жағдайында тепе-тең бағалар қалыптастырылады. Ол ұсыныс пен сұраныс әсерінен қалыптасады. Аз шығындармен өнім өндіретін кәсіпорындардың өнімінің бағасы төмен болады. Бағаның негізі шекті шығындарға байланысты болады. Еркін бәсеке мен шекті шығындардың тепе-теңдігі баға шартында орындалады. Бағаның шекті шығындарға байланысты болуы сұраныстың өсуіне әсерін тигізеді. Сұраныс төмендеген жағдайда баға төмендейді. Сұраныс белгілі бір факторларға тәуелді болады.
Тұтынушылар өз қажеттіліктерін толық қанағаттандыру үшін ақша қаражаттарын тұтынады. Ұсыныс пен сұраныстың әсерінен ресурстарды өндіріс салаларына тиімді үлестіру арқылы баға тепе-тең қалыптасады. Бағаның тепе – теңдігі сұраныс пен ұсыныс сияқты бірнеше факторларға байланысты болады. Нарық жағдайының өзгерістері сұраныс пен ұсыныс өзгерістеріне әсерін тигізсе, сол сияқты жаңа тепе – тең мақсатты бекітуге де әсер етеді. Соңғысы тұрақты түрде ресурстарды тиімді қолдану бағыттары бойынша үлестіреді. Нарық тұтынушылардың төлем қабілеттіктеріне байланысты бір тауар түріне немесе қызмет түріне әр түрлі баға бекітуді ұйғарады.
Баға қалыптастыру шаруашылық қызметінің аса маңызды мәселесі болып табылады. Өйткені нарықтық баға сапа, сұраныс, ұсыныс пен өнім өндіру шығындары қатынасының шартты орташаланған нормативі түрінде болады. Өнімнің сапасы жоғары, ал шығындары төмен болса (сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі кезінде) шаруашылық қосымша пайда алады. Нарықтық нормативтерге сәйкес келмейтін шаруа шығындарға, тіпті банкротқа да ұшырауы мүмкін. Белгілі бір өнім бағасына әсер ететін барлық факторларды терең талдап анықтау нәтижесінде шаруа оның мақсаттары мен тапсырмаларын нақты анықтаудан басталатын бағақалыптастыру стратегиясын жасау мүмкіндігіне ие болады. Баға қалыптастыру үрдісінде ол түрлі мақсаттарға ұмтылады. Шаруа неғұрлым осы мақсаттарды айқын білсе, соғұрлым бағаны бекіту оңайға түседі. Шаруалар баға қалыптастырудың 3 басты мақсаттарын бөледі: өткізу, ағымдағы пайданы жоғарылату және қалыптасқан жағдайға негізделген мақсаттар.
Алдына өткізуді арттыруға негізделген мақсатты қойған шаруа, сату көлемінің жоғары болуына немесе бәсекелестермен салыстырғанда өзінің сату үлесінің артық болуына бағытталады. Ол осындай мақсаттарды келесі себептерге байланысты таңдайды. Біріншіден, ол нарықтың тығыз болуына немесе нарықты және тұрақты табысты бақылау жолындағы маңызды қадамның бірі - өткізудің өсуіне мүдделі. Екіншіден, ол өткізу көлемін арттыруға тырысады және үлкен жиынтық пайда алу үшін өнім бірлігінен түсетін табысты төмендетуге дейін баруға дайын болады. Үшіншіден, ол сату көлемі жоғары болса, оған қатысты шығындардың мөлшерін төмендетуге болады деп тұжырымдайды. Пайдаға негізделген мақсаттарға ие шаруа өз алдына ағымдық пайданың жоғары деңгейін мақсат етіп қояды. Ағымдық пайданы арттыру үшін ол бағалардың түрлі деңгейіне сәйкес шығындар мен сұранысты бағалап, олардың ішінен ағымдық пайданың жоғарғы түсімін және шығындардың максималды жабылуын қамтамасыз ететін бағаны таңдайды. Осындай жағдайлардың барлығында шаруа үшін ағымдық қаржылық көрсеткіштер ұзақ мерзімділерге қарағанда маңызды.
Ең жоғарғы баға сұраныспен, ең төменгі шығындармен анықталғанымен, шаруаның бағалардың орташа диапазонын бекітуіне бәсекелестердің бағалары әсер етеді. Егер нақты бір шаруаның өнімі басты бәсекелестің өніміне ұқсас болса, онда шаруа өз өніміне осы бәсекелес өнімнің бағасына жақын бағаны қояды. Әйтпесе ол өткізуді жоғалтуы мүмкін. Шаруа бәсекелеске қарағанда жоғары бағаны тек сапасы жоғары болған кезде қоя алады. Негізінен шаруа бағаны бәсекелестердің ұсынысына қатысты өзінің ұсынысын жайластыру үшін қолданады. Өнімді бөлу мен өткізу арналарын талдау барысында осы арналардың әрбір қатысушысы сату көлемін жоғарлату, пайданың жеткілікті үлесін алу, қайта сатып алуды қамтамасыз ету және нәтижесінде қойылған мақсатқа жету мақсатында баға белгілеуде маңызды орынға ие болуға тырысады. Осылайша шаруа бағаны толығырақ бақылай алады: монополиялық тауар қозғалысы жүйесін пайдалана отырып немесе өнімді төмен бағамен сататын бөлшек сауда арқылы өткізуді төмендету негізінде; өнім бағасын алдын-ала бекіту арқылы; меншік бөлшек сауда дүкендерін ашу арқылы және т.б.
Нарық қатынастарының жағдайында баға өте маңызды бірнеше қызметтерді атқарады.
- бағалардың есептеу және өлшеу функциялары. Барлық бағалық көрсеткіштерді жоспарлау мен есептеу экономикадағы әр түрлі бағалар жүйесі көмегімен жасалады: жалпы және тауарлы өнім, өнімді өндірудегі материалдық – қаражаттарға шығындар сомасы, таза пайда мен табыс және т.б.;
- бағаның ынталандыру функциясы. Өнім өндіруден пайда табу нақты тауар түрінің бағасы мен өндіріс шығындарына байланысты. Бағаның өсуі берілген өнім көлемінің ұлғаюын ынталандырады.
- бағаның үлестіру функциясы. Тауарлардың баға өзгерісі материалдарды басқа өндіріс пен салаларға қайта үлестіруді қажет етеді.
- бағаның реттеуші функциясы. Нарықта бағаның өсуі немесе төмендеуі сұраныс пен ұсыныс көлемін теңдестіреді, сонымен қатар нарық қызметтерін және тауар жабдықтауды қысқартады.
Баға қоғамда ресурстарды тұтынуда және халықтың әр топтарына кірістерді қайта үлестіруде бақылау құралы болып табылады. Әр аймақ арасында өнімді алып келу мен алып кету жолымен бағалардың теңдестіру функциясы орындалады.
Кез келген нақты бір баға түрі бағалық элементтердің қалыптасу процесіне байланысты. Құрамдас элементтер бойынша тауар бірлігінің (данасының) бағасы (Б) былай анықталады:
мұндағы: Өқ — тауардың өзіндік құны (тауар бірлігін өндіруге кеткен шығындар жиынтығы);
П — пайда;
ҚҚС — қосылған құнға салынатын салық мөлшері, оны мемлекет анықтайды;
Сү — делдалдың саудалық үстемесі, ол оның жеке шығындары, пайдасы және ҚҚС-тан тұрады.
Егер фирма акциздік тауарды өткізетін болса, онда тауар бағасы мынаған тең:
мұндағы: A — акциз, ол мемлекет арқылы белгілі бір мөлшерде алынады.
Сауда ұйымдарының үстемесі олардың жеке шығындарына, тауар түрінің сапасына, ерекшеліктеріне және қажетті еңбек көлеміне қарай 10-50% аумағында тағайындалады.
Баға тағайындаудың кезеңдері:
Алдымен, баға қоюдың мәселелері мен мақсаты анықталып, соған байланысты бар және әлуетті нарықтар мен сегменттер талданады.
Екінші кезеңде баға тағайындауға әсер ететін факторлар талданады. Ең жоғары бағаны анықтауға мүмкіндік беретін тауарға деген сұраныс деңгейін білу қажет. Осы мақсатпен әр түрлі бағаларға қатысты сұраныс икемділігі анықталып, оңтайлы баға деңгейі табылады, сұраныс және тұтыну сәйкестілігінІң графиктері салынады, бағалық емес факторлар әсері және тұтынушылар талғамының өзгеруі бағаланады. Сұраныс және икемділік коэффициенті жайлы ақпарат кәсіпорынның баға туралы дұрыс шешім қабылдауына көмектеседі. Баға белгілеудің келесі кезеңі тауардың ең төменгі бағасын сипаттайтын шығындар көлемін анықтауды көздейді. Мұның ыңғайын білу өзін-өзі ақтау нүктесін есептеуді, бәсекелестер шығындарын анықтап, мемлекеттің бағаға әсер ететін анықтауды талап етеді.
Шығындар құрамын бухгалтерлер «Бухгалтерлік есептің қазақстандық стандарттары» негізінде есептеп шығарады. Кәсіпорындарда шығындар құрамын анықтаған кезде жоғарыдағы құжатпен қатар «Өнім өндіру және оны сату шығындарының құрамы және пайданы қалыптастыру тәртібі туралы» Ереже де іс-әрекет етеді. Қазақстанда баға тікелей есептеумен (жұмсалған шығын тәсілімен) белгіленеді, ол барлық шығындарға пайданы қосып есептеуді көздейді. Мысалы, егер өнімнің жалпы өзіндік құны 100 мың тг, ал жылдық өнім шығару көлемі -200 дана болса, тауардың өзіндік құны 500 тг құрайды (100 мың тг: 200 дана). Шартты рентабельділік 30%-дан тұрады десек, тауар бірлігінің көтерме бағасы 650 тг болады (500 ТГ-К500 тг х 30%: 100%).
Нарықтық экономикасы дамыған елдердің кәсіпкерлері кері калькуляция жүргізеді, яғни, оларда қалыптасқан нарық бағасы бойынша пайда мөлшеріне емес, қажетті тауар санының жылдамдығына қарап қойылады. Белгілі бір күнтізбелік уақыт мерзімі ішінде шығындарды біртіндеп өтеу мүмкіншілігі «шығынсыздық нүктесі» деген ұғымды туды-рады. Бұл жағдайда бағаның анықталуы «шығынсыздық нүктесі» есебіне, тұрақты және өзгермелі шығындарды табуға негізделеді.
Баға және баға белгілеу нарықтық экономиканың негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Баға – күрделі экономикалық категория. Бағада іс жүзінде экономиканың жалпы коғам дамуының барлық негізгі мәселелері түйінделген және шоғырланған. Бұл тауарларды өндіру және сатып өткізу, олардың кұнын қалыптастыру жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) мен ұлттық табысты құру, бөлу мен пайдалануға қатысты болады.Барлық тауар-ақша қатынастары баға арқылы іске асады. Ең жалпы, абстракты түсінік бойынша, баға тауар құнының ақшалай көрінісі болады. Өз кезегінде, тауар құны оны өндірудегі қажетті қоғамдық еңбек шығындарымен анықталады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат