Аталған акцияға тұрғындармен қатар «Жасыл ел» еңбек жасақтары да қатысты. Жергілікті тұрғындардың ауызбіршілігі мен тазалыққа жанының құмарлығынан бұл ауданда мұндай тазалық жұмыстары жиі ұйымдастырылып тұрады екен.
Бүгін де тұрғындар өз аулаларында тазалық жұмыстарына бір кісідей жұмыла кірісті. Ауладағы шөптер шабылып, канал бойы тазартылды.
Орындықтар сырланып, балалардың ойын алаңшалары тазаланды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Жайшыбеков бүгінгі тазалық жұмыстарына қатысқан барлық азаматтарға алғыстарын білдіріп, ауланың таза болуы өзімізге байланысты. Біз әрқайсымыз тазалық мәдениетін алдымен өзімізден бастауымыз керек, сонда біздің жастарымыз да тазалықты сақтайтын болады дейді.
Айта кетейік, аталмыш шара Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында өткізілуде. Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізудің іс-шара жоспары бекітілді.
Экологиялық акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығында қала тұрғындары ерекше қолдау білдіріп, қоғам белсенділері, ерікті жастар, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына белсене қатысты.
Акция аясында 380 арнайы техника, 49 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Сонымен бірге, 282 шақырым көше бойы, 85 шақырым аяқ жолдары, 59 мың дана ағаштарды әктеу және қырқу жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде қаладан 300 тонна шамасында қоқыс шығарылды. 355 шақырым ирригациялық жүйе, 95 аялдама жуылып, 1200 дана қоқыс жәшігі (урна), 285 дана орындық сырланды.