Солардың қатарында шымкенттік спортшыларымыз да бар. Олар аламан жарысқа қатысу үшін спорттың 8 түрінен 12 лицензия жеңіп алды. Енді олар Париж төрінде ел намысын қорғау үшін бақ сынасып, өз өнерлерін көрсетеді.
Осыған орай қала әкімі Ғабит Сыздықбеков 33-ші жазғы Олимпиада ойындарына қатысушы қаламыздың спортшыларымен кездесті.
Кездесу барысында шаһар басшысы спорт саласы әрдайым мемлекеттің назарында екенін атап өтті .
Олимпиада ойындарына дайындалу үшін де барлық қажетті жағдай жасалғанын мәлімдеді. Ендігі міндет – қазақстандық спорттың әлеуетін барша әлемге тағы бір мәрте дәлелдеп, ел намысын қорғау екендігін айтты.
Кездесу соңында қала басшысы спортшыларға сәтті өнер көрсетуді және жеңіспен оралуды тіледі!
Қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, 4 бағытта жұмыс жоспарлары белгіленген. Дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50 %-ына дейін жеткізу – басты жоспарда.
Бүгінде үшінші мегаполисте 33 спорттық ұйым жұмыс істеп тұр. Оның 16-ы балалар-жасөспірімдердің және біреуі мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебі. Одан бөлек, жоғары спорт шеберлігіне арналған, Олимпиада резервін даярлау орталығы, кәсіби спорт клубы, су-спорт кешені мен мемлекеттік жеке әріптестік аясындағы спорт нысандары бар. Аталған мекемелерде спорттың 74 түрі дамытылып келеді. Оның 37-і олимпиадалық, 28-і олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрлері. Сондай-ақ 18 490 спортшы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізіп жатыр.