Жиында күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық «Отырар спорт клубы» КММ-нің директоры Жұмабай Сәрсенбаев баяндама жасап, өткен бес айда атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталды. Мекеме басшысы атап өткендей бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2024 жылдың 5 айында аудан аумағында 54 (1 облыстық, 53 аудандық деңгейдегі) бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 3730 адам қамтылған.
Мұнан соң аудандағы жастарды қолдау шаралары туралы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Досанов хабарлама жасады. Жалпы ауданда 14-35 жас аралығындағы жастар саны 15974 адамды құрайды. Жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту шаралары бойынша жыл басынан бері «Жастар практикасы» бағдарламасына 122 жас, қоғамдық жұмысқа 17 жас, алғашқы жұмыс орындарына 22 жас қамтылған. Одан бөлек жастар арасында жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар, «Отбасы банк» арқылы баспаналы болудың оңтайлы жолдары туралы және мектеп түлектерін «Серпін-2050» бағдарламасына қатысуға тарту шаралары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Мекеме басшыларының баяндамасын мұқият тыңдаған Жансұлтан Әділжанұлы жиын барысында жазғы демалыс кезінде жастардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып оларды аудан көлемінде өтіп жатқан іс-шараларға тарту, суға шомылу маусымында қауіпсіздікті сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жандандыру керектігін атап өтті.
Сондай-ақ, бұған дейінгі жиында көтерілген бірқатар өзекті мәселелердің орындалу барысы пысықталып, елді-мекендердің санитарлық тазалық жұмыстары мен Шәуілдір ауылындағы мектептің құрылыс жұмыстары талқыланды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов берілген жоспарлы тапсырмалардың орындалуына тоқталып, ауылдық округі әкімдері мен мекеме, бөлім басшыларына нәтижелі жұмыс жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат