Сенбі, 22 Маусым 2024 19:56

Түркістан: облыс әкімі құрылыс алаңдарын аралады

UEFA талаптарына байланысты 2024 жылдан бастап еліміздегі барлық стадионның астында жылу болуы керек. Ел стадиондарына деген талаптың күшеюіне орай UEFA-ның халықаралық талаптарына сай «Turkestan-Arena» стадионында жылыту және су бұру жүйелері орнатылды. Сондай-ақ алаң толық ауыстырылып, табиғи көгал төселді.

Жаңарған стадионда Қазақстан футбол федерациясы инспекциялау жұмыстары жақын күндері жүргізеді. Облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды стадиондағы жаңарту жұмыстарымен танысты. Жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берді.

Стадион алаңына Испанияда өндірілген жасанды көгал төселді. Жасанды төсем UEFA-ның барлық заманауи талаптарына сай келеді. 12 000 көрерменге арналған футбол алаңдары үшін халықаралық және ұлттық құрама командалары ойындарын ойнатуға рұқсат берілгенін ескерсек, «Turkestan-Arena» стадионына қосымша 5000 көрерменге арналған орындықтар қосу жоспарлануда. Айта кетейік, «Тurkеstan-Аrena» орталық стадионында 2022 жылы спорттың бірнеше түрінен облыстық, қалалық іс-шаралар, жергілікті футбол клубтары ел біріншілігінде футбол ойындарын өткізген.

Стадион футбол алаңынан бөлек спорт кешенінің қызметін атқарады. Кешен бокс, гимнастика, йога, ауыр атлетика, тренажер, фитнес залдарымен жабдықталған. Мұнда барлық спорт үйірмелерде балаларға тегін сабақтар ұйымдастырылған. Қонақтарға ыңғайлы болу үшін батыс бөлігінде үлкен асхана, ал шығыс бөлігінде фудкордпен қамтамасыз етілген.

Өңірде туристерге оңтайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Түркістан қаласында жеке инвестиция есебінен «Қолөнер орталығы» жобасы қолға алынды. Бұдан бөлек Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы «Күлтөбе» ескі қалашығы абаттандырылады. Облыс орталығында аумағы 11,8 гектар жерге аквапарк, вилла аймақтары қамтылған бес жұлдызды қонақүй салу жөнінде келіссөз жүргізілді. Сондай-ақ шетелдіктер қызығушылығын ескеріп, ұлттық ойындарымызды және туризмді дамыту мақсатында 99,3 гектар аумаққа ипподром нысаны салынады.

Сондай-ақ, облыс басшысы тұрғын-үйлердің құрылыс барысымен танысты. Бүгінде Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мердігерлермен кездесіп, бірқатар тапсырма берді. Сын-ескертпелер айтты.

Түркістандық кәсіпкерлерді қолдап, қажетті құрылыс материалдары мен есіктерді жергілікті шеберлерден сатып алуды ескертті. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аудара отырып, құрылыс қарқынын арттыруды тапсырды. Тұтас қалашыққа айналатын 20 көпқабатты тұрғын үйдің жалпы алаңы 145 мың шаршы метрге жуық. Жаңа үйлерден 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болады.

Облыс құрылғаннан бері өңірде 176 көпқабатты үй салынып, 40 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Сонымен қатар 232 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Түркістан қаласында 80 мыңнан астам тұрғынға инфрақұрылым жасақталып, тұрғын үй салынды. Жаңа шағын аудандар пайда болып, талай отбасының баспана мәселесі шешілді.

Биыл бюджет есебінен 41, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты үй салу жоспарланған. Жеке қаржы есебінен салынатын жер үйлер жоспары – 781,851 мың шаршы метр. Сонымен қатар 2024 жылы 191 үй салу жоспары бекітілді. 159 тұрғын үйді жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.

Тағы бір айта кетерлік жаңалық -Түркістандағы Достық үйі биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жаңа нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес салынып жатқан 4 қабатты ғимараттың құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығында бой көтеріп жатқан Достық үйінің құрылыс жұмыстарын да аралап көрді.

Нысанның кірпіші қаланып, сыртқы инженерлік желілері толық жүргізілген. Облыс әкімі құрылыс сапасына басты назар аударуды, құрылыс материалдарының сапасы мен ішкі дизайнына ерекше мән беруді тапсырды.

Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы жаңа үлгідегі «Достық үйі» ғимаратының жалпы алаңы 3912,29 м2. Этносаралық татулықтың ұйытқысына айналатын жаңа ғимараттың құрылысы биыл күзде толық аяқталады деп жоспарланған. Жоба бойынша ғимарат төрт қабаттан тұрады және құрамында мәжіліс залы, этнос өкілдерінің орталықтары орналасады. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне байланысты тақырыптық ішкі әрлеу жүргізіліп, қажетті экспонаттар қойылады.

Айта кетейік, өңірде 50-ден аса этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Түркістан облысындағы 11 этномәдени бірлестік мемлекеттің өркендеуіне үлес қосып, қазақстандық толеранттылық үлгісін көпке үлгі етіп келеді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 71 рет