Сейсенбі, 02 Шілде 2024 15:51

Түркістан облысында 6 айда 2,5 млн ірі және ұсақ малдан сынама алынды

Түркістан облысында Ветеринария басқармасына қарасты «Ветеринариялық қызмет» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын жұмыс атқаруда. Аталмыш кәсіпорында 2 мыңға жуық маман бар.

Эпизоотиялық іс-шараның профилактикасы бойынша төрт түлік пен үй жануарларына 16 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы іс-шаралар жүргізіледі. Оның ішінде 13 ауруға қарсы вакцина егілсе, 2 ауруға аллергиялық тексерілу, 1 ауруға дегельминтизация жүргізіледі. Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы саладағы жұмыстар мен кемшіліктер талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Ветеринария саласына қаржылай қолдау күшейтіліп, көмек беріліп жатыр. Бірақ әлі де кемшіліктер бар. Жұмысты жүйелеңіздер. Вакциналар жеткізу бойынша мемлекеттік тапсырыс процедураларын жылдамдату, мерзімінде жеткізу, малды уақтылы вакцинациялау аса маңызды. Кене шағу деректері де азамай отыр. Төрт түлік арасында кездесетін аса жұқпалы аурулардың алдын алу керек. Бұл ет экспортына да тікелей әсер етеді. Ветаринарияға жауапты басқарма мен инспекция, аудан, қала әкімдері осы саладағы жұмыстарын күшейтсін, – деген Дархан Сатыбалды ветеринариялық лабороториялардың жауапкершілігін көтеру және өзге де мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен бірге Сайрам ауданындағы мал қалдықтарын тастайтындарға қарсы күресті күшейтуді тапсырды.

Түркістан облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Тоқсейіт Елекеевтің айтуынша, 2024 жылы аса қауіпті ауруларға қарсы 30,9 млн. доза вакцина егу жоспарланып, жыл басынан 15,5 млн. доза вакцина аудан, қала орталығындағы уақытша сақтау қоймаларына жеткізіліп, бүгінгі күнге 6 айдағы жоспардың 78 % орындалды. Оның ішінде: құтыруға қарсы – 380,9 мың, аусылға – 5 119,1 мың, сібір жарасына – 3 508,0 мың, нодулярлы дерматитке – 296,4 мың, брадзот – 506,3 мың, пастереллезге – 93,5 мың, қарасанға – 324,8 мың, лептоспирозға – 74,2 мың, листериозға – 18,2 мың, күлге – 1074,6 мың, обаға қарсы 581,0 мың вакцина егілген. Құс тұмауына қарсы 617,1 мың бас үй құсына ауруларға қарсы вакцина егіліп, 291,0 мың бас ірі қара мен түйе туберкулезге, 13,4 мың бас жылқы маңқа ауруына аллергиялық тәсілмен тексерілді және 264,0 мың ит эхинококкозға қарсы дегельминтизацияланған.

Эпизоотиялық іс-шараның диагностика бойынша 6 айда 623,5 мың бас ірі қара және 2172,4 мың бас ұсақ малдан қан сынамаларын алу жоспарланып, бүгінгі күнге 520,4 мың бас ірі қарадан, 1 811,4 мың бас ұсақ малдан қан сынамалары алынып, ветеринариялық зертханаларда тексерілген. 2024 жылы «сібір жарасы» ошақтарын күтіп ұстау, залалсыздандыруға жергілікті бюджеттен 4,6 млн теңге қаржы бөлініп, 310 ошақтың 3% каустикалы ерітіндімен залалсыздандырылып, арнайы белгілері орнатылды.

Түркістан облысында Қырым қанды қызбасы ауруына қарсы жұмыс жүруде. Көктемгі кезеңде 1 595,7 мың бас ірі мал бүркілді, 5 197,0 мың бас ұсақ мал тоғытылды және 39,3 млн шаршы метр қора жайлар мен жапсарлас аумағын, 15,1 млн шаршы метр мал иірімдері, суаттар, және 7,2 млн шаршы метр сыртқы қоражайлар толығымен залалсыздандырылған. Жыл басынан 20 966 бас ит пен мысық чиптеліп, «Танба» дерекқор базасына енгізіліп, есепке алынған. Ветеринария саласын жандандыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 99 рет