Сенбі, 20 Шілде 2024 12:30

Түркістан: барлық өтініштер заң аясында зерделенетін болады

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков алдын-ала бекітілген кестеге сәйкес тұрғындармен кезекті кездесуін «Отырар» секторынан бастады.  Атқарылған жұмыстарды баяндап өткен Нұрбол Әбдісаттарұлы қаланы дамытуда тұрғындар белсенділігі маңызды екеніне тоқталды.

Кемшіліктерді анықтауда, жұмысты жүйелеуде азаматтық жауапкершілік танытып жүрген тұрғындарға алғысын білдірді. «Мәселе тоқтамайды, мәселе түрленеді. Ол тіршіліктің заңдылығы. Сіздер ұсыныстарыңызды айтыңыздар, біз жұмыс істейміз» - деді шаһар басшысы өз сөзінде.

«Отырар» тұрғын алабында Түркістан қаласының әкімімен кездесуге келген тұрғындардың басым көпшілігі Жаңа қала аумағындағы көпқабатты үйлердің сапасына қатысты, ойын алаңшалары бойынша бірнеше мәселе көтерді.

Бұл бағытта қала әкімінің ұйымдастыруымен соңғы 2 жылда бірқатар жұмыстар атқарылды. Арнайы штаб құрылып, жұмысшы топтар жасақталды. Нәтижесінде 89 көпқабатты үй зерделеніп, 37 ақаулық акті түзілді. Әкімдік тарапынан 13 мердігерге хат жолданып, кемшіліктер қалпынакелтірілді. Ал, 4 мердігер мекемеге соттың шешімімен айыппұл салынса, 7 мердігер мекеменің сот шешіміне сәйкес есеп шоттары бұғатталды.

«Барлық жұмыстың өз заңдылығы бар. Осы ретте баспана сапасына қатысты “әкімдік қалай қабылдаған” деген сұрақтар туындап жатады. Құрылыс сапасын техникалық қадағалаушы, авторлық бақылаушымекемелер тексеріп, қорытынды береді. Сол қорытынды негізінде құрылыс нысандары қабылданады. Қазіргі таңда қолданыстағы заңға сәйкес мердігер мекемелер кепілдік мерзіміне сәйкес ақаулықтардытүзету жұмыстарын жүргізуде. Кепілдік мерзімі 5 жыл.

Біз үшін тұрғындардың жайлылығы маңызды. Олқылықтарға жол бермеу үшін мен құрылыс барысында азаматтық бақылауды күшейтудітапсырған болатынмын. Қазіргі таңда қала аумағында белсенді азаматтардың қатысуымен қадағалау жұмыстары күшейтілді. Нысандарды қабылдау алдында біз Сіздердің пікірлеріңізді тыңдаймыз», - деді Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков. Тұрғындардың талап-өтініштерін саралай келе қала әкімі сұрақтарға толымды жауап беріп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Жалпы, облыс орталығы мәртебесін иеленгелі Түркістан қаласының даму қарқыны күшейді. 2020 жылы шаһар көшелерінің 44,6% жарықтандырылған еді. Ал 2022-2023 жылдар аралығында атқарылған жұмыстардың нәтижесімен қала аумағындағы жарықтандыру көрсеткіші 80%-ды құрады. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы құрылысы жоспарланған 218 көшедегі жұмыстар аяқталған соң, қала көшелерінің жарықтандырылуы 95%-ға жетеді. Бұл шаһар тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен қаланы көрікті ету мақсатында жасалып отыр.

Сондай-ақ қала аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1050 жол белгісі орнатылып, 70-ке жуық көше, мектептер мен балабақшалардың жол таңбаларын жаңарту жұмыстары жүргізілген. 39 орынның жасанды жол кедергілері жаңартылған. Жолдаушыларды заңсыз тасымалдаған қоғамдық көліктерге 25-тен аса хаттама толтырылды.

Түркістан қаласында көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстары да кестеге сай жүргізіліп келеді. Қала аумағында орналасқан базарлардың тазалығы да тұрақты бақылауға алынған. Бұл жұмыстарға жауапты мекеме және жауапты қызметкерлер бекітіліп, екі ауысыммен жұмыс жасап жатыр. Бірінші ауысымға 2 арнайы техника жұмылдырылып, 15 қызметкер тартылған. Ал екінші ауысымда 3 арнайы техника және 8 адам тазалық жұмыстарын атқаруда.

Түркістан қаласында орналасқан сауда орындарының иелерінің ұйымдастыруымен әр аптаның дүйсенбі күні әктеу, сырлау және тиесілі аумақты тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, базарлардың аумағында қосымша 71 қоқыс жәшіктері орнатылған.Адам көп шоғырланатын сауда орындарының айналасын күл-қоқыстан таза ұстау және санитарлық нормалардың сақтау бойынша базар басшылығына арнайы хаттар жолданды.

Айта кетейік, түркістандық тұрғындар, кәсіпкерлер мен сала өкілдері өз аймақтарында тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұрады. Сондай-ақ әр салаға тазалық күні бекітілген.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 221 рет