Сәрсенбі, 17 Шілде 2024 23:37

Шымкентте 300 отбасы тұрғын үй сертификаты арқылы баспаналы болады

Жергілікті бюджеттен ипотекалық негізде  тұрғын үй сатып алушыларға жалпы сомасы 300 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификаты беріледі. Әзірге сертификатқа өтінімдер қабылдау басталған жоқ.  Хабарландыру қала әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында, бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала жарияланатын болады. 

Тұрғын үй сертификаты мемлекеттік бағдарламасы аясында несие  негізінде «2-10-20», «5-10-20»  бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде банктің ипотекалық қарыз шартын мақұлдау хатын алған соң беріледі.  Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 млн теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған. 

Бұдан бөлек жыл басынан бері  200 млн. теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру бойынша ағымдағы жылдың 22 қаңтарынан бастап азаматтардан құжаттар қабылданып, 218 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілген болатын. Бұл қолдауды 76   1,2 топ мүгедектігі бар азамат, 16 толық емес отбасы, ерекше бала  асыраушы  49 отбасы, бюджеттік мекемелердің 40 қызметкері, 30  көпбалалы отбасы, 7 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар иеленді.

Айта кету керек, 2023 жылы қайтарымсыз негізде 148 отбасы  тұрғын үй сертифаттары арқылы ипотекалық баспанаға қол жеткізген болатын.

 Айта кетейік, Шымкентте мұндай сертификаттар 2019 жылдан бері беріліп келеді. 2019 жылы 21 азаматқа 20,4 млн теңгенің сертификаттары берілсе, 2020 жылы 101 азаматқа жалпы құны 100 млн теңге болатын сертификат берілген. Ал 2021 бұл мақсатқа 300 млн теңге қарастырылған. 2022 жылы  тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралды. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 млн. (бір миллион) теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған.

 

Оқылды 176 рет