Бейсенбі, 11 Шілде 2024 10:47

Түркістан облысы: Кентауда 60 адамды жұмыспен қамтитын жаңа сауықтыру лагері іске қосылды

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «URKER» жазғы сауықтыру лагері іске қосылды. Жоба құны 400 млн теңге болатын кешенде 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылады. Демалыс аймағының ашылу салтанатына қатысқан Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов тұрғындарды құттықтап, балаларға жазғы демалысты жақсы өткізуге тілектестігін білдірді.

- Жазғы демалыста осы лагердің іске қосылғаны біз үшін де, балалрымыз үшін де қуанышты жағдай. Енді балаларымыз жазғы уақыттарын ата-анасынан жырақта емес, жақын маңайдағы табиғаты керемет лагерде демалатын болады. Демалып қана қоймай, денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік болады. Осындай игі істі қолға алған азаматтарға алғысымыз шексіз, - деді қала әкімінің орынбасары.

«URKER» жазғы сауықтыру лагерінде 450 бала үш ай бойы тынығады. Мұнда балаларға жаз бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Лагерь аумағында бассейн және түрлі спорт алаңдары орнатылған. Жалпы аумағы - 20 гектар. Алдағы уақытта бұл жерден қосымша тағы 300 балаға арналған ғимарат бой көтермек. Одан бөлек, жеке кәсіпкер демалыс аймағын, гольф алаңын, үлкен бассейн, ипподром, этно ауыл және үлкен теннис алаңын салуды жоспарлап отыр.

Жалпы, Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында 22 жазғы сауықтыру лагері (7 мемлекеттік, 15 жекеменшік) қызмет көрсетеді деп жоспарланған болатын. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35482 оқушы бюджет есебінен тегін демалса, 20 мыңға жуық оқушы ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады.

Таяуда облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды лагерлердің жұмысын қатаң қадағалауды және балаларға жақсы жағдай жасауды тапсырғанын айта кеткен жөн.– Лагерлердің инфрақұрылымы, тамағы, жатын орны бәрі талапқа сай болуы тиіс. Суы, қоршаған ортасы, ауасы таза әрі денсаулықты нығайтуға қолайлы болғаны жөн. Тағы да тексеріп, пысықтап шығыңыздар. Екіншіден, лагерлердің күзет қызметін, жалпы қызметкерлерін тәжірибелі мамандармен қамтыңыздар. Балалардың қауіпсіздігі бірінші орындағы мәселе. Осы салаға жауапты басшыларға биылғы демалыс маусымын мазмұнды әрі сапалы өткізуге, балалардың алаңсыз тынығуына жағдай жасауды тапсырамын, – деді сол жиында Дархан Сатыбалды.

Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың айтуынша, қала сыртындағы лагерлер маусым айынының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетіп келеді. Сондай-ақ Түлкібас пен Төлебидегі «Самал» және отбасылық үлгісіндегі балалар ауылы лагерінде облыстағы 2 отбасылық үлгісіндегі балалар ауылындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады. Тәртібі бойынша мектепішілік және полиция есебінде тұратын 1100 оқушы Төлеби ауданында орналасқан «Тау барысы» лагерінде шатырлы лагермен қамтылады. Ал жаз айларында 266 оқушы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерлерінде тынығады.

Балаларды жазғы сауықтырумен қамтамасыз ететін лагерлер бейнебақылау жүйелерімен, күзет қызметімен, байланыс құралдарымен, өрт дабылдарымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылатын дабыл батырмаларымен жабдықталған. Жазғы сауықтыру лагерлерінде балалар қауіпсіздігі үшін күзет агенттіктері қызмет көрсетеді және орналасу ауданына қарай полиция қызметімен бірлескен жұмыстар жүргізеді.

Сонымен қатар, өңірде мектеп жанындағы бір мезгілгі тамақпен қамтитын 350 лагерь (105 987 оқушы қамтылады) және 648 ойын алаңшасы (214 654 оқушы қамтылады) балалар үшін қызмет көрсетеді. Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 108 мың оқушы көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығының жұмысына көмекші ретінде қатысуда. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 446 педагог қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, 80 колледж студенті дуалдық білім беру шеңберінде тартылған.

Оқушылар үшін мәдени-ағартушылық, әскери-патриоттық және спорттық бағытта 83 облыстық іс-шаралар тізбесі бекітілген. Жаз айларында «Ұлттық мектеп лигасы» жарысы, «Жас құтқарушы» сайысы, «Айбын» әскери-патриоттық жиыны, «Ашық алаң» дебаттық үйірмелері, ұл және қыз балалар арасындағы облыстық футбол турнирі, «Интелектуалды ұлт» мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы шахмат турнирі, «Менің аулам» әлеуметтік жобасы, «Жасыл сақшы» және «Тұран скауттары» жобалары іске асырылады.

Жаз мезгілі - мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана - сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі.Бастауыш және орта буын сыныптарының балалары үшін бұл уақыт - табиғатпен ерекше үндестік тауып, дүниетаным аясы кеңейетін, көзқарас қалыптасып, үйренуге ықыласы артатын жылдың тамаша мезгілі. Жаз мезгілінде оқушылардың өзінің шығармашылығымен айналысуға, қабілеттерін арттыруға мүмкіндік беретін - балалардың күндіз келіп демалатын мектеп жанындағы жазғы лагерь ұйымдастырылуда.

Жазғы сауықтыру лагері – ерекше романтикалық стилі мен сарыны бар өзгеше өмір сүру сатысы, жаңа режим. Балалар бұрынғы өмір салтынан айырмашылығы бар басқа ұжымда өмір сүріп, қызмет жасай бастайды. Әр түрлі ойындар, ойын-сауықтар, сабақтарды таңдау еріктілігі, бір жыл бойы шығындалған күш-қуаттың орнын толтыру, бала денсаулығын қалыпқа келтіру, балалармен еркін қарым-қатынас жасау – мұның барлығы баланың шығармашылық әлеуетін ашуға ықпал етеді.

Жазғы лагерь денсаулықты нығайту, дене күшін дамыту, біліммен және жаңа әсермен толығу үшін оқушылардың жазғы демалысын барынша тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Мұндай белсенді демалыс түрі уақытша балалар ұжымының дамып, бірігіп жұмыс жасауына ықпал етіп қана қоймай, оқушының әлеуметтік зиятының дамуы және кез-келген ұжымда алған өзара қарым-қатынас жасау тәжірибесін қолдану, соның ішінде оны келесі оқу жылында қолдану үшін негіз болып табылады. Бейресми қарым-қатынас жасау үшін үлкен мүмкіндіктер пайда болады. Бейресми жағдай балалардың дербестілігін ұйымдастыру мен дамытуға, жеке қабілеттерін тәрбиелеуге, белсенділігін қалыптастыруға, әр түрлі білік, дағдыларды үйренуге мүмкіндік береді.

Жазғы уақытта қалада қалатын балалардың жұмысбастылығы жасөспірімдердің бақылаусыздығының алдын алу және бейәлеуметтік мінез-құлқының превентивті түрі ретінде үлкен рөл атқарады. Осылайша, жазғы сауықтыру демалысын дұрыс ұйымдастыру өсіп келе жатқан балалардың ағзасын физикалық және психологиялық тұрғыдан нығайтуға, таңдалған қызмет бағыты бойынша үйірмелерде жұмыс жасау нәтижесінде жаңа білік, дағдыларды үйренуге мүмкіндік береді.

Балалардың жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру мақсаты: балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайту, сондай-ақ жеке тұлға шығармашылық тұрғыдан өз болмысын көрсету үшін жағдайлар жасау; әр түрлі қызмет түрлерінің негізінде балалар мен жасөспірімдердің өзіндік дамуы, өзін-өзін тануы үшін жағдайларды қамтамасыз ету; балалар ұжымын қалыптастыру және біріктіру; дербестілікті, белсенділікті, жасаған таңдау үшін жауапкершілікті дамыту; сауықтыру және профилактикалық шараларды іске асыру.

Міндеттер: ойындық жағдайды талдау негізінде табыс жағдайын үлгілеу және жасау; қызмет саласын саналы түрде таңдау, өз мүддесін білдіру, өзінің әрі қарайғы даму перспективаларын белгілеуге үйрету; балалардың шығармашылық әлеуетін ашу; өзара түсінісу, ынтымақтастық, ізгі ниеттілік, қуаныш негізінде қолайлы климатты қалыптастыру; балалардың өз замандастарымен қарым-қатынас жасау мәдениеті мен балалардың, жасөспірімдердің табысты әлеуметтенуіне ықпал ететін толеранттылықты дамыту; өз денсаулығына күтіммен қарауды қалыптастыру; оқушылардың қоршаған орта туралы түсініктерін толықтыру, ой-өрістерін кеңейту.

Жазғы сауықтыру лагерь қызметінің негізгі қағидалары - ұжымда сенімділік, білуге және дамуға талпыну атмосферасын қалыптастыру. Әр тұлғаның ерекшеліктерін есепке алу. Жасөспірімдердің жазғы уақытта барынша бос болмауы. Тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің табысты өзара қарым-қатынасы. Ұжымдық қызмет. Балалар лагері жағдайларында баланы өзін-өзі іске асыруы.

Жалпы, жазғы сауықтыру лагерінің қандай пайдасы бар? Осы туралы кеңірек айта отырсақ. Жаз маусымы басталысымен балаларын түрлі лагерьлерге жібергісі келетін ата-аналардың уайымы көбейеді. Бірі балаларының лагерьге барғанын дұрыс, бірі бұрыс көреді. Шын мәнінде жазғы лагерь қаншалықты қызықты әрі қауіпсіз? Ата-аналардың уайымы орынды ма?

Егер балаңыз жан-жағымен тез тіл табысып кете алатын болса, онда оның лагерьдегі әр күні қызықты өтпек. Әдетте лагерьге әр түрлі қалалардан, әр нәрсеге қабілетті балалар келеді. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай, балаңызбен әңгімелесіп, оның кез келген адаммен сөйлесу қабілетін дамытуына көмектеседі.

Жазғы лагерь – бұл тек демалатын жер емес. Лагерь – әр түрлі жарыстарға қатысып, баланың ашылмай жүрген талантын, белгілі бір қабілетін ашатын орын. Жарыстардан бөлек онда балалар өздері концерттік қойылымдар ұйымдастырып, спорттық ойындар ойнайды. Онымен қоса жазғы сауықтыру лагерьлерінде балалар топпен жұмыс істеуге, көпшіліктің ортасында өзін көрсетуге бейімделеді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 69 рет