Бейсенбі, 11 Шілде 2024 12:16

Созақ ауданы: мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша қоғамдық қабылдау өтті

Мемлекеттік органдардың ашықтығын көрсету мен халық қажеттіліктерін қанағаттандыру, заң шеңберінде тиісті уәкілетті органдар арқылы мәселелерді шешу және жүгінген азаматтарға құқықтық көмек ұсыну мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚТО бойынша филиалы Созақ аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында аудан тұрғындарына мемлекеттік көрсетілетін қызмет саласы бойынша қоғамдық қабылдау өтті. Аталған шараға Созақ ауданы әкімдігінің мемлекеттік қызмет көрсету саласына жауапты дербес бөлім қызметкерлері қатыстырылды.

Қабылдау барысында аудан тұрғындарының мемлекеттен дипломмен ауылға бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақы алу, құрылыс және сәулет құжаттарын дайындау, тұрғын үй алу, жер құжаттарын заңдастыру, ауыл шаруашылық техникаларын алу және әлеуметтік көмектерді алу сияқты өзекті сұрақтарына тиісті сала мамандарымен жауаптар берілді.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің қоғам өмірінің барлық салаларын  қамтитыны белгілі, соның ішінде азамат дүниеге келген кезден бастап барлық өмір сүру кезеңінде мемлекеттік қызметтерді алу барысында мемлекетпен тығыз байланыста болады.

Елімізде 1323 мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болса, оның ішінде 400-ге жуығы облыстық деңгейде көрсетіліп отыр. Осы ретте, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын қадағалау, қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттерімен жүзеге асырылады. 

Өз кезегінде, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті облыс көлемінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау, халыққа сапалы қызмет көрсету, оған қолайлы жағдайлар жасау және қызмет көрсету рәсімдерін жетілдіру және қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағыттарында жүйелі жұмыстарды атқаруда.

2023 жылы Департаменттің қарауына мемлекеттік қызмет көрсету мәселері бойынша 157 арыз түссе, олардың ішіндегі басым бөлігі яғни, арыздардың 42% жер қатынастары, геодезия және картография салаларына тиесілі болып отыр. Мәселен, Департамент жер учаскесін ақпараттық жүйеде келісуге қатысты 3 (үш) қызмет алушының шағымдарын жоспардан тыс тексеру арқылы қарады. Нәтижесінде, қызмет беруші ұйым аталған азаматтардың біреуіне 2 айға жуық жауап бермегені, ал басқаларына қызмет көрсетудің мерзімдерін сақтамай жауап ұсынғаны анықталды.

Тексеру нәтижесімен, қызмет алушылардың жер учаскелері ақпараттық жүйеде келісіліп, құқықтары қалпына келтірілді. Аталған келісім азаматтарға болашақта жер учаскесіне арналған актіні алуға мүмкіндік береді. Лауазым иелерінің азаматтарға мемлекеттік қызметтерді сапасыз ұсынуы, негізсіз бас тартуы, әуре-сарсаңға салуы, олардың мемлекеттік ұйымдар мен қызмет көрсетуші мекемелерге деген сенімсіздігін тудыруы мүмкін екенін ескеру қажет.

Дегенмен, мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол бермеу қағидаларын ұстанбау деректері кездеседі. Ағымдағы жылдың өзінде-ақ, Департаментке мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша азаматтардың 30-дан аса арыз шағымдары келіп түсіп, олардың ішінде 6 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.

Ағымдағы жылы қашықтан жүргізілген мониторинг нәтижесінде мемлекеттік орган комиссия құрымының толық жиналмауын алға тартып, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті бірқатар қызмет алушылардың жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден негізсіз бас тартқаны анықталды. Анықталған бұзушылықтар бойынша аумақтық департамент тарапынан ден қою шаралары нәтижесімен кәсіпкерлердің өтініштеріне мемлекеттік органмен жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулылар беріліп, қызмет алушылардың құқықтары қалпына келтірілді.

Осы бағыттағы үздіксіз жұмыстардың нәтижесінде 700 ден аса бұзушылықтар анықталып, 34 қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылып отыр. Жалпы азаматтар мемлекеттік қызмет алу барысында мемелекетітк органдар мен қызметшілер тарапынан негізсіз бас тарту, әуре-сарсаңға салу, артық құжаттар сұрату, өтініштерді қабылдау, заңнамалармен көзделмеген талаптар қою сияқты т.б. деректермен Департаментке өтінішпен жүгіне алады.

Осы тұста, шағымдану тетіктерін оңтайландыру және қызмет көрсету мәселелері бойынша кері байланысты жеделдету мақсатында «Департаменттің сенім телефоны» көрсетілген ақпараттық баннерлер облыстың барлық ХҚКБ, Мамандандырылған ХҚКБ, Жер кадастры және тіркеу, Әлеуметтік сектор бөлімдеріне, аудан, қала, ауыл округ әкімі аппарттарына, қызмет көрсетуші барлық ұйымдар ғимаратының көрнекі жерлеріне орналастырылды.

Орташа есеппен күнінен 5-10 азаматтар Департаменттің сенім телефонынан хабарласу арқылы өздерінің сұрақтарына жауаптар алуда. Сол сияқты, қызмет көрсету мәселелері бойынша арнайы телеграм каналы іске қосылып, онда барлық қызмет көрсетуші мекемелердің қызметшілері мен ерік білдірген қызмет алушылар қосылған. Аталған алаңда, қызмет алу кезіндегі кез-келген сұрақтар мен ұсыныстар айтылса, жауапты қызметшілер тарапынан тиісті консультациялар беріліп, қатысушылар тарапынан жағымды бағалар мен пікірлер берілуде.

Осы орайда, Мемлекет тарапынан азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы мен сеніміне ерекше басымдық берілгенін және сервисті және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппарат құру, мемлекеттік қызмет көрсету барысында бюрократия мен әуре сарсаңның көрінісіне жол бермеуге бағытталған шаралардың бірден бірі екендігін атап өткен жөн. Жоғарыда аталғандарға сүйене отырып, Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді сақтау жолында, өңір тұрғындарының  сапалы мемлекеттік қызмет алуы Департамент қызметінің басымдықтарының бірі болып табылады.

Егемендік алғаннан бергі жылдар ішінде мемлекетіміздің жүргізген саясатының арқасында қоғам дамуыны­ң барлық­ саласында түбегейлі өзгерістер болды­. Соның ішінде мемлекет­тік органдардың тиімді жүйесі мен құрылымы жасалып, мемлекет­ті басқарудың ұтымды үлгісі іске қосылды. Қазіргі таңда заман талабына сай аталмыш жүйені жетілдіру қажеттілігі туып отыр. Мемлекеттік кадр саясатын қалып­тастыру, халықтың мемле­кет­тік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыр­у бағы­тында­ игі бастамалар жүзеге асырылуда.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы — мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып табылады. Мемлекеттік қызмет көрсету барлық саланы, соның ішінде азамат дүниеге келген кезден бастап барлық өмір сүру кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсету бойынша мемлекетпен тығыз байланыста болатындығы белгілі. Осының негізінде азаматтар мемлекеттің қызметіне толықтай тәуелді, яғни мемлекеттік қызмет көрсетуші органдардың басты мақсаты азаматтардың өмір сүруіне тиісті жағдай жасау. 

Электронды үкіметті дамыту, халықтың ком­пьютерлік сауаттылығын көтеру, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жақсарту, сол арқылы мемлекеттік қызмет сапасын арттыру жөнінде мемлекет басшысы жыл сайын тапсырмалар жүктеуде. Олардың орындалуы – басты назарда. Мемлекет басшысының мұндай саясаты еліміздің одан әрі өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының ар-туына, сыбайлас жем­қорлық көріністері мен бюрократтық тосқауылдардың азаюына негіз болатыны анық. Яғни ендігі жерде мемлекеттік қызмет көрсету сапа­сы мемлекеттік қызметшілер жұмысы тиім­ділігінің басты көрсет­кіші болады және ол мемлекеттік тұтынушы ретінде тікелей халыққа арналуы тиіс.

2013 жылдың 15 сәуір күні «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңы қабылданды. Қабылданған Заң  талаптары көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша жаңа көзқарастарды қалыптастырып, негізінен қызмет алушы  және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, мемлекеттік  қызмет алушы көрсетілген қызмет сапасымен  қанағат тұтпайтыны, шағымдар болатынына байланысты,  олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында Заңда көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне шағым беру тәртібіне қатысты нормалар енгізілген. Ал мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына бақылау жасау мен оны бағалау ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және оның аумақтық құрылымдарына берілген. Яғни, уәкілетті органға қызмет беруші мен қызмет алушыға қанағаттанбау себебін анықтауға бағытталған кешенді  зерттеулер жүргізу, мемлекеттік органдар  тарапынан мемлекеттік қызметтер көрсетілу заңнамасын сақтамау, уақытылы бақыламау мен қызмет алушылардың шағымдарын толық әрі уақытылы қанағаттандырмау себептерін зерттеу жұмыстарын жүргізу міндеттелген.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде халықтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету белгілерінің бірі болып әкімшілік кедергілерді азайту, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету болып табылады.

Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметтің қоғам өмірінде үлкен орын алады. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының деңгейі еліміздің экономикалық және әлеуметтік көрсеткіші болып табылады. Осыған байланысты, көптеген шет мемлекеттер мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жоғары болуына және осы саланың дамуына үлкен мән береді.

Жалпы мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз не?

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз — көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі.

Мемлекеттік қызметтер көрсетудің негізгі қағидаттары:

— көрсетілетін қызметті алушылардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуі;

—   мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол бермеу;

— мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы есеп берушілік және ашықтық;
— мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі;
— мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіру;

— мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі үнемділік және тиімділік.

Жоғарыда атап өткендей, мемлекеттік көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттеріне сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетуге міндетті.

Негізінде көрсетілетін қызметті берушілердің мемлекеттік қызметтер көрсетуіне қойылатын талаптары және оларды көрсету тәртібі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарты мен регламентінде айқындалады.

Стандарт және регламент дегеніміз не?

Стандарт дегеніміз — мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды белгілейтін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету процесінің, нысанының сипаттамаларын, мазмұнын және нәтижесін қамтитын нормативтік құқықтық акт.

Ал, регламент — мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын сақтау жөніндегі талаптарды белгілейтін және көрсетілетін қызметті берушілер қызметінің тәртібін, оның ішінде мемлекеттік қызметтер көрсету процесінде өзге де көрсетілетін қызметті берушілермен, Мемлекеттік корпорациямен өзара іс-қимыл, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді пайдалану тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт болып табылады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 108 рет